Жұматай Көксубайұлы. "Жалғыздық, жалықтырып алдым сені..."
Есімде
Арқалайтын арқар белдер асыл ой,
Қараша айы, бізде қыстың басы ғой.
Қыз дегеннен күз дегенге өзгерген,
Жапырақтар сары кемпірдің шашы ғой.
Қойымды айдап қошқар мүйіз белдерде,
Өлең оқып беруші едім ерменге.
Деп ойлаушы ем қырқаларды ғасырдың,
Керуенінен қалып қойған теңдерме?
Сәл езіліп пысқанындай өріктің,
Мен іңірдің тәтті шағын көріппін.
Бүлдірген бет, таңқурай шаш, күн сұлу,
Қараша да менің жалғыз көріктім.
Ата таулар, салалаған сақалын,
Самал желмен жіберетін мақалын.
Жалғыз досын күте-күте жалығып,
Жұлдыз жерге ағып келе жататын.
Өз тілінде ұзақ-ұзақ сөйледі,
Анау бұлттар қыстың жазар сөйлемі.
Ақ ұлпаға айналатын осылай,
Қарашаның қоңыр торғын көйлегі.
Бүгін ойлап кеңсірігім тұр ашып,
Сол дүбірі жүрегіме ұласып.
Топ құйрығын айға қадап кісінеп,
Күрең айғыр кетті үйірі қыр асып.
О, Қапсалаң, мені мұңға көндірдің,
Барамын деп өзімді алдап сендірдім.
Сағынышты ішіп-ішіп тауыса алмай,
Жалғыздықты құшақтап ап мен жүрмін.
Кешір!
Ауылым
Түйе өркеш, қоян жонды, түлкі бауыр,
Тауымның туысы еді бұлты да ауыр.
Аспанға алақанын жайған көкпен,
Түрленіп кеткен шығар, шіркін, ауыл.
Қарашыдан басталған орақ бұлақ,
Қапсалаңды ағатын орап құлап.
Тәңір таудың шыңдарын құрсаулайтын,
Мәңгілкке шешілмей сол ақ тұмақ,
Аспан түріп алғандай түңілігін,
"Жаратқанның қызды-ау деп күні бүгін".
Шешем кейде осылай күбірлейтін,
Қырқаларға көз тастап құлын мұрын.
Сары қурайдың сабына сөз ілгендей,
Жел түрткенде боздайтын бозінгендей.
Күн батыстан құлаған көлеңкелер,
Қызыл жардың түбіне көз ілгендей.
Құлагерлі мекендер күміс ерлі,
Күмісіне көз салып күн ішеді.
Жалғыз ара ұшады жанай сені,
Домбырадай үзілген бір ішегі.
Осы шақ қоян үркіп қашқан белге,
Қаз мойын түтін жүзіп аспан көлде.
Сиырлар сыйырағымен сырға тоқыр,
Бақайын балпаң-балпаң басқан белге.
Сендерге бермесін деп алапат күн,
Шешем бәрін тілейтін шарапаттың.
Иегін изен белден асыратын,
Күрең сайға кілкіген қарақат түн.
Ауыл ғой ол...
Арман
Шешендердің сөзінен,
Төр орнатып берейін.
Бүкіл қыздың көзінен,
Көл орнатып берейін.
Айдың әппақ нұрымен,
Айна жасап берейін.
Жұлдыздардың жүзінен,
Саған сырға терейін.
Жапырақтың тамшысын,
Алқа етіп берейін.
Ажарыңды кірлетпей,
Жанарыма бөлейін.
Найзағайдың жарқылын,
Шарпың етіп қояйын.
Бұлбұлдардың барлығын,
Әншің етіп қояйын.
Ақша бұлытты гүлімен,
Көрпең етіп қояйын.
Кемпір қосақ нілімен,
Кірпігіңді бояйын.
Сәбилердің күлкісін,
Шашып қоям жолыңа.
