Мұхтар Мағауин. ЖҰМАБЕК ТƏШЕНОВ

Malim Админ

  • 21.01.2021

Орыс-совет отарлық қыспағындағы қандыбалақ ХХ ғасыр – Əлихан Бөкейханов пен Смағұл Садуақасовтан соңғы кезеңдегі бірден-бір ұлттық мемлекетшіл, қайтпас қайраткер, қазақ халқының қаһарман перзенті Жұмабек Тəшеновті мен бағзы бір дəуір – студент кезімде тым жақыннан, бірақ сырттай екі рет көріппін.

Алғашқыда, 1959 жылдың басы болса керек, Қазақ университетіне, студенттермен кездесуге келді. Ол кезде, тіпті бүгінгі күні де ақылға сыймайтын, қисынсыз жағдай. Жұмабек Тəшенев, Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының төрағасы. Бұрнағы Үкімет үйі, ендігі бас корпусымыздағы ауқымды Мəжіліс залына қазақ, орысымыз, қаншама оқытушы ұстаздар бар, лықа толдық. Біз тобымызбен алдыңғы – екінші, əлде үшінші қатардан орын алып едік. Көп күттірмей, дəл уақытында келген. Орта бойлы, дембелше, бұғағы шығыңқы, құлжа мойын, дөңгелек бет, аққұба кісі екен. Сылбыр, үздік-создық қол соғылып болар-болмаста мінберге көтерілді. Орысша сөйлеген. Əңгіме тақырыбы – оқу-білім, жаңа заманға сай жаңа ұрпақтың қалыптасуы тұрғысында болды. Ол үшін жоғарғы мектеп атаулыда оқу, мамандық игеру сапасын қазіргіден де көтере түсу қажет екен. Ал əуелгі білімді негіздейтін орта мектептерде міндетті программаны жаңарту, жетілдіру қажет. Бүгінгі өмірге жақын, нақты тəжірибе сабақтары қамтылса. Ал қазақ балалары үшін бастауыш кластардан соң, математика, химия, физика қатарлы техникалық пəндер орыс тілінде жүргізілуі шарт. «Чтобы наши ребята могли свободно поступать в любой ВУЗ Советского Союза, в том числе в Московский и Ленинградский университеты, а также в другие центральные учебные заведения» – «Біздің балалар Совет Одағындағы кез келген жоғарғы оқу орнына, оның ішінде Москва мен Ленинград университетері һəм орталықтағы басқа да оқуларға еркін түсуі үшін», – деген. Ол сөз бізге ұнамады. Үлкен кісіге сұрақ қою мүмкіндігі туралы айтылмаған. Əйткенмен, санаулы болса да əрқилы жазбалар жолданып жатты. Осы орайда, біздің топтан: «Бостандық ауданынан соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбекстанға қашан беріледі?» – дейтін қырыс сұрақ кетті. Сауал иесі мен едім, қаламы жəне қағазы бар Бақыт Сейітжанов дəйектеді. Алдыңғы жігіттеріміздің бірі тура өз қолына апарып берген. Тəшенов дүр сілкінгендей, еңсесін жазып, жалпы жұрт – студенттер қауымына барлай қарап, қиғаш сұрақты оқып шықты да, қазақша: «Бостандық кетті. Алдағы уақытта Оңтүстіктен ұлтарақтай да жер берілмейді!..» – деген. Ол кезде біз білмейміз, ғұзырлы орында отырған Тəшенев Бостандық ауданын Өзбекстанға өткізу туралы жоғарыдан түскен нұсқауды əуелде қабылдатпай тастаған екен, арада біраз уақыт өткенде, 1956 жылдың февраль айында зорлықшыл жарлық күшіне енеді. Жəне дəп осы, университеттегі кездесу кезеңінде тағы үш ауданды Қазақстаннан жырып алу туралы əңгіме шығыпты. Алайда Жұмабек Тəшенев жол бермей тұр екен. Ақыры, көп ұзамай-ақ, күзге қарай Хрущев зорлыққа басып, Оңтүстіктің Мақта арал, Киров, Ильич деген үш ауданы жəне Қызылорда облысының шегінен көршіге уақытша пайдалануға бөлінген тағы бірталай жер – жиыны 35 мың шаршы шақырым ұлан аймақты Өзбекстанға өткізеді. Жəне сонымен қатар, енді бүткіл Солтүстік Қазақстан – «Целинный край» аталып отырған бес облысты тұтасымен Ресей Федерациясына қосу туралы мəселе көтерілген екен. Жалғыз Тəшенев қарысып, ССРО конституциясына сілтеме жасап, Одақтас республикалардың өзіндік құқұғын алға тартып, іске асырмай тастапты. Кезінде жалпы жұртпен қатар, біздің студенттер қауымына да дақпырты жетіп жатты, анығы тəуелсіздіктен соң жиырма жыл өткенде ғана мағлұм болып еді. Біз естелік жазбаларымыздың кіріспе лəмінде айтылып, негізінен түбегейлі сақталып келе жатқан жағдаят – қандай да тұлғаның шығармашылық, қоғамдық қызметіне баға бермейміз, тек Тəшеневке байланысты сөз ыңғайынан шығып кетті.

