6 қазанда Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен келіссөз жүргізді. Тараптар тікелей әуе рейстерін көбейту, экономикалық байланысты нығайту және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, бұл кездесу екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Тоқаев Қазақстанның Оман үшін сенімді серіктес болуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ қосымша тікелей коммерциялық рейстер ашу туристердің қатынауын жеңілдетіп, өзара байланысты жандандыратынын айтты.
Кездесуде "Доңға" мұнай кен орнына қатысты келісімге де назар аударылды. Президент бұл құжат екі мемлекеттің мұнай саласындағы әріптестікті жалғастыруға ниетті екенін көрсететінін атап өтті.

Ынтымақтастықтың басым бағыттары
Келесі жылы Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Тоқаев осы кезеңде өзара құрмет пен қолдауға негізделген берік байланыс қалыптасқанын айтты.
Келіссөздер қорытындысында энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау салаларын қамтитын құжаттарға қол қою жоспарланған. Бұдан бөлек, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылданбақ.
Президент іске асырылып жатқан ортақ жобаларға да тоқталды. Олардың қатарында «Доңға» кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority қатысатын бірлескен инвестициялық қор, қонақ үй мен шипажай инфрақұрылымын дамыту бастамалары бар.

Оман тарапы қандай ұсыныс айтты?
Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанмен энергетика, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, қаржы, туризм, технологиялар және жасанды интеллект бағыттарында байланысты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
Оман Сұлтаны екі елдің географиялық орналасуы сауда мен тасымалды дамытуға қолайлы екенін атап өтті. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын сауда жолдарының бойында орналасса, Оман порттары Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты тараптар Оман порттары арқылы сауда дәліздерін дамыту және әуе қатынасын жандандыру мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Оман Сұлтаны Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы уақытта еліне сапармен келуге шақырды.