freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Басын тепкілеу – тәрбие емес": Тұрар Шәкен Баян Мақсатқызының шоуындағы көріністі сынға алды

Шоу-бизнес •
"Басын тепкілеу – тәрбие емес": Тұрар Шәкен Баян Мақсатқызының шоуындағы көріністі сынға алды
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Этнограф Тұрар Шәкен Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында продюсер Баян Мақсатқызының шоуындағы бір көрініске қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, мәселе нақты бір адамды сынауда емес, сахна арқылы қоғамға қандай құндылық ұсынылатынында, деп хабарлайды Malim.kz. 

Этнограф ер адамды басынан теуіп, кейін оның үстінен аттап өтетін көріністі орынсыз деп бағалаған. Ол мұндай әрекеттің әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Кейде маған "сен жай ғана қызғанып отырсың" дейді. Бірақ бұл жерде біреумен таласып, бәсекелесетіндей ештеңе жоқ. Әңгіме ұлттық құндылықтар мен жас ұрпақтың тәрбиесі туралы болып отыр", – деді Тұрар Шәкен.

Ол өз ойын қазақ отбасындағы дәстүрлі тәрбиемен байланыстырды. Айтуынша, бала кезінен үлкеннің алдын кесіп өтпеу, адамның үстінен аттамау, бас киімді жерге тастамау секілді әдеп қағидалары санаға сіңірілген.

"Бізді бала кезімізден осылай тәрбиеледі. Інім аяғын созып отырса, әкем ешқашан оның аяғынан аттап өтпейтін. “Ер адамның аяғынан аттама, бас киімін жерге тастама” деп үйрететін", – деді ол.

Тұрар Шәкен қазіргі қоғамда зорлық-зомбылық пен буллинг мәселесі жиі көтеріліп жүрген кезде сахнада адамды басынан теуіп, үстінен аттау секілді көріністерді көрсету қайшылық тудыратынын да айтты.

"Бір жағынан қоғамда зорлық-зомбылықпен күресіп жатырмыз, мектептерде буллинг мәселесі өткір тұр. Ал екінші жағынан сахнада адамды басынан теуіп, үстінен аттайтын көріністі көрсетеміз. Сонда сахна мәдениеті қайда қалды? Бұл жерде ер адам ба, әйел адам ба – оның айырмасы жоқ. Адамды тебу, үстінен аттау – меніңше, дұрыс емес", – деді этнограф.

Ол сондай-ақ бұл ұстанымды ер адамды әйелден жоғары қою деп түсінбеу керегін айтты. Оның пікірінше, қазақ қоғамында ер мен әйелдің құқығы тең болғанымен, ер адамға деген құрметтің өзіндік орны бар.

"Біреу мұны "еркекті жоғары, әйелді төмен қою" деп қабылдауы мүмкін. Бірақ мәселе онда емес. Біздің қоғамда ер мен әйелдің құқығы тең. Дегенмен ер адамды отбасының тірегі, қорғаны ретінде құрметтеу бар. Өйткені қиын сәтте елді, отбасын қорғайтын да – ер азаматтар, әкелер мен ағалар", – деді Тұрар Шәкен.

Этнографтың пікірі әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Бір топ қолданушы оның айтқандарын ұлттық тәрбие мен әдеп тұрғысынан қолдаса, енді біреулер сахналық қойылымды көркем образ ретінде қабылдау керек деген пікір білдірген.

Баян Мақсатқызы Алагөзова кім?
 

Баян Мақсатқызы Алагөзова – қазақстандық продюсер, актриса және тележүргізуші. Ол 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында өнер адамдарының отбасында дүниеге келген. Анасы Гүлжамал Мұхитденова – актриса, әкесі Мақсат Мұхитденов – дыбыс режиссері. Туған тегі – Мұхитденова, ал көпшілікке алғаш Баян Есентаева есімімен танылды. 

Баянның актриса ретіндегі алғашқы танымал жұмысы – "Махаббат станциясы" фильміндегі рөлі. Кейін телевизияда қызмет етіп, түрлі бағдарламаларды жүргізді. Оның тележүргізушілік тәжірибесінде НТК арнасындағы "На шпильке" бағдарламасы да бар. 

2006 жылдан бастап музыкалық продюсерлікпен айналыса бастады. Оның есімі әсіресе "КешYOU" тобымен тығыз байланысты. Топтың құрамын қалыптастыру, сахналық образын әзірлеу және шығармашылық бағытын айқындау жұмыстарын басқарды. Сондай-ақ Жанар Дұғалова, Ерке Есмахан секілді әншілермен жұмыс істеді. 

Музыкамен қатар кино және телехикаялар өндірісіне де араласты. Мәселен, 2017 жылы көрерменге ұсынылған "Баян сұлу" телехикаясының продюсері болды. Осылайша, оның шығармашылық қызметі актерлік өнерді, тележүргізушілікті және продюсерлікті қамтиды.

Жеке өміріне келсек, 2017 жылы кәсіпкер Тұрсын Алагөзовке тұрмысқа шығып, жұбайының тегін алды. Оның төрт қызы бар: Айсәуле, Айару, Алиса және Алма. Кіші қыздары Алиса мен Алманың дүниеге келгенін 2024 жылдың тамызында жариялаған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу