Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры жанындағы Орыс театры өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Мерейтойлық шаралар театр сахнасындағы премьерамен басталды.
Көрермен назарына италиялық драматург Карло Гольдонидің «Кьоджинские перепалки» пьесасы негізінде қойылған лирикалық комедия ұсынылды. Қойылымды театр труппасымен бірге Мәскеуден арнайы шақырылған режиссер Ильдар Хуснуллин мен суретші Анна Бовина сахналады.

Мерейтой аясындағы салтанатты марапаттау рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Аймақ басшысы театр ұжымын мерейтоймен құттықтап, Орыс театры өңірдің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, театр тарихы 1936 жылы Николай Гоголь шығармасы – «Үйлену» пьесасының қойылымынан бастау алған.

Сондай-ақ облыс әкімі театр ардагерлері мен мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген ұжым мүшелерін марапаттады. Бұдан бөлек, театр ұжымына арнайы автобус сыйға тартылды.