Иə. Сол бір алмағайып, тайғақ заманда, ресми түрде республиканың ең жоғарғы билігінде отырған кісі, əлде көңіл əуезі, əлде жаңа толқынның бет-жүзін сырттай болса да бір көруге құмартты – өзінің кейінгі балаларымен кездесуге келіп еді. Мана айтқанымдай, сол кездегі замана ыңғайынан туындаған қарсылықты амал – мектеп программасының бір бөлігін орыс тіліне көшіру туралы лепесі ұнамаса да, жалпы əсеріміз əжептəуір болды, бұл – тегін адам емес екен.

Екінші жолы кездейсоқта көріп едік. 1960 жыл, сентябрь айының бас кезі. Біз Ақмоланың Атбасар ауданында астық науқанына жегілгенбіз. Алайда, біз барған совхоздағы негізгі жұмыс – пішен жинауға қатысты болды. Август айының басында бітірдік. Бұдан соң екі аптадай əлдебір құрылыс. Ақыры, бар шаруа тəмам. Енді мүлде боспыз. Осының алдында ғана бір жігітіміз машина үстіне үйілген шөмеледен тайқып, ашаға түсіп өлген. Көңіліміз жабырқау. Совхоз орталығында жатырмыз. Жарымқұрсақ ахуал. Не оқитын кітап, не басқадай ермек жоқ. Ауыр да болса, уақыт оздыратын жұмысымыздың өзі жақсы екен.

Сөйтіп, созалаңдап жүргенде, бір күні, таңғы татымсыз ботқадан соң, аяқ астынан аса қажетті шаруа шыға қалған. Картоп жинауымыз керек екен. Біз бір курстан қырық шақты баламыз. Үш-төрт қызымыз жатақта қалып, басқамызды екі машинаға тиеп, қуаң атызға түсіріп кетті. Картоп егістігі аталғанымен, бұрнада жиналған сияқты, алайда шабан-шалағай, əлі де қазылмаған түптері қалыпты, аршылғанының өзі ала-құла, үлкендікішілі түйнектер топырақпен араласа шашылып жатыр. Енді осы жарым гектар алқапты біржола тазартып шығуымыз керек екен. Десе де, қолға ілінер мардымды ештеңе жоқ. Бізді əдейі əкеп тастағаны анық. Осы кезде, кешеден бері айтылып жатқан сыбыс қайтадан күшейіп, нақты жорамалға айналып еді. Республика басшыларының бірі Жұмабек Тəшенев обылысты аралап жүр. Енді тəрізі, біздің совхозға келе жатыр. Солай деп шештік. Жəне қолма-қол қайтадан совхоз орталығына қарай шұбырдық. Аралық тым алыс емес, үш-төрт шақырымдай ғана.

