Ақындар жүрегіндегі Алматы
Алматы – қазақтың жаралы жүрегі! Желтоқсанның ызғарлы күндерінде жаураған қала отыз жылдан соң «қаңтар трагедиясын» бастан кешірді. Бәрі де суынған жүректің даты, елдің жан сөзі! Ал қазақтың жаралы жүрегін кім емдейді?!
Алматы! Мың бұралаң жолды, шежірелі де шерлі шаһар! Әсемдіктің әлемі, сән-салтанаттың символындай болған қаланың қазіргі күйі адам шошырлықтай. Тәуелсіздіктің Туы көтерілген президент резиденциясы, әкімдік ғимараты, қасиетті қарашаңырақ – «Қазақстан» ұлттық арнасы, сәнді сауда үйлері, сәулетті нысандар әп сәтте отқа оранды. Аяулы Алматы аяусыздардың қолымен тас-талқан етілді. Халықтың хақы сұралып, соңында бүліктен бүлінген мегаполис талайдың жанын сыздатып, жүрегін ауыртты. Әсіресе ару қаланы құт бесігіне балаған ақын біткен күңіреніп, күрсіністі жырын жазып жатыр. Жан жарасын жаза алмайтындай хәл! Қаңтардың қасіретті оқиғасында Алматыны үрей тұманы тұмшалады. Шаһарға бауыр басқан тұрғындардың сол тұманнан шыққаны бар, шықпағаны қаншама! Сол күндері тұманытып, өксікке тұншыққан қастерлі қала ақын Бақыт Беделханның көз алдында сүркей түсті суретімен қалыпты.
«Алматыны төрт тәулік тұман басты,
Түлен түсті тұманмен, мұң арбасты.
Әппақ бұлттай көңілді көкпар қылып,
Құйындатып жіберді жын-албасты».
Иә, ақын жырлағандай бұқара аппақ бұлттай көңілмен Алаштың теперішті тағдырын, тақ астында жаншылған жан шырылын жоғарыға жеткіземіз деген... Үмітті үзуге жақын еткен үйірлі жылдар шапағат шуағын төгер деген... Алайда «құйындатқан жын-албастылар» сұралған теңдікті тас-талқан етіп, ең басты құндылық саналатын адам өмірін жаншып өте шықты. Ақын осыған күйінеді. Жырдың айтпақ ойы осы - қан төгілмей әділдіктің таңы атпай ма? Ұран неліктен лаңға айналады? Бұдан өткен сұрапыл жоқ шығар, шынымен!
«Тұман, тұман, сұп-суық, сұрғылт тұман,
Сейілмесе мен қалай сырды ұқтырам.
... Қанның буы қосылып күреңітті,
Сұрапыл күн жоқ шығар, сұмдық бұдан» дейді Беделханұлы. Иә, сұрғылт, сұрқай тұман сейіліп келе ме? Ақын жүрегі осыған алаң!
Бақыт ақын шырқы бұзылған шаһардан көтерілген қанның буын көрсе, Есей Жеңісұлы «бедеу қыстың» бет-бейнесінен шошынып қалғандай! Қабағы түксиген мекеннен «аяр, азғын, жауыз, аяусыз» болмысты көреді. Өз өзін жат көрген, өз өзіне күдік-күмәнмен қарайтын, өз өзіне ор қазған, ынсапсыздықтан ынтымақты ұмыта бастаған жұрттың жүзіндегі жазуды оқымаққа үңілген.
«Ей, бедеу қыс, бедеу қыс,
Сен неге тұманыттың түнердің?
Мен неге аяр, азғын, жауыз, аяусыз,
Болмысымды еркіне жібердім» деп шарасыздықтың шеңберінде қамалады.
Қалаға келген бұл қыстың бұрынғыдай «қатал мезгілге сай мінезі жоқ» дейді қаламгер. Ширыққан шумақтан жауған қары да, соққан бораны да, ауаға жайылған аязы да мінезсіз қала картинасы көз алдымызға келеді.
