«Халық арна» тек діни арна емес екен 

Malim Админ

  • 07.11.2020

ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров  Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында жаңадан ашылған «Халық арна» телеарнасының жұмыс жайын айтып өтті.

«Халық арна» тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді. Біз эфир бағытын ислам дінінің дұрыс танымын жеткізу, асыл құндылықтарын дәріптеумен қатар, тарихи тағылымдық жағына, қазақы салт-дәстүрге басымдық береміз. Эфирді сапалы контентпен толтыру оңай емес екені мәлім. Сол үшін арнайы жобалар мен талғампаз көрерменнің ойынан шығатын бағдарламалар дайындалып жатыр, - деді ол.

Діни басқарма  төл арнасын ашу жыл басынан қолға алынып,  мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңына жоспарланыпты.  Қазір мүфтияттың қолындағы медиа жобаларға қарасақ, «Иман» журналы, «Мұнара» газеті және 21 сайты жұмыс істеп тұр.   Бұдан бөлек, мүфтият жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясы бар. Бұл студия діни, рухани бағыттағы аудио, видео өнімдерін жамағатқа он жылдан бері ұсынып келеді.

Жаңа телеран жеке ғимарат, материалдық-техникалық қажеттіліктермен жабдықталыпты.  Арна «Отау тв», «ID TV» цифрлық арнасы арқылы елдің түкпір-түкпіріне таратылмақ.