Шет мемлекет атауларын жаңа әліпбиде қалай жазу керек?
Қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиінің соңғы нұсқасы ұсынылғаннан бері жұртшылық қызу талқылау үстінде, өз пікірін айтып, шынайы жанашырлық та білдіріп жатыр.
Ономастикалық терминологияда шеттілдік топонимдік атауларды шартты түрде экзонимдер деген халықаралық қолданыстағы терминмен белгілейді, яғни экзо-тыс, сырт+оним атауы қалыптасқан.
Әлемде қазір 200 мемлекет бар екен, оның сыртында «Дүниежүзілік саяси карта» бетіндегі атаулар бар, олардың жалпы саны 3657. Әлі ереже дайындалған жоқ, ағымдағы жылы жоспарланып отыр. Бірақ осы мәселені алдын-ала зерделеп те көрдік. Оңай емес екен. Дегенмен лингвистикадан ауылы алыс ағайын да өз жобаларын ұсынып, мына әріпті алған жөн, өз сөзіміз бен шеттілдік сөздерді былай жазған дұрыс деп жатыр. Әрине, ол ұсыныстар әуесқойлық деңгейдегі екендігін мойындау керек. Сөйтіп көпшілік әп-сәтте тілдің, тіптен фонетиканың «маманы» болып шыға келді.
Жалпы шеттілдік ономастикалық атауларды, яғни өзге елдердің жер-су атауларын жаңа латынграфикалы әліпбиде жазудың екі жолы бар: біріншісі, дағдылы дәнекер тіл орыс тілі арқылы қалыптасқан жазуда қалдыру, тек графикасы өзгереді, екіншісі, қазақ тілінің заңдылығына сай икемдеп, сындырып жазу, мейлінше жаңаша игеру.
Экзонимдер тізімін саралау барысында ереженің біршама маңызды тұстарын айқындадық. Кейбіреуін ортаға салып көрелік. Көптеген мемлекет атаулары –ия қосымшасымен келетіндігі белгілі. Бұл қосымша ежелгі Рим дипломатиясынан қалған мұра, латын тілінен бастау алатын тілдік штамп екен. Алайда осы штамптан қазақ тілі арыла ала ма? Одан арылған біраз атаулар ізімен осы жұмысты жалғастыруға болатын сыңайлы, мысалы, Россия – Ресей, Индия – Үндістан, Венгрия – Мажарстан сияқты Арменияны Әрменістан (армян тіліндегі түпнұсқа атауы Айастан екен, түрік, әзербайжан тілдерінде Ерменистан, ал Грузияны Жоржия демей ақ, Гүржістан деуге келеді.
Тіл білімі институтына мемлекет атауларын жазу жөнінде түрлі ұсыныстар келеді, соның ішінде Дүниежүзілік саяси картаны түгелдей аударып шығу немесе сол мемлекеттердің түпнұсқа ұлттық тілдерінде жазу (өз өзін атау – автоэтноним немесе автополитоним) сынды жөн-жосықсыз ұсыныстар да кездеседі. Мәселен, Үндістанның хинди тіліндегі атауы Бхарат немесе Бхаратаварши, Грузия – Сакартвело, Финляндия – Суоми, Германия – Дойтчланд және т.б. Мұның, әрине, ешбір қисыны жоқ, біріншіден, атау географиялық танымалдылығынан (идентичность) айрылады, екіншіден еліміздің картографиялық, бұқаралық, ғылыми-ақпараттық, іскери, білім беру, халықаралық қатынас және т.б. ауқымды салалар кеңістігінде бейретсіздік, хаос тудырады. Әр тілдің түпұсқасын анықтап отыру, стандарттау қай жағынан болса да мүмкін емес.
Осы кезге дейін тілімізде қалыптасқан атаулар қала бермек, мысалы, Мәскеу, Ұлыбритания, Орынбор, Жапония, Мажарстан, Ыстамбұл, Теһран, Пәкістан, Бейжін, ал Германия атауы Алаш зиялыларынан бастап Алмания деп аталғаны белгілі, қазіргі кезде де кейбір журналистердің қолданысында кездеседі. Орыс жеріндегі Орынбор, Астрахан, Түмен, Тобыл сынды атауларды қазақ тілінде жазамыз.