Біз орта жолдан асып, селен шетіне жақындаған кезімізде əуеде Ан-2 ұшағы көрінген. Үстімізден айналып өтті де, көп ұзамай төмен қалықтады. Қонды. Əне келді, түсті, дестік. Жұмабек Тəшеневтің өзі. Бұл кезде Министрлер Советінің төрағасы болатын. Жеделдете басып, совхоз кеңсесінің алдына жеттік. Тəшенев іште екен. Сол сəтінде бар хабарын алдық. Қасында обылыстың əлдебір басшысы, ауданның бірінші хатшысы жəне тағы үш-төрт кісі бар. Ентелей жапырлап тұрмыз. Көп күтпедік, кеңседегі əңгіме, немесе жеңіл дастарқан аяқталған сияқты, аппақ манардай болып, жарқырап шыға келгені. Соңында шұбырған қосшы, оның ішінде осы совхоздың директоры да бар.

Тəшенев бірден-ақ бізге назар аударған. «Здравствуйте, товарищи студенты!» – деді. Орысша. Содан соң бас-аяғымызға қарап: «Как ваши дела?» – деген. Амансыңдар ма, халдерің қалай... Соңғы сұрағы тіпті жақсы болды. Біз өз ортамыздан «Академик» атанған Бақыт Сейітжановты сайлап қойғанбыз. Бар арызымызды сол жеткізуге тиіс. Орысша айт дегенбіз, аналар да естісін. Тəшенев алға баспай, ортамызға кіре бере бөгеліп қалған еді. Біздің Академик төгілте жөнелді. Жағдайымыз нашар. Өйткені, жұмыс жоқ. Міне, он бес күн болды, бос жатырмыз. Басқа қиындықтар өз алдына. Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, не қайтуға рұқсат жоқ, қамалып отырмыз... «Бұл қалай?» – деген Тəшенев, əлде аудан, əлде обылыс басшысына қарап, дауысын көтермесе де, қатқыл үнмен. Əлбетте, орысша. Біздің совхоз директоры жəне аудан, тəрізі, облыс басшысы да төмен қарап, бүрсектеп, жерге кіруге шақ қалды. «Жұмыс бар... Тек ертерек («досрочно») бітіріп қойып едік...» «Ертерек бітірсеңдер, студенттерді ертерек қайтару керек еді. Біз астық жинау науқаны дағдарысқа ұшырамасын деп, студенттерді оқуынан айырып, осында жібереміз. Ал олар оқу да жоқ, жұмыс та жоқ, бос жатыр. Тəрізі, тұрмыс жағдайлары да мəз емес. Солай ма? – деді бізге қарап. Онсыз да ширығып тұрған ахуал, қозғалақтағанмен, ешқайсымыз тырс етпедік. – Мына студенттерді Алматыға қайтарыңдар! – деді Тəшенев нығарлап. – Тезінен. Онда оқу басталмаса, мұндағы былықтан («бардак») ес жиып, дем алсын!» Болды. Бөгелместен жүре берген. Қыстақ сыртына, мана ұшақ қонған жаққа. Қосшылар мен қарсы алушылар ұнжырғасы түскен қалпында соңынан шұбатылды.

Біз жатағымызға келген бетте, анау-мынау дүниелерімізді тезінен жинастырып, жолға сайландық. Жəне көп бөгелместен, совхоз кеңсесіне барғанбыз. Бақыт пен Нұрмахан директорға кіріп шықты. «Ертең...» – деген екен. Біздің екі жігіт қатқыл сөйлесіпті. «Сізге Совмин председателінің жарлығы да сөз емес пе? Бүгін!» – дейді. Сонымен, директорымыз бухгалтерді, тағы бір қызметкерлерін шақыртып, еңбек есебімізді шығара бастады. Бұл кезде түс ауып кеткен. Біз шамасы қырық-елу баламыз. Еңбекақымызды жұмыс аяғына дейін түгендеп бітіре алмады. Кеш – түнге жалғасқан. Ақыры, таңғы сағат бірге таман түгелдей ақшалы болдық. Алды отыз бес-қырық сом. Жұрттың соңынан, кешігіп, өз бетіммен келген менің табысым жиырма жеті сом екен. Бəріміз де мəз болдық. Əуелі – мезгілінен бұрын Алматыға қайтарымызға. Содан соң – есепте жоқ тиын-тебенге. Совхоз директоры бастан-аяқ бірге жүрген. Таңға қарамаймыз, қазір кетеміз, дестік. Ашық жүк машинасының үшеуін келтірді. Бірер сағаттан соң, аты есімде жоқ, тақаудағы теміржол бекетіне жетіп едік. Одан арғы жол ашық. Арманды Алматы...

