Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылында туған. 1983 жылы 22 қарашада дүниеден озған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Malim Админ

  • 25.07.2024

ДҮНИЕ НЕТКЕН КЕҢ ЕДІ…

Дүние неткен кең еді,

Мұнда – көктем, анда – қыс.

Дүние, дүние дегені –

Махаббат, үміт – алданыш.

Махаббат, үміт! Қыс, жазы

Қонысын тапты кеудемнен –

Өмірдің екі ұстазы,

Шәкірт боп соған келем мен.

Дүние неткен кең еді!

Қарада – көктем, қарда – қыс.

Айдайды өмір – кемені

Адамға біткен ар-намыс.

Ар, намыс аты – бір майдан,

Бір майдан менің мекенім;

Тынбайды жел, тынбайды ән,

Сол әнмен еріп кетемін.

Дүние неткен кең еді!

Жаңа егілген жас шыбық

Бәйтерек болып келеді,

Бәйтерек – Бақыт, жақсылық.

Жақсы ойға шомып жатыппын,

Туған жер-ата мықты ғой.

Көлеңке жағы бақыттың

Қырсық деп аталыпты ғой.

Дүние неткен кең еді,

Көрдім ғой кең екенін.

Дүние неткен кең еді,

Дүние – менің мекенім...

ДОМБЫРА

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,

Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.

Домбырам қайран менің, қайран менің,

Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,

Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...

Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,

Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,

Жанымның жазығына күй ектіріп.

Ой, арман – екі шегің болсын сенің.

Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,

Бұлақтар таудан ғана туад десек,

Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,

Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

ҰСТАЗ

Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен –

жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.

Бір ғажайып құзар – шыңды нұсқап ең,

Өзіміздің Алатаудай биік ол...

Сен бір үлкен өзен едің мол сулы,

толқыныңның жалы жатыр Ай қағып,

Мен – жас бұлақ, үйретіп ең толқуды,

келем әлі белгісіздеу сайда ағып.

 

ӘЖЕМЕ

Байғұс әжем, бір жыл болды, бір жол болды – көрмедім,

Көрмедім мен бурыл шашты кәрі қолдың өргенін.

Көрмедім мен сиыр айдап, отқа тезек салғанын,

Көлеңкеге құрып қойған ала жолақ өрмегін.

Еркелетсе – ермегі едім, жалғызы едім мен оның,

Әжем үшін жалғыз өзім – бір рулы ел едім,

Сағындым-ау сарғыш тартқан ертегісін, өлеңін.

Біздің жақтан жел ескенде желмен бірге келеді

«Қарашығым, тамағыңды іш, деміңді алшы!»–деген үн.

Дәл осы сәт отыр ма екен, отыр ма екен ине алып,

Жіңішке ине, жіңішке жіп – өткізе алмай қиналып,

Әлде, әлде бір шүйкесін көршідегі тентек ұл

Алып қашып бара ма екен көк шыбыққа «бұйда» ғып?!

Сондай кезде ойлайды ғой, ойлайды ғой мені ылғи,

Сондай кезде қандай екен кәрі әжемде көңіл күй,

Көңіл шіркін! Нұрлы сәуле, әлсін-әлсін тіріліп,

Әлсін-әлсін елес берер, елес берер бір үміт.

Әлсін-әлсін жүгірем деп, қуамын деп үмітін

Көйлегінің етегіне қалды ма екен сүрініп?..

 

ЖАН-ЖАРЫМ, ТҮБІНДЕ СОЛ КӨК ТЕРЕКТІҢ...

Жан-жарым, түбінде сол көк теректің

Өзіңді сүйдім алғаш, өкпелеттім.

Сәл жүдеп үміт қайта бір тірілген

Кезінде жас үзілді кірпігіңнен.

Сол бір жас домалап кеп жерге түсті,

Жер-дағы сезімдерді тербетісті.

Сол кеште гүл ұсынды дала-мықты,

Біз бердік айырбасқа балалықты.

Балалық қалды солай жас боп тамып,

Келеді кеудемізде басқа от жанып.

Мен қазір жалғызыңмын – ая, жұбай,

Жазғы кеш, болса да гүл баяғыдай.

Бір тамған көз жастарың бетімді енді

Дәл ондай күйдірмейтін секілденді.

Сонда да ыстықсың сен – бір аптабы,

Өз бейнең өміріме тұрақтады.

Өзіңді аялатқан, өкпелеткен,

Алыстап кеттік қой біз көк теректен.

Терек тұр бояуымен баяғы көк

Жастықтың адастырмас маягі боп.

Барып жүр оған енді басқа жігіт,

Басқа қыз тамшы жасын тастады үзіп…

 

АЛМАТЫ

Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады,
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы.
Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұсап,
Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Қөп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
...Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

 

ДАЛА

Дала, дала, сайран дала, сал-дала,
Кейде саған қараймын мен таңдана.
Көз тігейін көкжиектен әрірек –
Дала, дала сағымыңмен алдама.
Сағымыңды, мұнарыңды желге айдат,
Шықтым, шықтым неге болсын, бел байлап.
Көрем, көрем қанша жасырғаныңмен
бәрін, бәрін, бәрін мен...
Жүріп келем қара жолда асығып,
(Осы жолдың аяғы – арман, басы – үміт)
Мен дайынмын
Тауық болып теруге
өз тағдырым тары болса шашылып.
Алдым – алаң, қалжыраған жоқ денем,
Жұмсақ ауа леп еседі өкпеден.
Тұрды жолда от боп жанып бір тал гүл,
Менің бір тал үмітімдей көктеген.
Қиял – қанат көтерілем, қонамын,
Жарып шыққан осы өлкенің өзегін,
Кейде өзімді бір шыбық деп сеземін,
Қонған шақта
Мен де топырақ боламын...
Дала, дала, тағдырыңа ортақпын,
Күй-жырыңды, сыйлығыңды мол таттым.
...Ай адасып салды бұлтта «жортақты»,
Мен де адасып,
енді ғана жол таптым.

 

МЕНІҢ ЕЛІМ

Көкірегімнің үміті мен тілегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі –
Менің елім, менің елім – гүл елі!
Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді –
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді.
Менің елім, менің елім – жыр елі!
Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім – гүлстан!

Байланысты жаналықтар

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

06.11.2024

Матаев мектебі

01.11.2024

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

31.10.2024

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

25.10.2024

Жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденов

24.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024
MalimBlocks
«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

Тележүргізуші денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

Матаев мектебі

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

Дина Төлепберген кітабына күйеуі туралы тың ақпарат жазған

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

Жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденов

Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты. Аудиокітапта ақынның күй құдіретін түсіндірген өлеңдері және өнер қайраткерлерінің орындаған туындылары қатар өріліп, тыңдарманына тарту етілген.

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды