Белгілі ғалым алғашқы адамдар түркі тілінде сөйлегенін мәлімдеді
«Бірақ ат-атағым жоқ болғандықтан оны бірден жар салып айта алмадым...»
Жазушы, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында тосын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазір генетиктердің молекулада сақталып қалған тұқым тек қорын анықтайтын ДНК тәсілін тапқаны бұл мәселені шешуге кәдімгідей кең жол ашты. Осы тәсіл бойынша олар қазіргі адамзат баласының жаратылғанына 200 мың жыл болғанын анықтады. Біз бұдан бұрын 1 миллион 700 мың жыл, 2 миллион жыл деп жүрдік. ДНҚ қорытындысын ғылым да мойындап отыр.
Бұрын адамдар «әр жерде жаратылған», «бір жерде жаратылған» деген ұғым бар болатын. ДНК сол екі түрлі көзқарасқа нүкте қойып, «адамзат баласы бір жерде жаратылған, олардың алғашқы мекені Оңтүстік Шығыс Африка» деген көзқарасты дәлелдеп шықты. Егер генетиктердің осы дерегі шындық болса, онда Вавилов атындағы генетика институтының ғалымдары айтқандай, алғашқы адамзат баласы бір жерде 10 еркек, 18 әйелден жаратылсын, болмаса дін тарихы көрсеткендей Адам Ата мен Хауа Анадан жаратылсын, бәрібір олардың ұрпақтарының бірден әр тілде сөйлеп кетпегені анық қой. Олар тек бір тілде ғана сөйледі. Олай болса, ол тіл қай тіл? – дейді жазушы.
Ғалым Египеттің ел-жұрт, жер-су аттарының түрікше, нақтырақ айтсақ, қазақша сөйлеп тұрғанын байқаған.
Қазақта «жоқтан бар болмайды, бар ізсіз кетпейді» деген сөз бар емес пе, сол ізді табу үшін бәрін қойып, Египет (Бұл сөз де біздің тіл, өзеннің «екі беті» деген сөзден шыққан) тарихын зерттеуге кірістім. Сонда жер тарихын, ел тарихын, діни деректерді, мифологиялық, археологиялық деректерді, көне жазуларды ақтарып отырып, Геродоттың «Гректің құдайларының бәрі де гректердікі емес, ол Египеттің жабайылары» деген сөзін таптым. Бұған бұрын сәп салмаған екенмін. Осыдан кейін гректің құдайларын зерттесем, грекше аздап бұрмаланғаны болмаса, бәрінің аты қазақша болып шықты. Бірақ Египеттің жабайылары деген кімдер?
Ол жөнінде ешқандай дерек жоқ. Осының жауабын іздеп жүргенде ДНК зерттеуінен кейін өздерінің славянтектес емес екенін білген орыстар өздерінің төл тегін фольклордан іздеп, фольклорлық, мифологиялық шығармаларды баспадан топтап шығара бастады. Соның қатарында мифологияның 2 томдық энциклопедиялық сөздігі жасалды. Осы сөздікте: гректің өліні тірілтетін құдайының аты «Осирис», Африка жабайыларының тілінде оны Усир (Өсер) – деп жазған. Оның әйелін гректер Исида, ал египет жабайлары Ісет дейді. Несін айтасың, грек тарихындағы грек құдайлардың бәрі түркіше сөйлеп тұр. Осылайша, адамзат баласының тілі шыққанда түркі тілінде сөйлегеніне көзім жетті. Бірақ ат-атағым жоқ болғандықтан оны бірден жар салып айта алмадым. Сөйтіп жүргенде 2008 жылы мәскеулік ғылым Юрий Николаевич Дроздовтың «Көне Еуропа халықтарының түркілік атауы» деген кітабы шықты, - дейді ғалым.
Фото: интернеттен