Біздің осы реткі тыңгер хикаямыз əлі бітпепті. Желтоқсанның басы, əлде қарашаның соңы болса керек. Деканат тарабынан хабар жетті. Манағы, ерте қайтқан балаларға сұрау түсіпті. Бəрі емес, екеу-үшеуі Орталық Партия комитетіне жауап-куəлікке баруы керек екен. Бақыт Сейітжанов пен Нұрмахан Оразбеков барсын, дестік. Əңгіме сорабы белгілі еді. Жұмабек Тəшенев Тың өлкеге барған студенттердің үлкен бір тобын қызу жұмыс, қырманнан айырып, ауылға қайтарыпты-мыс. Біздің орысшаға жетік, əрі өжет екі жігітіміз тиесілі кісілерге оқиғаның мəнжайын анықтап айттық деп келді. Əйткенмен, төтенше жағдай еді. Арада бір-екі ай өтер-өтпесте, жаңа, 1961 жылдың январь айының ақырына таман Жұмабек Тəшенев мəртебелі қызметінен алынды деп естідік. Шымкент обылысы Атқару комитеті төрағасының орынбасары дейтін елеусіз жұмысқа жегіпті.

Мен бұдан соңғы заман – аспирант кезімде, одан əрмен, атаулы қызмет жағдайында, үнемі Жұмабек Тəшенев туралы сұрастыра жүрер едім. Оның ішінде Оңтүстік өңірге қатысты азаматтардан. Амандығы, қызымет ахуалы. Көңіл толмаса да, қанағат, тəуба айтар қоңырқай хабарлар. Ақыры, біршама нақты мағлұматқа ұшырастым. Біздің əйелдің əкесімен бірге өскен шөберелес ағамыз, белгілі тіл маманы, профессор, академик Ақмəди Ысқақов Жұмабек Тəшеневпен бұрнадан жалғасқан дос-жаран екен. Өзара байланыс кейін де үзілмеген. Жұмекең ара-тұра Алматыға келісінде мейманханаға түспей, Ахаңның үйінде қонақтаған жағдайлары да болыпты. Мен бажайлап сұрағанда: тумысынан маңғаз, сабырлы, салмақты, деп еді. Нақты қыспақ болмаса да, қағажу қалған жылдардың өзінде мінез-құлқы өзгермеді. Үлкен мансаптан шеттедім дегендей кейісі жоқ. Қайта, мейірлі, қанағатты, деп еді. Ақмəди ағаның бұл сөздерінен мен, тəрізі, Жұмекең өзінің тарихи еңбегінің мəнмағнасын таныған, соған орай, тағдырына ризашылық жағдайда күн кешкен деп білдім. Ал осы үлкен шаңырақтағы Əдия жеңгеміз бір қызғылықты дерек айтқан. Жұмабек өте кірпияз болатын, деді. Жағасына шаң жұқпайды, көйлегін күнделікті ауыстырса керек. Ал таңертең жуынғанда, тіпті, ас арасында қол шайғанда, əрбір жолы, міндетті түрде, басталмаған жаңа сабын қою керек... Тамақты да талғап, шақтап ішетін, деп еді.

