Астанада қоғамдық көлікте домбырамен ән орындаған ақсақалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Жылы көрініс көпшіліктің көңілінен шығып, желі қолданушылары қарияға ризашылығын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Bairaq Media мәліметінше, оқиға №63 автобуста болған. Видеода ақсақал домбырасын қолға алып, жолаушыларға жанды дауыста ән шырқайды. Автобус ішіндегі жолаушылар да оның өнерін ықыласпен тыңдаған.
Жолаушылардың бірі әлеуметтік желідегі жазбасында Әбдіразақ есімді атаның орындауындағы әнді тыңдап отырып, жолдың қалай қысқарғанын байқамай қалғанын жазған.
Қарапайым ғана сапардың ерекше сәтке айналғанын айтқан желі қолданушылары ақсақалға амандық пен ұзақ ғұмыр тілеп, қазақтың домбырасы мен әнінің қоғамдық ортада осылай дәріптелуін жылы қабылдады.