«Қайрат» – «Реал» матчының билеттері әділ сатылды - компания өкілі

IMAGE: ©azh.kz
Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы тарихи матчты көруге жанкүйерлер ерекше қызығушылық танытты. Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар бойынша директоры Азамат Атагелдиевтің айтуынша, онлайн-платформаларға бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы кірген. Ал стадионның сыйымдылығы 20 мыңнан сәл асады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – билеттерді әділ сату болды. Сол үшін бір қолға екі билеттен артық берілмейтін, ал әрбір ЖСН бойынша тек бір билет рәсімделетін шектеу енгізілді. Бұл шара алыпсатарлықты азайтып, нағыз жанкүйерлерге мүмкіндік беруге бағытталды.
Кейбір қолданушылар кезектің «қатып қалуы» немесе «қайта жүктелуі» туралы шағымданды. Компания түсіндіргендей, сатылым ресми түрде 17:00-де басталды және жүйе қалыпты режимде жұмыс істеді. Ерте кіргендер үшін сессия автоматты түрде жаңартылып отырған – бұл алыпсатарлардың айла-шарғыларына жол бермеу үшін жасалған техникалық шара.
Сервис қазақша әріптерді қабылдамады деген хабарламалар да тарады. Мұндай жағдайлар жеке-дара сипатта болып, құрылғы параметрлеріне байланысты болуы мүмкін деген тұспал бар екен.
Сонымен қатар, компания ресми сатылымға дейін билет алу мүмкіндігі туралы қауесеттерді де жоққа шығарды: тестілік транзакциялар автоматты түрде жойылып отырған.
Ұйымдастырушылар жанкүйерлерді алаяқтардан сақ болуға шақырып, билеттерді тек Freedom SuperApp мобильді қосымшасы, ticketon.kz сайты және «Қайрат» ФК қосымшасы арқылы сатып алу қажеттігін ескертті.
Қазір барлық билеттер сатылып бітті.