Мбаппе «Қайратқа» қарсы ойынды қосалқы құрамнан бастауы мүмкін

Тарихи «Қайрат» – «Реал» матчының басталуына санаулы сағат қалды. Дегенмен, мадридтік клубтың басты жұлдызы Килиан Мбаппе алғашқы минуттарда алаңға шықпауы ықтимал. Бұл туралы Defensa Central хабарлады.
Мадридтік команданың ішкі жағдайы соңғы аптада ушыға түсті. «Атлетикодан» 2:5 есебімен ойсырай жеңілу «Реалдың» басты проблемасын ашып берді. Команда шабуылда Мбаппеге тым қатты тәуелді. Француз футболшысы маусым басынан бері 10 гол соғып үлгерді (сегізі Ла Лигада, екеуі Чемпиондар лигасында). Ал оның әріптестері айтарлықтай артта қалуда.
Винисиус Жуниор, Арда Гюлер, Франко Мастантуньо мен Эдер Милитао ғана гол авторлары қатарында. Ал Родриго, Браим Диас, Феде Вальверде және Орельен Тчуамени әзірге шабуылда өздерін көрсете алмай жүр. Сондықтан Мбаппе ойынды қосалқы құрамнан бастаса, «Реалдың» нәтижесі бүкіл команданың ортақ жауапкершілігіне айналмақ.
Хаби Алонсо матч алдындағы баспасөз мәслихатында өз көзқарасын білдірді:
«Алаңға он бір ойыншымен шығамын, және олардың барлығы — мадридтік «Реалдың» футболшылары. Бұл бәсекеге қабілетті құрам болады. Біз алғаш рет топтық кезеңде өнер көрсетіп отырған, бірақ мықты қарсыласпен кездесеміз. Сондықтан бізден жоғары деңгейдегі ойын күтіледі».
Кездесу 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы — 21:45. Көрермендердің қауіпсіздігі үшін стадион есігі 18:45-тен ашылады.
Айта кетейік, бұған дейін мадридтік делегация Алматыдағы Орталық стадионның газонына қатысты сын пікір білдірген еді.
Фото: ©x.com/realmadriden