«Қайрат» қатарынан екінші жыл Қазақстан чемпионы атанды
Футболдан Қазақстан чемпионатының тағдыры соңғы, 26-турда шешілді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Қайратқа» өз алаңында «Астанадан» ұтылмау жеткілікті болды.
Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. Қонақ команданың хорватиялық капитаны әрі жартылай қорғаушысы Марин Томасовтың голына 17 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев жауап қайтарды.
Осылайша, «Қайрат» қатарынан екінші рет және тарихында бесінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Алматылық команда 2026/27 жылғы еуромаусымда УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп, жарысты алғашқы іріктеу кезеңінен бастайды.
Фото: «Қайрат» ФК баспасөз қызметі