Нұрғазы Сасаев: Арманымыз рекордтар болды. Соның зардабын тартып келеміз...
Бар кінә мен кінәрат – дайындық пен әзірліктен
Көптен күткен Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарыста 206 мемлекеттен 10 мыңнан аса спортшы бақ сынамақ. Олар спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл бәсекенің басты ерекшелігі қандай, жерлестеріміздің бабы мен бағы келісе ме? Осы және өзге де сауалдарымызды спорт сарапшысы Нұрғазы Сасаевқа қойған едік.
- Бірер күннен соң Парижде Олимпиадасының жалауы желбірейді. Биылғы айтулы сайыстың ерекшелігі қандай болмақ?
- Мен үшін бұл Олимпиаданың ерен ерекшелігі – іріктеу жарыстары мен сайыстарының тым ұзаққа созылып кеткендігі. Кейбір спорт түрлеріндегі іріктеу жарыстары тіпті шілде айына дейін созылды. Ал «Бейтарап спортшылар» мәртебесінде Олимпиадаға қатысатын атлеттер тізімі «Paris-2024» ойындарының басталуына бір апта қалғанда ғана бекітілді.
Бұл – қаншама спортшы «бара аламын ба, жоқ па» деген екіұдай ой үстінде жүрді деген сөз. Енді олардың дайындықтары қалай болады? Спорттық баптарының шыңына шығып үлгере ме? Психологиялық тұрғыда ауыр болмай ма?.. Салдары, ықпалы қандай болады, оны іс жүзінде көрерміз.
- Төртжылдықтың басты додасына 80 спортшымыздың қатысатыны айтылды. Жерлестеріміз қай спорт түрінен қоржынымызға алтын салады деп ойлайсыз?
- Жалпы, сәуегейлік айтқанды хош көрмеймін. Себебі Олимпиада ойындарының жөні – мүлде бөлек. Мұнда бап қана емес, бақ та шабады. Олимпиадада сынға түсетін бәсекелестері арасында өзгелерден шоқтығы өте биік кім бар бізде, дәл қазір?! Яғни, 100 пайыз сенімділікпен ешкімді де атай алмаймыз. Бірақ Олимпиада чемпионы болуға әлеуеті жетерлік, мүмкіншілігі мол бірнеше қыз-жігітіміз бар. Ешқайсын да бөле-жере атағым келмейді. Бәріне де тілеулеспіз.
- Осы айтулы жарыста Қазақстанның басты қарсыластары негізінен қай елдер болады деп ойлайсыз?
- Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарында осал спортшы жоққа тән. Бұрынғыдай сан емес, қазір сапа басым. Мысалы, бокстан үш рет іріктеу өткізілді. Кейбір спорт түрлерінен рейтингтік тізім түзілді. Сөйтіп, тек үздіктері сұрыпталып алынды. Сондықтан басты бәсекелестерді мемлекеті мен түріне қарап, алдын-ала тон пішу дұрыс емес деп ойлаймын.
Алдындағы қарсыласы мен сөреде қатар тұрған спортшылардың бәрі – басты бәсекелесі. Осылай бірнеше кезеңнен өтуге тура келеді. Париж Олимпиадасына 206 мемлекеттің спортшылары қатысады. Бәрі де біздің – бәсекелесіміз.
- Бокс пен дзюдо, суда жүзу спорттарынан жүлде алған қазақстандықтар бар. Спорттың қандай түрлері елімізде кенже қалған?
- Негізі, біз тек бокс, дзюдо және жүзу спортынан ғана жүлде алған жоқпыз. Басқа да спорт түрлерінен алғанбыз. Әрі осы жолы Олимпиада ойындары бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отырған спорт түрі де бар. Оны қалай «кенже қалған» деп айтамыз? Жалпы, бұл сұраққа Олимпиада ойындарынан кейін жауап берген дұрыс деп ойлаймын...
- Биылғы бәсекеге Ресейдің қатыспайтыны белгілі болды. Бұл фактордың осы Олимпиада ойындарына тигізер қандай да бір әсер-ықпалы бола ма?
- Спорттық және бәсекелестің тұрғыдан алғанда, әсері мен ықпалы аз-көп немесе жоғары-төмен деп айта алмаймын. Себебі бұл елден бірнеше спортшы «Бейтарап» мәртебесінде қатысады және ең бастысы, бұл елдің тәп-тәуір споршыларының көбісі басқа елдердің құрамына өтіп алған. Мысалы, күрес түрлерінен Қап тауының жігіттерін Еуропа мен Азияның бірнеше елінің құрамынан көресіз. Яғни біз үшін бәсекелестік күшеймесе, төмендеген жоқ. Париж Олимпиадасында біздің балуандарымызға олардың бірнешеуімен күресуге тура келеді.
- Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына әйелдер күресінен және ауыр атлетикадан спортшыларымыз лицензия ала алмады. Мұның себебі неде?
- Иә, бұл – орны толмас өкініш. Әсіресе балуан қыздарымыздың Олимпиадаға ілікпегендері жанға батады. Дүниежүзілік белдесулерде жүлде алған аруларымыз жетерлік. Олимпиада ойындарында да медаль алып, ел намысын абыроймен қорғаған қыздарымыз бар еді. Яғни көңілге қонымды нәтижелер болған, азды-көпті шежіреміз бар. Ендеше, бір кінә мен кінәрат – дайындық пен әзірліктен. Ал ауыр атлетикадан кезінде жетістікке төте жолмен жету ғана ойланғандай. Атақ қудық, жүлде қудық. Ойымыз бен арманымыз рекордтар болды. Енді, соның зардабын әлі тартып келеміз...
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері сегізінші рет жазғы Олимпиадада сынға түседі. Ұлттық құрама спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына кірген брейкинг және бадминтон секілді спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.
Фото: Olimpic.kz