"Қайрат" өз алаңында "Пафосты" қабылдайды

Бүгін Алматыдағы Орталық стадионда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің үшінші туры аясында қазақстандық «Қайрат» пен Кипрдің «Пафос» клубтары кездеседі, деп жазады malim.kz.
Ойын Қазақстан уақытымен 21:45-те басталады. Матчтың тікелей көрсетілімін Qazaqstan ұлттық телеарнасынан көруге болады.
Еске сала кетейік, «Қайрат» алғашқы турда сырт алаңда Португалияның «Спортинг» клубынан 1:4 есебімен жеңіліп, екінші турда Алматыда Мадридтің «Реалына» 0:5 есебімен есе жіберді. Ал «Пафос» бірінші турда Грекияның «Олимпиакосымен» 0:0 есебімен тең ойнап, екінші турда өз алаңында Германияның «Бавариясынан» 1:5 есебімен ұтылды.
«Қайрат» келесі кезеңдерде «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Олимпиакос» (Грекия), «Брюгге» (Бельгия) және «Арсеналмен» (Англия) кездеседі.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне барлығы 36 команда қатысады. Турнир 2025 жылғы 16 қыркүйекте басталды. Соңғы — сегізінші тур 2026 жылғы 28 қаңтарда өтеді. Плей-офф кезеңі 2026 жылғы 16-18 ақпан аралығында басталады. 1/8 финал 10-11 наурызда, ширек финал 7-8 сәуірде, жартылай финал 28-29 сәуірде өтеді. Финалдық матч 2026 жылғы 30 мамырға жоспарланған.
Фото: Ашық дереккөзден