Отшашудан сенің даусың естілмейді, естілмейді...
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...
Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...
Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді.
Кімнің қалай болады айып ісі,
Жарға барып тірелді қайық ұшы.
Дәріханаң бар болғыр аспиринді
Қымбат сатып, келеді байығысы.
Танылғымыз бар еді атырапқа,
Матаға да зар болдық, жапыраққа.
Жедел жәрдем - үнемі шабан жәрдем,
Қайыр күткен жұрт түгел ақымақ па?
Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,
Көксау халқы күтеді ағаш атты.
"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін
Сөзді бекер күттім-ау парасатты.
Әлде халқың аурумен аз алысқан,
Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.
Көр үстінде көп шайтан билегендей,
Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан...
Есей Жеңісұлы
Отшашу. 06.07.2020
Отты шашу дүңкілдеді,
Ауылыңа жетті ме үні?
Шоғы түсіп жүрегіңе
Күйдірді ғой, кешір, күнім.
Отшашудан сенің даусың
Естілмейді, естілмейді...
Жан бауырым, кешіре алсаң,
жалынамын, кешір деймін.
Сезесіңдер, барлық көздер
енді оттай жарқылдайды.
Осы отты жарқыл енді
Жанарлардан жоғалмайды...
Мақпал Жұмабай
7-40= 2030⠀
Анасының ақ денесін ала алмай,⠀
Жаназасын шығаруға бара алмай.⠀
Бейбақ бала адамдардың ішінен,⠀
Адам іздеп үйге қайтты таба алмай...⠀
⠀
Жетісіне жетпей жатып шешесі,⠀
Аза тұтып зар жылады көшесі...⠀
Үйде отырған әжесінің қапыда,⠀
Құлап кетті тары салған кесесі.⠀
⠀
Жеті күнде жесір қалды жеңгесі,⠀
Дерт жалмады сенері не сенбесі.⠀
Асқар тауын аман алып қалар ед,⠀
Дәрісінен биік тұрса теңгесі...⠀
⠀
Қырқы жетпей қырық метр алыстан,⠀
От шашулар көкке ұмытылды жарысқан.⠀
Терезенің ар жағында көк күмбез,⠀
Отқа оранды төбесінен бақ ұшқан.⠀
⠀
Жанарының жасын солай түн сықты,⠀
Ештеңе де болмағандай күн шықты...⠀
Ыршып түскен бір тамшы жас ішінде,⠀
Бүкіл ұлттың жан айғайы тұншықты...⠀
⠀
07.07.2020
Ақан Марғұлан
Астананың... қызуы қырық боп тұр.!
Сылтау да өткір, әйнектей сынық та өткір.
От сапырды...
Жын шашты..
Кері сиді...
Ары қарай не деуші еді?..
Құрып кеткір!..
07. 07. 2020.
Бақыт Беделхан
ТҮНГІ КЕРМЕК ТІЛЕК
Отыз жылда кірмей қойған есің бір,
Отпен ойна, ойындарың осылғыр!!!
Сексенде де енбей қойған есің бұл,
Отпен ойна, дүрең оттан есілгір!
Айт-Ман (Светқали Нұржан)
07.07.2020.
***
Ошақта отым өшті.
Өлдім мен. Атым өшті.
Қиын ғой оқыс өлген,
Көздер көп оты сөнген.
От шашып тойлағандар!
Отпенен ойнамаңдар!
Көз жастың хақы болар,
Тозақтың оты болар.
Шер қатқан қырауы бар
Наланың сұрауы бар.
Іздейміз әрнені жоқ,
Халқым бар дәрмені жоқ.
Ел де жоқ. Отан да жоқ.
Ел бастар атан да жоқ.
Танакөз Толқынқызы
***