Ақынның күйінетін «Неге осы күйге түстім?» деген сауалы біздің санамызды сансыратып, басымызды тауға да тасқа да соқтырды ма? Өзімізге өте кеш сұрақ қойып, тым кеш жауап іздеп отырғандаймыз. Өзекті оттай қаритын, өз өзіңмен іштей арпалыстыратын осы бір өткір сұрақ бізге азаттықтың таңы атқанда қойылған сияқты еді... Жо, жоқ одан да көп бұрын Міржақып қойып еді ғой.
«Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,
Сол бір қайғың өзегімді өртеген.
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,
Еңсең неге түсті мұнша елім-ай?!» деп жазғанына қанша уақыт жүзі болды? Әлі жауап таппаппыз.
Қаңтарда қар астынан бас көтерген қарғалдақтай қауымның арман-аңсарын, мақсат-мұратын, толқуын, жүрек қалауын кім шынайы түйсінді? Ол да беймағлұм. Ақынның көкейінде тулаған сан сауалға «бедеу қыс» не деп жауап қатады?
«Тағы да ілесе кетуге дүрмек іздеп,
Іліне кетуге ілмек іздеп.
Жыны уақытша алынған бақсыдай,
Жүргенім кімге дәрі?
Сонда маған кім бағалы?
Айтшы, маған бедеу қыс!». Қыстан шуақ күткен аңғал елміз! Қақаған қаңтардан жылу іздеп шыққандар қай тұстан тоқтады екен?
Ақынның сұрағына ақынның жырынан жауап іздеп көрдік. Алматыны жүрегінің түкпірінде сақтайтын Дәурен Берікқажыұлы былай деп үн қатады.
«Кімге тіпті не айтарың білмейсің?
Жыламайсың, сөйлемейсің, күлмейсің.
Күні-түні сұңқылдайды тек қана,
Бір бірінен айнымайтын бірдей сұм». Ақын айтпақшы, «жан дүниеміз темірден жаратылғандай» ештеңеге де міз бақпай, кірпік қақпай қарап тұрғандаймыз. Пәрменсіздік һәм дәрменсіздіктен өртенеміз, жалын жұтамыз.
Яғни ақынның шерлі шумағындай «Қап-қара іші қала да бірғ мен де бір,
Жанып кеткен бір-ақ күнде түк болмай».
Иә, әр ақынның ішінде бір Алматы бардай сезіледі, бізге! Кейде қиялдың пырағына мініп бүгінгі Алматыдан бұрынғы Алматыны іздейтініміз бар.
Тағдырлы қала Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңінде жазылғандай:
«Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Көп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп» немесе
... Міне, біздің Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп,
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ, - деп сүйінердей күйде ме?! Әлде Төлеген Айбергеновтің маздақ жырында бәдізделетін:
Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем несі мін.
Жарқыраған көк тасында көшеңнің,
Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің,- деген рәуіште қабылдауға жол ашатындай ма?!
Алматы Тыныштықбек Әбдікәкімовше айтсақ, «... Ұл-қыздарын қаңғытып» жатса жан жабырқап, көңіл – айнамызға мұң сызаты түседі. Ақын Ғалым Жайлыбай шаһардағы қатал өмірдің мұңын бейтаныс бұрымдының тіршілік тынысынан сезеді.
«Бақ тілегін сарқып алған, тойын да,
Ақ білегін артып алған мойынға.
Қап арқалап бара жатыр бала қыз,
Алматының «Арбатының» бойында». Қазақ алақанына сап аялаған аруларын қала неге соншалықты мүсәпір күйге түсірді? Шаттық арқалап жүретін қыз баласы неліктен қап арқалап жүр? Жә, жарар әңгіме қапта емес, қаптың ішінде не жатыр? Бұған ақын:
... Ажары да ашық екен ақ таңдай,
Базарына жетсе деймін қақталмай.
