Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы қызметіне Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтты. Конституциялық заңға сәйкес, Кеңес төрағасы лауазымына кандидаттарды Президент немесе Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің кемінде үштен бірі ұсына алады.
Халық Кеңесінің төрағасы қалай сайланады?
Кеңес төрағасы мүшелердің жалпы санының жай көпшілік дауысымен, жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Отырысқа Кеңес құрамының кемінде төрттен үші қатысқан жағдайда сайлау заңды деп есептеледі.
Төраға төрт жыл мерзімге сайланады. Бір адам бұл қызметті қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.
Төраға Кеңестің жұмысына жалпы басшылық жасап, сессияларды шақырады, күн тәртібін қалыптастырады және отырыстарға төрағалық етеді. Сондай-ақ Кеңес атынан сөз сөйлеп, өз орынбасарларын тағайындайды.
Ерлан Қошанов кім?
Ерлан Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын, ал 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинатының байыту фабрикасында слесарь және шебер болып бастаған.
1988-1990 жылдары Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық комитетінде қызмет атқарды. Кейін Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде бірқатар басшылық қызметте болды.
1999 жылы Қазақстан Үкіметінің Парламенттегі өкілі қызметін атқарды. 2001-2003 жылдары Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары болды.
2017 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. 2019-2022 жылдары Қазақстан Президенті Әкімшілігін басқарды.
2022 жылы Мәжіліс төрағасы болып сайланып, Парламенттің төменгі палатасы 2026 жылдың шілдесінде таратылғанға дейін осы қызметті атқарды.
Қазақстан Халық Кеңесі туралы
Қазақстан Халық Кеңесі – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыруға қоғамның қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық консультативтік-кеңесші орган.
Кеңес құрамына 126 адам енген. Оның ішінде этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі, қоғамдық ұйымдардың 42 өкілі және мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің 42 өкілі бар.
Кеңес мүшелері төрт жыл мерзімге сайланады және қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Қазақстан Халық Кеңесі ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеуге, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге, референдум өткізуге бастамашылық жасауға, қоғамдық тыңдаулар өткізуге және қоғамдық бақылауға қатысуға құқылы.