Қазақты сүйген, қазаққа күйген Әбекең...

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 17.08.2021

Кеше белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан 52 жасында өмірден озды. Журналист соңғы екі апта жансақтау бөлімінде жатып, коронавирустан көз жұмды.

Іргемізді үңірейтіп, ұлдарымызды алып кетіп жатқан індетке қарсы айла жоқ, ажалға қарсы шара жоқ. Тоқсаныншы жылдары спорт журналистикасына келіп, қазақ спортын қазақтандырған талантты ұлдың коментаторлығы бәріне үлгі еді. Нақ осы Амангелді Сейітханнан кейін қазақ комментаторлық мектебі дамып, өзіндік мәнері бар жастар қаулап өсіп еді.

Есей Жеңісұлы, журналист:

Өтірік шығар деп біраз күтіп едім. Өлім хабары өтірік болушы ма еді бірақ...
Жақында ғана Еуропа чемпионаты кезінде Қазақстан футбол федерациясының қызметкерлерімен жолдастық кездесу өткіздік. Әбекең - шабуыл шебінде. Футболды тілмен ойнайтын жігіттер бұрынғы кәсіпқой футболшыларға төтеп бере алмадық. Ойын соңына қарай сол жақтан пас алып, қақпашымен бетпе-бет шықтым. Соққым тым әлсіз болды. Қақпашы допты қайтарып үлгерді, мен екпінімді тежей алмай бір-ақ құладым. Пенальти деп тұр төреші. Кезекті бірден Әбекеңе ұсынып едім, дереу бас тартты. "Олар бізді жеңіліп жатыр деп аяп тұр, әйтпесе мынау пенальти емес!" деп бір-ақ кесті.
Әділ азамат еді! Әділетсіздікке жаны күйетін. Елуден жаңа асқанда қоғамның небір қитұрқысы мен әділетсіздігіне күйіп кетті-ау өзі де...
"Мен пенальти тепсем, қақпашы орнында тапжылмай қалады ғой" деп әзілдеді сол жолы. "Кәні, көрейікші" деді ұлттық құрама бас бапкері Талғат Байсуфинов. Әбекең тұрды да, тарс еткізді. Қақпашы кірпік қағып үлгерген жоқ.
Осындай нақты шаруаның адамы еді Әбекең...
Керемет намысқой еді. Черногориядан 0:5 есебімен ұтылып келе жатырмыз. Ұшақ іші тым-тырыс. Әбекең Азат Нұрғалиев, Асқат Тағыберген сияқты жігіттерді қатты ұялтты. Сөздері осып түседі.
Күні кеше Солтүстік Македониядан жер болып қайтқанда, Бауыржан Байтананы шетке алып шығып, әбден қайраған да Әбекең еді. Ермұхамед сол суретті әлеужеліге салғанда, Аман ағамның сәтсіздікті бәрінен ауыр қабылдағанын түсінгем...
Қазақ тілінде футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет жүргізіп қана қоймай, арна басшылығына тәуекел жасатқан да Әбекең еді... Бекзаттай алтын ұлдың қазасын қазаққа жаны ауыра жеткізген Әбекең еді...
Қазақстан жастар құрамасының әлем чемпионатына жолдама алғанын 1999 жылы алғаш сүйіншілеген де Әбекең еді...
Талай олимпиаданың алтынын ерекше таныстырған Әбекең еді... 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев финалда жеңіп жатқанда, соңғы 40 секундында тікелей эфирге шығып, гонг сыңғырымен бірге алақайлаған Әбекең еді...
Кейінгі жылдары кейбір министр эфирге жолатпай қойса да еңсесі түспеген, сынды қара нарша көтерген, ешкіммен бет жыртыспаған, азаматтық ары биік, ұсақ та күйкі тірліктен жоғары Әбекең еді...
Бақұл болыңыз, аға...

Ермұхамед Мәулен, спорт журналисі:

Ең алдымен, Амангелді аға – комментатор. Журналистігі бар, ақындығы бар. Жан-жақты адам еді. Комментатор болып танылды. 1998 жылы әлем чемпионатын жүргізді. Әлем чемпионатын жүргізген алғашқы қазақ комментатор. Содан бастап қазақтарда да футбол түсінеді екен, футбол жүргізе алады екен деген пікір қалыптасты.

Сол Аман аға 2002 жылы да әлем чемпионатын жүргізді. Пікір тұрақтады. Амангелді Сейітханның комментаторлығы ғажайып еді. 2000 эфир жүргізіп, жұрттың есінде қалмауың мүмкін. Бірақ 20 эфир жүргізіп, Аман ағаның тіркестерін айтсаң, халықтың есінде мәңгі қалып қаласың.

Зидан, Фигу туралы айтқан сөздері көрерменнің әлі есінде. Бұл кісінің ерекшелігі суырып салмалығында еді. Өзі де айтыскер ғой. Сол қасиетін комментаторлықпен керемет ұштастырды. Сол арқылы қаншама қазақы сөзді футбол терминіне айналдырды. Мектеп қалыптастырды. Достоевскийдің кеңдікпен айтқан, "Бәріміз Гогольдің шекпіненін шықтық" деген сөзі бар ғой. Сол сияқты Амангелді Сейітханның шапанынан кейінгі қазақ комментаторлары шықтық.

Алмас Манап, спорт журналисі:

Амангелді ағамен кездескен сайын футбол туралы айтатын едік. Футболдағы қазақ балаларын көбейту керек дейтін. «Жеңілсе де, қазақ баласы жеңілсін» дер еді.

Ол кісі қазақ спорт журналистикасына үлкен үлес қосты. Тек қана комментаторлық мектепті дамытып қана қоймады, газеттегі спорт беттерін жарқыратып шығарды. Несіп Жүнісбай ағаның шәкірті болып, «Спорт» газетін қалай шығарғаны оқырманның есінде.

«Жас Алаш» газетіндегі Амангелді Сейтіханның жазбалары жүздеген адамның жүрегін қозғап кетіп жататын.

Ол кісі қазақ спорт журналистикасын жаңа деңгейге көтерді. Одан кейін спорт журналистикасына қадам басқан әр жас Амангелді Мейітханға ұқсауға тырысты. Жазса да, ойын жүргізсе де. Іркес-тіркес шығатын қазақы сөздері көрермен көңіліне ұя салып, есінен шықпайтын болды. Әройын сайын қазақ футболы үшін жанын беріп, күйіп отыратын. Ал қуанғанда, Аман аға сияқты ешкім қуанбайтын.

Шынайы, аңқылдақ адам еді.

Амангелді Сейітхан 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Осы жылдары телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының продюсері болды.

Байланысты жаналықтар

Ақындар жүрегіндегі Алматы

14.01.2022

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

29.12.2021

Отшашудан сенің даусың естілмейді, естілмейді...

07.07.2020
MalimBlocks
Ақындар жүрегіндегі Алматы

Алматы – қазақтың жаралы жүрегі!  Желтоқсанның ызғарлы күндерінде жаураған қала отыз жылдан соң «қаңтар трагедиясын» бастан кешірді. Бәрі де суынған жүректің даты, елдің жан сөзі! Ал қазақтың жаралы жүрегін кім емдейді?!

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

Қуаныш пен қайғы қатар жүреді, өмір бар жерде өлім бар. 2021 жылы халықтың қабырғасын қайыстырған қазалы күндер де болды. Арамыздан кетсе де, жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін жандарды еске алғанды жөн көрдік.

Отшашудан сенің даусың естілмейді, естілмейді...