Мен ауадан басқасын
Ұстатпаймын қолыңа.
Мен осылай бақытты,
Қылсам деп ем өзіңді.
Сен басқамен кеттің де,
Қайран арман көз ілді.
Қар жауып тұр
Жауып тұр қар жауып тұр,
Өлкеде мынау бүгін.
Ал жерге жазып жатыр,
Табиғат қырау жырын.
Осы қар сағынышты,
Жырымның парақтары -
Аспаннан сусып түскен,
Аққудың қанаттары.
Кірпікке қатқан тамшы
Кетуге асығады.
Шақырып боран мені,
Амалсыз басылады.
Күздегі орман қыздың,
Көйлегін тонағандар.
Бұлттан сыйлап жатыр,
Ақ ұлпа орамалдар.
Мезгілдің қиқымдары,
Ауаның көбелегі.
Далама уақыт әні,
Жел болып себеледі.
Үкідей ұшып келіп,
Мекендеп ана жерді.
Жүректей бүлкілдеп ап,
Паналар дала, белді.
Аспанда желтоқсанда,
Жұлдыздар ағады кеп.
Ал, шыңдар ақ пердеден,
Тон киер жағалы көп.
Біреуді сағына ма,
Қарға үні тыншымайды.
Ол нені ойлайды екен,
Ақтөсім қыңсылайды.
Терезе әйнегінен,
Сан сурет көрінеді.
Ар жағы торғын белге,
Күміс зер төгіледі.
Жүргендей кеңестікте,
Қыдырып қалқып әлі.
Ұйқасқа тағылмаған,
Өлеңнің шарпылары.
Алмасқан маусымдарды,
Көрдім де елжіредім.
Әсілі ақын емес,
Аунаған мезгіл едім.
Бақытсыз жан
Әзіл сезімде қағытқан,
Сол жеңгем қайда, мамашым,
Былай деп сырды ағытқан,
Екеуі жайлы анашым.
Ауылдың төмен жағында,
Бар еді жесір келіншек.
Қосылған ағаң сабына,
Көбейіп кеткен келімсек.
Жесірден бақыт сұраған,
Ағаңды байлап тас бұрым.
Сол күні жеңгең жылаған,
Жалғанға көміп жастығын.
Деп жеңгең кетті үйіне,
Бақытты күндер қош барлық.
Сұрамай сынық дүние,
Сұрапты жалғыз бостандық.
Алыс қаланы бетке алып,
Қош айттым жұртқа екпеттеп.
Ақ жол деп қалды көп халық,
Ауданға келдім кетпек боп.
Жеңгемді көрдім вокзалдан,
Ораған мұңға білекті.
Жауыздық көрдім сол маңнан,
Жылатып алдым жүректі.
Қадалып ұзақ қарадым,
Самайына ақ гүл өсіпті.
Тарқатса күнді жабатын,
Қолаң шаштарын кесіпті.
Көңіліннен елдің сан аунап,
Күледі бірде жылайды.
Әлде кімдерге аялдап,
Әлде нелерді сұрайды.
Қос көзі кеткен ажардан,
Орындалмаған арманы.
Шашылып түсті жанардан,
Бақытты күннің маржаны.
Адамның ойын тағдыры,
Ойлаймын өзім отырып.
Шындық қой нәпсі барлығы,
Махаббат бары өтірік.
Құлазу
Сен мені ұмыттың ба, оқырманым,
Есімде сені күтіп отырғаным.
Бақ ішінде мен сені қарсы алғаным,
Ойымда арман жайлы ән салғаның.
Сол киноны көрдім деп жылағаның,
Пенделерге бір бақыт сұрағаның.
Бақытсыздар жайлы көп айтатының,
Бірақ мен бақытты боп қайтатыным.
Әлгі бір романын бір ағаның,
Айтатынсың сыншылар сынағанын.
Мен ұнатқан ақынның бір өлеңін,
Желімен бірге сен едің жіберетін.
