Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты 84 медальмен аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлттық құраманың қоржынында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар. Осы көрсеткіш Қазақстанға жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алуға мүмкіндік берді.
Алайда жүлделердің жалпы саны бойынша Қазақстан Азия ойындарына қатысқан елдер арасында үздік бестікке енді. Ұлттық команда Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Үндістаннан кейінгі бесінші орынға тұрақтады.
Биылғы нәтиже Қазақстанның 2014 жылы Инчхонда көрсеткен нәтижесімен тең болды. Ол кезде де ұлттық құрама 84 медаль жеңіп алған. Дегенмен Инчхондағы додада Қазақстан спортшылары 28 алтын медаль иеленген еді.
Қазақстан тарихындағы бұдан жоғары көрсеткіш 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында тіркелген. Сол жарыста ұлттық құрама 85 жүлде, оның ішінде 23 алтын медаль алған.
Айта кетейік, Қазақстан соңғы Азия ойындарымен салыстырғанда жалпыкомандалық есептегі орнын жақсартты. Ханчжоудағы додада ұлттық құрама 80 медальмен 11-орын алған болса, биыл үш саты жоғары көтеріліп, сегізінші орынға шықты.