Жұмабек Тəшеневтің үлкен мансаптан кейінгі тағдыры бүгінде жалпы жұртқа белгілі. Абаққа кесілмеді, айдауға түспеді. Сол обылыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне біржола бекіпті. Одан əрі төмендеуі, немесе қуғынға ұшырауы да мүмкін еді, алайда тым көп ұзамай, Хрущевтің өзі бар мансабынан айрылған. Жұмабек Тəшенев бұрнағы бойынан өлшеусіз төмен қызметке қорланбай, міндетін абыроймен атқарып, жалпы жұртқа жағымды, беделді қалпында зейнетке шыққан 1975 жылға дейін осы арада отырады. 1986 жылы, жетпіс бір – қазақша санатта жетпіс екі жастан артығымен асып, жаңа мүшелге аяқ басқан қараша айында дүниеден көшкен екен.

Өтті – кетті. Жақын білген, алыстан айбарын таныған бейсауат, көлденең жұрт болмаса, ресми тұрғыда мүлде ұмытылады. Сонымен бес жарым жыл өтсін. Қазақстан тəуелсіздігі. Ешкім еске түсірмеген. Он жыл, он бес, он жеті жыл өтсін. Қазақ елі ресми тұрғыда, де-юре еркіндікке жеткелі тұтас бір мүшел дейік. Жаңа ғасыр, 2003 жыл. Əуелгіше, тырс еткен дыбыс жоқ. Жұмабек Тəшенев дейтін алаш қайраткері бұл өмірде болмағандай. Арысың да, асылың да «тəуелсіздікті өз қолымен алып берген», осы бақытты күнге жеткізген – бір адам. Арыдағы алаш қайраткерлерінің есімдері мен еңбегі сыздықтап айтыла бастады. Бұдан жетпіс-сексен жыл бұрынғы қандай да шаруаның бүгінгі кісімізге көлеңкесі түсуі неғайбыл. Ал беріде Қонаевтың атағы қайта жаңғырып, бейресми түрде санатқа жетті. Соның өзінде Жұмабек Тəшенев атаусыз жатыр.

Жаңағы, біз межелеген 2003 жылдың жаз күндерінің бірі еді. Мен əдеби журналдың бас редакторы ретінде қазақ баспасөзін жіті қадағалап отырам. Ақыры бір күні, жаңылмасам, екінші қатардағы «Алматы ақшамы» газетінен Кəрішал Асановпен көлемді сұхбатқа көзім түсті. Шетін жағдай. Бұл кезде Кəрішал өкіметімнің жақсы есебінде жоқ. Керісінше, сотқа тартылған, айдалып кете жаздаған, ақыры, халықаралық құқұқ қорғау ұйымдарының белсенді араласымен аман қалған. Енді міне, кəдімгідей сұхбат. Əлбетте, тым тереңге жібермейді, негізінен шығармашылық қызмет тарабында. Оның ішінде мені елең еткізген бір үзік болды. Бүгінде мүлде дерлік ұмытылған Жұмабек Тəшенев туралы. Оның жайсаң мінезі, адамгершілік кейпі. Тым жақсы біліпті. Өйткені... Кəрішалдың зайыбы – Жұмекеңнің өмірлік қосағының кенже сіңілісі екен. Яғни, Кəрішал Асанов – Жұмабек Тəшеневтің туған бажасы, шындығында, жас айырымы бойынша, жақын інісі болып шығады. Алғаш үйленген кезінен бастап, үлкен үйге кіріс. Жұмекеңнің жүзін таныған, кеңесін естіген, қамқорлығында болған. Мұндай күтпеген, жақсы хабарға қуанып қалдым. Кəрекеңді бұрыннан білем. Аралық ағайын Аманжол Шамкенов арқылы жұғысып едік. Қонақтаса араласқан жағдайымыз да бар. Оның үстіне пікір ортақтастығы біршама. Сол, қуғынға ілінген жылдарының бірінде журналымда көлемді повесін жариялағам. Енді өзінің адам таң қаларлық қайсар мінезімен қазақ диссиденті аталып, бүгінгі билік, бас тұлға туралы, деректі мағлұматқа толы, əшкерешіл, қалың кітаптарын үсті-үстіне шығарып жатыр. Жəне əрбір кітабын маған арнайы қолтаңбасымен сыйлайтын. Жəне кезекті кітабында: бұдан бұрынғы пəленбай кітабымды Мұхтар Мағауинге тартып едім, алай-бұлай болып кетсем, жауабы сол кісіде... деген тұрғыда ескертпе жазады. Хош. Кəрішал екеуіміздің қатынасымыз өзара сеністі жəне еркін екен. Енді, мына сұхбатты оқи сала, тікелей телефон шалдым. Ресми баспасөздегі жария пікіріне ризашылық үстінде, Жұмабек Тəшенев мəселесін көтерген едім. Бұрын білмеппін, солай да солай екен. Енді біздің «Жұлдыз» журналына осы ағаң туралы естелікті, деректі мақала жазып берсең... Кəрекең аз-маз ойланып қалды. Тағы айттым: Жұмекең қазақ халқы ұмытатын ер ме еді. Бүгінде көлеңкесі де жоқ, мүлде болмағандай. Сонда кім жоқтайды, кім көтереді? Мен жазар едім, ешбір жөнін білмеймін жəне тақырыбым басқа. Енді біреулер жазуға қорқады, немесе жаза алмайды. Сен жазуың керек. Басқа артықшылығың үстіне, жақын туысқаның, қанатының астында болдың жəне бар жағдайын жақсы білесің!..» – дедім. Ақыры Кəрекең келісті. Іркілме, ойдағы толғамыңның бəрін шығар, журнал менің қолымда, қазір цензура жоқ, тезінен басып шығарам! – дедім. Осыған келістік.

