Шавкат Рахмонов мамырда чемпиондық атаққа таласпайтын болды
Ол жарақатын емдеп үлгермеген.
Жартылай орта салмақта UFC рейтингінде екінші орында тұрған Шавкат Рахмонов пен лиганың қазіргі чемпионы американдық Белал Мухаммад кездесуі өтпейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Шавкат пен Белал айқасы мамыр айында өтуі тиіс еді, алайда UFC бүгін Мухаммад пен австралиялық Джек Делла Маддалена 10 мамырда Монреальда (Канада) кездесетіні туралы ақпарат жариялады. Осыдан соң Шавкаттың өзі мәлімдеме жасап, жарақатын емдеп жатқанын айтты.
Белбеуге төбелесу туралы ұсынысты алдымен маған жасағаны үшін UFC-ге алғысымды білдіремін. Өкінішке қарай, жарақатыма байланысты мамырға дейін дайын болып үлгермеймін. Жеңімпазбен биыл кездесемін, деп жазды Шавкат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақта чемпиондық атаққа таласуға үміткер атағын 2024 жылғы желтоқсанда жеңіп алды. Сол кезде ол ирландиялық Иэн Гэрриді ұтты.
Фото: Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images