Қазақ жерін қорғап қалған қайраткер Жұмабек Тәшенов

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысында дүниеге келген. 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында дүниеден өтті. Оның ресми құжаттағы фамилиясы Тәшенев деп жазылған. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол солтүстік облыстарды Ресейге, Оңт.стіктегі мақта егетін өңірлерді Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға беруге қарсы шығып, қазақ ддаласын қорғап қалды.

Malim Админ

  • 17.09.2024

Жұмабек Ахметұлы – қазақ тарихындағы шоқтығы биік мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласына жақын жердегі Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында дүниеге келген.

Жұмабек Ахметұлы өзінің өмірбаянында 1928-1940 жылдары комсомол мүшесі болғанын көрсетеді. Кеңестік заманда комсомол ұйымы партияның қолқанаты саналатын. Комсомол мүшесі партия қандай жұмысқа жіберсе сонда баруға міндетті болды. Жас Жұмабек Ақмоладағы жастар ұйымының жұмысына қатысып, қала жастары арасындағы қоғамдық-саяси жұмыстарды жүргізуде ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.

1928-1932 жылдары шаруа жастары мектебінде білім алуы, Ғаяз Абдуллин, Мәлік Тәукенов сияқты зиялылармен араласуы, алдыңғы қатарлы қазақ және орыс әдебиетімен танысуы оның дүниетанымын кеңейтті. Ол 1933 жылы ағасы Манаптың ақылымен Ақмола құрылыс техникумына оқуға түседі. Талапты жасты партия басшылығы техникумдағы оқуын аяқтатпай 1934-1938 жылдары Красноармейский, Ақмола, Вишнев, Нұра аудандарына жауапты қызметтерге жібереді. Арнаулы орта білім алған, екі тілде оқып, жаза білетін, іскерлік қабілеті бар қазақ жастары ол кезде кеңес-партия жұмысына ауадай қажет болатын. Жастайынан еңбекке ысылған ол 1934-1944 жылдары Ақмола мен Қарағанды облыстарында шаруашылық және кеңес органдарында қызметтер атқарды. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысында түрлі салада жауапты қызметтер атқарды.

1954 жылы Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Н.С. Хрущевтің волюнтаристік шешіміне қарсылық білдіргені үшін Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Ж.Ш. Шаяхметов қызметінен босатылады. 955 жылы сәуірде Ж.А. Тәшеневті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы етіп сайлайды. Міне, осылайша Ақтөбедегі қызметінен кейін 1955-1960 жылдары Жұмабек Ахметұлы 5 жыл республика парламентін басқарды. Оның осы кездегі  сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамаларынан уақыт өте келе партия органдарының жұмысын көбірек сын көзбен бағалағаның көруге болады. Сталинизм құрбандарын ақтау жөніндегі Комиссияға басшылық ету оған тікелей тапсырылып, ол репрессия құрбандарының адал есімдерін қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. Сонымен қатар Ж.А. Тәшенев халықты орналастыру мәселесін шешуде де белсенді болды. Комиссия төрағасы ретінде Ж.А. Тәшенев сотталғандарды ақтау ісінде ғана емес, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасыларын, ата-аналары лагерьлерде қаза тапқан балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде де көп жұмыстар атқарды. Мәселен, осындай отбасыларға арнап салынған үйлерден Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха және басқалар пәтер алды. Оның тікелей атсалысуымен Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың және басқа да сталиндік қуғын-сүргіннің темір құрсауына түскен тұлғалардың шығармалары қайта басылып, жарыққа шықты.

1960 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Компартиясы ОК-нің Пленумында Н.И. Беляев қызметінен босатылып, орнына Д.А. Қонаев сайланды. Осы Пленумда Ж.А. Тәшенев республика Министрлер Кеңесі Төрағасына ұсынылды.

Жұмабек Ахметұлы 1960 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне бекітіледі. Ол кезде үкіметтің ресми атауы «Қазақ КСР Министрлер Кеңесі» деп аталатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі – кеңестік замандағы республикадағы мемлекеттік биліктің жоғары атқарушы және басқарушы органы болатын. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде болғанда, 212 пәтерлік үлкен, жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Қазіргі Алматы қаласындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы сол үй бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенев үйі» деп аталады. Бұл үйге қоныстанған танымал қайраткерлердің арасында Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалым Әбді Тұрсынбаев және т.б. болды.

Алматының қақ ортасындағы батыстан шығысқа қарай шамамен 12 шақырымға созылатын кең даңғылға Абай есімін бергізіп, қазіргі Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткішінің лентасын қиған да Ж.А. Тәшенев болатын.

Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды.

«Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

MalimBlocks
Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