Арада бірер ай өткенде Кəрекең Жұмабек Тəшенев туралы көлемді мақаласын алып келді. Мен мейлінше қуанып, Кəрекеңді құттықтадым. Ертең осы уақытта редакцияда кездесейік, дегем. Үйге апарып оқыған едім. Бəрі ойдағыдай. Мəнді, маңызды, нақты. Айтқанымдай, ертеңіне оңаша, байсал отырдық. Тамаша, – дедім. – Мына мақаладан соң Жұмабек Тəшенев туған халқымен қайтадан табысады. Алдағы номерге салам. Бірақ... кішкентай кілтипан бар. Сен Жұмекеңді айта отыра, Қонаевқа қатты шүйлігеді екенсің. Бəрі де орынды. Ақиқат, дəлелді. Алайда, сенің осы орайдағы үкім сөздеріңді іркіп қалуға тура келеді. Мəселен, мынау... Анау... Кəрекең шалқасынан түсе жаздады. Онда баспай-ақ қой, деген. Мен айттым: біздің негізгі мақсат – Қонаевты қаралау емес, Тəшеневті əйгілеу ғой. Қонаевқа тиесілі нақты деректер – Хрущевтің ырқынан шыға алмағаны. Осыған орай, Оңтүстік аудандар жəне Тың өлкесіне қатысты тайғақ, келісімпаз жағдайлары орнында қалады. Тек осы мəселелердің таратылып айтқан талдауы мен бағасы ғана қысқарады. Мен сенің пікіріңе қарсы болып, немесе қорқақтап отырғам жоқ. Егер мақалаңды осы қалпында жіберсек, жұрт назары Тəшеневтің ерлік қызметіне емес, оған серіктесе алмаған, бірақ бүгінде əулие ретінде насихатталып жатқан Қонаев туралы сынға ауып кетеді... Кəрекең арыны басылып, ойланып қалды. Жəне айттым: Кəреке, сенің бұл мақалаң – Тəшеневті жаңадан, қайта танудың басы болмақ. Беташар еңбек, əуелгі кілт. Сен бүгінгі өкіметіміз бен оның көсемін теріске шығарған кітаптарыңның өзін жарияға жеткізіп отырсың. Мына мақаланы əуелгі қалпында, бəлкім, толықтырып, кеңейтіп, қайыра бастыру – сен үшін үлкен проблема емес. Үлкен проблема – осы алғашқы басылымын жүзеге асыру. Сол үшін қолыңды бер! – дедім. Қабағы салыңқы отырған Кəрекең жымия күліп, қолымды алды.