Аузын буған қытай қаптың ішінде,
Тағдырының бар салмағы жатқандай, - деп жауап қатады. Рас, шайыр айтқандай, апайтөс қаланы қыдыра шолсаң көңіліңді лайлайтын кемшілік жетерлік.
Ертеректе қазақы қараөлеңге қасқа жол салған Қасым Аманжолов:
« Берсең бер, бермесең ғой, баспанаңды,
Сонда да тастамаспын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды», - деп тағдырының ауыр күндерін үйсіз-күйсіз Алматыда өткерді. Үлкен Қасымды тентіреткен қалада одан кейін де қанша Қасымдар жүрегіне мұң жамады екен? Жаңа Алматы енді ақындарына осы сипатты жыр жаздырмасын деп тілейміз!
Ертеректе қалаға анда-санда сонау Өзбекстанның Бұхара облысының, Тамды ауданынан қонақ болып келетін ақын Өмірзақ Қожамұратов бір сапарында:
Көмкерген жасыл бақ пен лала гүлмен,
Жайнаған жас арудай қала мүлдем, - деп шаһарды жас арудың кескінімен ұқсастырыпты. Онымен тоқтамай, бойды алған әсердің күшімен:
«Өрімдей ару қыз бен жігіт елі,
Көк мұзын көкірегіңнің жібітеді.
Ойыңнан шығып бір сәт дала, қыстақ,
Жыр жазғың кеп кетеді қалам ұстап» деп шабытын шарықтатқан екен. Иә, болмысы өлеңге тұнып тұрған Алматы өзінен жырақ тұратын ақындарға өзі туралы өлең жазғызып алмай оларды қайтармайтын қуатқа ие еді...
Өлең қуып Ақтөбе вокзалынан Алматы вокзалына табан тіреген сәтінде Өтежан Нұрғалиев белгісіз жолаушыға:
Вокзалдың шулы фонында,
Ұялма, бері жақында.
Түсірем сені өз қолымнан,
Жанымның фотоаппаратына,- деп ақжарма пейілімен жомарттық жасағаны бар. Ақын сол келгеннен өмірінің соңына дейін осы атырапта ғұмыр кешті.
Дегенмен шуағымен баурайтын шаһарға ауық-ауық Күләш Ахметованың жанарымен қарасаңыз не байқар едіңіз? Күләш ақын бір өзгеріс аңғарады...
Өзгерісті байқармыз талай әлі,
Басы болған нәрсенің бар аяғы.
Түнде жауған аппақ қар Алматыда,
Түске дейін түтінмен қараяды. Бұл – нағыз қала экологиясы. Ары қарай оқыңыз.
Жетім торғай жабығып ұшар одан,
Түк бітірмей шаршайды түс ауа адам.
Күннің көзі кірбиіп көрінеді,
Газ бен түтін кірлеткен ыс ауадан, - деген жолдардан ауасынан улы газ аңқыған Алматыны көрмей кете алмайсыз.
Шым – шытырық шаһарда бұдан басқа да мән берерлік көріністер аз еместей. Кейінгі жылдар бедерінде қала көшелерінде иін тірескен көлік кептелісінен көз ашпай келеміз. Ақын Темірғали Көпбаев бұл туралы күйінішпен жыр өреді.
Тесік қаптың түбінде талқан бардай,
Үмітіміз зорға жүр талқандалмай.
Кептелекте көп көлік кісінейді,
Танауынан бу шыққан тарпаңдардай... Осы көңілсіз көріністі көргенде Көпбаев Көктөбеге кетеді. Тағы да алдында сұрқай сурет.
Таң атады,
Тіршілік тағы ұласып,
Көшелердің сөнеді шамы жасып.
Көк түтінге тұншыққан Көктөбеден,
Алматыма қараймын жаным ашып...
Болмысы бөлек ақын Есенғали Раушан өзіміз сынды ауылдан келіп, қала табиғатына бейімделе алмаған кептермен мұңдас, сырлас болып оқырманына жан түкпірін айқара ашады.
