Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаев
Бүгін танымал жазушы, биыл 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаевтың (1924-2991) туған күні.
«Менің атым – Қожа» повесі әлемнің алпыстан астам тіліне аударылды. Режиссер Абдолла Қарсақбаев осы аттас кино түсіріп, 1967 жылы Францияның әйгілі Канн кинофестивальінде «Үздік шетелдік фильм» номинациясын жеңіп алды. Ең қызығы, киноның жүлде алғанын режиссер мен сценарий авторы білген жоқ. Кеңес одағы оны жасырған...
Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған.
Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Он алты жасар чемпион», «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған.
Биыл жазушының 100 жылдығы өзінің туған жерінде кеңінен аталып өтті. Жазушының ескерткіші тұрғызылып, ғылыми-танымдық конференцияға еліміздің және шетелдің ғалымдары қатысты.
Соқпақбаев туралы белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев: «Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда, көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес», – деп баға береді.
Ал Қадыр Мырза Әлі болса, өзінің «Иірім» кітабында былай деген:
«Мен Бердібек Соқпақбаевтың ерте таныдым. Тіпті өзін көрмей жатып білдім. Әрине, кітаптары арқылы. Кейін «Балдырған» журналы ашылып, екеуміз де сол журналға әдеби қызметкер болып орналастық: Бекең ол кезде Мәскеудегі Жоғары Әдеби курсты бітіріп жақында ғана елге оралған. Жай оралған жоқ. Жаңа бағыттағы жаңа жазушы, балалар әдебиетінің классигі болып оралды. Бүкіл кеңес әдебиетінің, соның ішінде Қазақ кеңес әдебиетінің жалған бағыттағы жәдігөй әдебиет екенін түсініп келді. Республиканың республика емес, колония екенін ұғып келді. Сол жылдары Ташкентте Азия және Африка жазушыларының халықаралық көнференциясы өтті. Міне, осы конференцияға ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі «Бізді арнайы шақырыңыздар! Біздің айтатын уәжіміз бар. Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз...» деп телеграмма беріп, біздің саққұлақтарды біраз састырған. Ол заман үшін мұның өзі барып тұрған ерлік болатын. Жай ғана ерлік емес, көзсіз ерлік! Ол кәдімгі қан қақсаған сорлы әдебиеттің ышқына шыққан жан дауысы еді».
Біз бұдан қаламгердің Кеңестік империяға қарсы көзқараста болғанын байқаймыз. Осы істері үшін ол танымал шығармаларының молдығына қарамастан, тиісті бағасын алмады. Оның өлімі туралы да көптеген жұмбақ жайттар бар...