Қайтпас күрескер Кəрішал Асановтың «Шынжырда өткен жолбарыс» атты дəйекті, көлемді мақаласы, «Жұмабек Тəшенев туралы толғау» деген қосымша тақырыбымен, ешқандай тоқтаусыз, «Жұлдыз» журналының кезекті 10-санында басылып шыққан еді, 2003 жыл. Мана айтқанымдай, қазақ халқының арда ұлы, қаһарман қайраткер Жұмабек Тəшеневті жаңадан тану, туған жұртына қайтару жолындағы алғашқы жəне шешуші фактор болды. Тыйым салынбаса да жабық жатқан тақырып оқыс жанданыпты. Бұдан соңғы кезеңде Жұмабек Тəшенев тақырыбына қалам тартқан журналист, зерттеуші, жазушы атаулы күні бүгінге дейін осы «Жұлдыз» журналындағы түпнұсқа мақалаға сілтеме жасап жатады.

Ал Кəрекеңнің өзі атаулы толғауын əуелгі, қолжазба қалпына түсіріп, жəне мейлінше толықтырып, байыпты, үлкен еңбекке айналдырды жəне келер жылы, басқа да əрқилы дерек, мақалалармен үстемелеп, бұрнағы «Шынжырда өткен жолбарыс» атауы бойынша көлемді кітап қылып шығарды. Алғашқы даналарының бірін маған сыйлаған еді. Осы, Жұмабек Тəшенев туралы кітаптың жазылуына себепкер болып едің деген тұрғыда, жүрекжарды қолтаңбасы бар (Кітап Алматыда қалған, құдай қаласа, кейінірек нақтылап, сөзбе-сөз келтіремін.) Ықыласына рақмет. Алайда, Батыс əлемде мұндай ілтипатты сөз кітаптың өз ішінде – алғысөз, не басқа бір ретімен айтылар еді. Уақасы жоқ. Біз өзіміз үшін емес, Алаш жұртының асқақ рухы үшін, расында да шынжырда өткен жолбарыс, бірақ бұғауға түсерден бұрын өлшеусіз ерлік жасап, өз есімін қазақ тарихында мəңгілікке қалдырған Жұмабек Тəшенев үшін, біліп тұрған, қолынан келіп тұрған азаматқа азғана қозғау салдық. Бəлкім, біз айтпай-ақ, уақыт оза келе бəрібір жазар еді. Ол жазбаса, он, жиырма жыл, ақыр түбінде басқалар көтермек. Алайда, бүгінде жалпы жұрт ерлігін мойындап, жаппай таныған Жұмабек Тəшеневті туған халқына қайтару жорығында бірінші орын – Кəрішал Асановқа тиесілі деп, атап айтуға керек.

21–22.ІV.2018, Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

 

 

Байланысты жаналықтар

Қазақ жерін қорғап қалған қайраткер Жұмабек Тәшенов

17.09.2024

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

02.12.2022

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

20.07.2021

Мұхтар Мағауин. ӘЙТІКЕШ ТОЛҒАНБАЕВ

26.01.2021

Бауыржан - шовинистік жүйенің құрбаны

24.12.2020

Қонаевқа ескерткіш орнатылмайды

27.10.2020
MalimBlocks
Қазақ жерін қорғап қалған қайраткер Жұмабек Тәшенов

Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысында дүниеге келген. 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында дүниеден өтті. Оның ресми құжаттағы фамилиясы Тәшенев деп жазылған. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол солтүстік облыстарды Ресейге, Оңт.стіктегі мақта егетін өңірлерді Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға беруге қарсы шығып, қазақ ддаласын қорғап қалды.

ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ... яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі

Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүддәмалда қалмасын деп.

Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

Тарихи дәйектеме

Мұхтар Мағауин. ӘЙТІКЕШ ТОЛҒАНБАЕВ

Бауыржан - шовинистік жүйенің құрбаны

Қонаевқа ескерткіш орнатылмайды