... Көк кептер мезі болған жауыннан көп,
Ойлайды алда қанша қанша дауыл бар деп.
Қалаға үйрене алмай жүрсе керек,
Ол – дағы мен сияқты ауылдан кеп. Бейбітшілік құсы сапырылысқан тірліктен ығыр болғандай, бұйығып, үндемейді. Раушанов көк кептерге көнбіс болуды үйреткісі келгендей:
Тәйірі, біздер үшін сел деген не?
Көк кептер көндігеміз, сен де, мен де.
Бұйығып, үндемейсің жазған құсым,
Ал, айтшы, не істейсің көнбегенде, - деп тіл қатқаны бар. Қала тіршілігіне көндікпеске айла жоқ, ауылға барсаң да күнкөріс қамы ол жақта тұрақтата бермейді. Соңғы жылдарда Алматы ғана емес, еліміздегі барлық шаһарларда баспана мәселесі бас ауруына айналды. Ипотекаға үй аламыз деп иін тірескен халық сабылыс үстінде. Алматыда баспаналы болу – екінің бірінің басына қона бермейтін «бақыт». Осы түйткілді жайт та ақынның жүрегіне мұң инесін сұққылайды. Арманын алмалы қаладан іздеген Роза Сейілхан ұлымен бірге үй іздеп жүргенін жазды, бірде.
Көшіп кеп ем, тағы да көшіп барам,
Оңдырмады бұл тағдыр сынағанда.
Ұлымнан да ұялам өсіп қалған,
Не дер екем, өз үйін сұрағанда... Розаның мұңы – мұқым қазақтың мұңы. Үйсіз – күйсіз жүдеген ақын қыздың жанайқайын жүрекпен ұғынасың.
Ауылдан мегаполиске жол тартқан жұмырбасты пенденің көкейінде «көгерсем» деген асқақ арманнан басқа не болмақ? Кім қалаға құл болу үшін келеді дейсің! Бәрінің көксегенін патша – қала орындай қойсын ба?! Ақын Ақберен Елгезек жоғарыдағы пікірімізді тұздықтап,
Е, бұл қала кімді марқұм қылмады,
Алатаудың басында өлсін шын дарын.
Көсем болам деп келеді ауылдан,
Көкбазардың құлдары, - деген ойға тоқтайды. Шындықтың көзіне тіке қарасақ, таңның атысынан күннің батысына дейін базарда арба сүйреткен қара бала әлдекімнің құлы болуға жаралмаған... Ол да алып мегаполиске ел қатарына қосылам деп келді ғой! Алайда, Алматы өмірді өзгеше құбылтады. Сонда да тамыры байланған қаламгерлердің бауыр басқан ортасында қала бергісі бар.
Жазғандығы осы ма деп маңдайға,
Бұл қаланы тастай алмай жынданам.
Тұлпарды ерттеп кете алмаймын шалғайға,
Құтыдағы өмір сынды бұл маған, - дейді ақын Бауыржан Әліқожа.
Жаңа жылда елдің үні мен кеудесін көтеріп, сол жолда қирап, отқа оранған Алматы енді жаңаша бой көтермек. Қуандық Шаңғытбаевтың:
Алматының өзі шіркін, тұрған жыр!
Төкті-ау бір күн дүркін-дүркін дүр жаңбыр.
Көшелерде күміс жалын жалтылдап,
Толықсыды қоңыр шымқай гүл жамбыл, - деп жырлаған қаланы көруге біраз уақыт керек секілді.
Алматы жайлы айтқанда ойыма Мұрат Шаймаранның мына бір шумақтары жиі оралады.
... Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматым – О менің жаралы жүрегім.
Иә, Алматы – қазақтың жаралы жүрегі! Желтоқсанның ызғарлы күндерінде жаураған қала отыз жылдан соң «қаңтар трагедиясын» бастан кешірді. Бәрі де суынған жүректің даты, елдің жан сөзі! Ал қазақтың жаралы жүрегін кім емдейді?!
Олжас ҚАСЫМ