Әзілме ұзақ күліп алатының,
Кей сөзіме бұртия қалатының.
Шарфыңның жібін үзіп алған кезім,
Сәл өкпелеп сөйлемей қалған кезің.
Топ ағаштың ішіне бұғынғаның,
Сол күні сәби болып туылғаның.
Өлеңіме көп мақтау айтатының
Сол күні ұлы ақын боп қайтатыным.
Би кешіне барсам деп өтінгенің,
Бармайсың деп айтып ап өкінгенім.
"Аға осы махабат не?" деп едің,
Ол тұрмыстың сіңілісі деген едім.
"Сіз мені сүйесіз бе" деп күлгенің,
Сағынамын алысқа кетпе дедім
Бүл күнде сезінгенім байқағаным,
Маған өлең арна деп айтпағаның.
Сен мені ұмыттың ба, оқырманым,
Есімде сені күтіп отырғаным.
Сырласу
Тарих сіңіп қалған топырағым,
Самалға шашын сүрткен шоқыларым.
Мен ылғи жалғыздықты қасыма алып,
Сен жайлы әңгіме айтып отырамын.
Қар жауғанда ғасырдың қабағынан,
Үзіліп түскен едім сабағымнан.
Мен осы еркіндікке құлаш ұрып,
Туған жер тамып кеткем жанарыңнан.
Отымызды анамыз жаққанда ерте,
Ақ орамал ұшатын аспан көкке.
Еркіндігім секілді егіз лақ,
Балалығын жетелеп қашқан бетке.
Байқаймын терезеден түн ұшқанын,
Күнді толғатқанында күміс таңым.
Сарысы секілденіп сәл тұрады,
Содан соң ағындай боп жұмыртқаның.
Қурайдан да бір әуен суырылып,
Самал жел саз шғарып қуып іліп.
Жеңгемнің ас пісрген қазанында,
Торғайлардың шырылы қуырылып.
Жаңбыр емес төгіліп тұнық тәтті,
Сырғасына толтырар сынық бақты.
Бұйра көбік кілкіген бұлт шарап,
Тостағанды сайларға тұнып қапты.
Өзен ағар сүйіп жердің күлгін бетін,
Жалқы жолы секілді жырдың жетім.
Балалығым шашылып қалған белден,
Бүлдірген деп үзгемін қыздың бетін.
Көбелек ұшса қанат еппен қағып,
Қанатынан көкшілдеу көктем тамып.
Аңыз исі аңқыған ата таулар,
Қабырғасын секілді сөккен балық.
Іңір осы секілді ұйыған қан,
Шарап дерсің бокалға құйып алған.
Бірде ол жиірен тілді атам сынды,
Көкжиектің көзінен сүйіп алған.
Биікке қойып қойған балгүлшемді,
Ай деп ойлап алыпты әркім сені.
Мен осы Қапсалаңды айта беріп,
Жалғыздық, жалықтырып алдым сені.
Үміт
Ауырлау кірпігімнен
Жеңілдеу көлеңкемнен.
Көміліп сағынышқа
Кеттім мен кең өлкемнен.
Табаным аймаласып,
Тарайды тас қаланы.
Мен осы вокзалдарда,
Күтемін Қапсалаңды.
Ол келіп қалатындай,
Сыртымнан күлетіндей.
Қапсалаң қолтықтасып,
Менімен жүретіндей.
Кофеге сөз аңқыған,
Айтқызбай түсетіндей.
Домбыра шанағына,
Мұң құйып ішетіндей.
Бір өлең оқитындай,
Бір әзіл айтатындай.
Ауылым маған келіп,
Ауылына қайтатындай.
Мен одан көп әңгіме,
Тұрамын сұрайтындай.
Кетпеші, кетпеші деп
Қалшы деп жылайтындай.
Мен оны сүйетіндей
Ол маған сенетіндей,
Бір күндер болатындай,
Бір бақыт келетіндей,
Тұрады...