Әлем картасын түбегейлі өзертпесек те, жаңа әліпбиіміздің ішкі әлеуетін пайдалану, қазақ тілінің табиғатына сай мүмкіндігінше игеріп жазу көзделіп отыр.
Ол экзонимдер құрамындағы жеке орфограммаларға қатысты: дж, нг әріптіркестері мен һ мен г әріптерінің қолданысы. Таратып айтсақ, дж тіркесі қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне жат құбылыс. Сондықтан дж дифтонгымен кездесетін экзонимдер жалаң ж әрпімен таңбаланады: Джомолунгма-Жомолунгма, Джакарта-Жакарта, Джеймстаун -Жеймстаун т.б. Бұл атаулардың бас әріптері ағылшын тілінде де J (ж) әрпімен таңбаланған. Бұл жайт араб тіліндегі Джидда, Шарджа т.б. атауларға да қатысты келеді.
Кейбір шеттілдік атауларда ағылшын тілінде нг әріптіркесі жазылғанымен, қазақ тіліндегідей ң болып айтылады екен, мысалы, Бангладеш брит. [ˌbaŋɡləˈdeʃ]; Вашингтон Washington, D.C., МФА: [ˈwɑʃɪŋtən]; Кингстон, ағылш. Kingston [ˈkɪŋstən]; Нерюнгри якут. Нүөрүҥгүрү; Ноттингем, ағылш. Nottingham [nɒtɪŋəm] және Гонконг-Hongkong сынды атауларды қазақыландырып Honkoŋ деп айтылып, жазылса деген ұсыныс айтамыз.
Сондай ақ шеттілдік топонимдердегі һ және g графемаларының қолданылу жайына да қысқаша тоқталсақ. Орыс тілінде Г әрпімен басталатын топонимдердің көбі ағылшын тілінде һ әрпімен жазылады екен, яғни түпнұсқаға жақындатып жазу көзделеді. Мәселен, Гаити – Gaıtı емес, Haïti, Гамбург - Gambýrg емес, Hambýrg.
Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек деп есептейміз. Өйткені әр мемлекет өзге мемлекеттегі ономастикалық атауларды ешкімге жалтақтамай өз тілінің орфографиясына, фонетикалық табиғатына үйлестіріп, тіптен мүлдем басқа сөзбен де жазып, транслитерациялайтындығы белгілі. Оған көптеп мысалдар келтіруге болады. Бір ғана Германия атауын алайық: словак тілінде Nemesko, серб. Немачка, пол. Niemcy, норвег. Tyskland, литов. Vokietija, мажарша. Nemetorszag, баск.испан. Alemanian, эстон. Saksamaa, фин.Saksa, бірқатар еуропалық тілдерде - Duitsland, Germania деп аталады екен.
Біздің ойымызша, шет тілдегі географиялық атауларды қатты өзгеріске ұшыратпай, танымалдылығын сақтау үшін бастапқы кезеңде бірлі-жарым ғана дыбысты, әріпті өзгерткен жөн.
Сондықтан шет тілінен енген жалқы есім болсын, жалпы есім сөз болсын алғашында тек транскрипцияға ғана бағынады, қабылдаушы тілдің орфографиясына, емлесіне қатаң түрде бірден икемделмейді, бүкіл лексикалық қорға тарамайды.
Басқаша айтсақ, қандай да бір шеттілдік сөзді қабылдағанда, қабылдаушы тілде рецепиент тілдегі сәйкес әріптер жоқ болған жағдайда орфоэпиялық, айтылу нормасына жүгінеді. Алайда географиялық атаулардың, әсіресе, картадағы атаулардың жөні бір бөлек, олар құжаттық дәлдікті, нақтылықты қажет етеді. Осыны да естен шығармаған абзал.
Қыздархан РЫСБЕРГЕН
филология ғылымдарының докторы,
Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі