freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Бір кәсіпорында 330 жыл еңбек еткен: ШҚО-да еңбек династиялары мен үздік мамандар марапатталды

MALIMet
Бір кәсіпорында 330 жыл еңбек еткен: ШҚО-да еңбек династиялары мен үздік мамандар марапатталды

Төрт буын, бір отбасының 27 өкілі және 330 жылдық жалпы еңбек өтілі. Өскемен құс фабрикасында еңбек ететін Фатеевтер мен Линкерлер әулеті "Еңбек жолы" байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Отбасыға марапатты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Еңбек күніне арналған "Еңбек – Ел мұраты" іс-шарасында табыстады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл күні кен өндіретін, астық өсіретін, электр желілеріне қызмет көрсететін, кран басқаратын, сондай-ақ жас мамандарға кәсіби дағдыны сенімді әрі қауіпсіз меңгеруге жол көрсететін еңбек адамдары марапатталды. Еңбек жағдайын жақсартуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және ұжымдарды қолдауға үлес қосып жүрген кәсіпорындарға да наградалар табысталды.

"Біздің міндетіміз - еңбек адамының маңыздылығы туралы айтып қана қоймай, оған лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету, кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндік беру және еңбегіне қосқан үлесіне әділ баға беру", - деді Нұрымбет Сақтағанов.

"Үздік еңбек әулеті" номинациясында екінші орынды Біріккен энергосервистік компаниясының Жүсіповтер әулеті иеленді. Үш буыннан тұратын отбасының сегіз өкілінің жалпы еңбек өтілі – 146 жыл. Үшінші орынды аталған компанияның Тұрдыбековтер әулеті мен Үлкен Нарын орман шаруашылығында еңбек ететін Қосаевтар әулеті бөлісті.

Әр марапаттың артында жас мамандарға мамандықты меңгеруге көмектескен тәлімгерлердің көп жылғы еңбегі бар. Бұл номинацияда Өскемен көлік компаниясының қозғалыс қауіпсіздігін тексерушісі Татьяна Олейникова үздік деп танылды. Ол кәсіпорында 31 жылдан бері еңбек етеді. Қозғалыс желісіндегі қауіпсіздікті бақылап, болашақ трамвай жүргізушілерін даярлауға атсалысады. Екінші орынды "ГРК МЛД" ЖШС-нің аға автослесарі Ильяс Исбаев иеленсе, үшінші орын "Адал»" шаруашылығының механизаторы, он шәкірт тәрбиелеген Әсет Абдрахмановқа бұйырды.
Өндірістегі жас мамандар арасында «Нұрғазин» шаруа қожалығының бригадирі әрі механизаторы Нұрсұлтан Онлабаев жеңімпаз атанды. Екінші орын "Казцинктің" Риддер тау-кен байыту кешеніне қарасты Долинный кенішінің маркшейдері Наталья Трусоваға берілді. Ол жұмыс барысында лазерлік сканерлеу және үш өлшемді модельдеу технологияларын қолданады. Үшінші орынды "Шығыс Жылу" АҚ-ның гидравликалық есептеулер жөніндегі инженері Алида Бакинбаева иеленді.

Салтанатты шара барысында облыстың қалалары мен аудандарынан келген тағы 13 маманға арнайы құрмет көрсетілді. Олардың қатарында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері, Малеевский кенішінің үңгушісі, Зайсан ауданындағы наубайшы және Үлкен Нарын ауданындағы омарташы бар.

"Парыз" байқауының облыстық кезеңінде жеті қатысушы марапатталды. Үздік ұжымдық шарт номинациясында Үлбі металлургиялық зауыты мен кәсіпкер Кирилл Галкин үздік деп танылды. Әлеуметтік жауапкершілік бағыты бойынша "Убинское-Ш" ЖШС мен "ГРК МЛД" ЖШС марапатталды. Еңбекті қорғау саласында "Шығыс Найман" ЖШС мен Согра жылу электр орталығы атап өтілді. Ал үздік әлеуметтік жобаны Катонқарағай ауданынан келген кәсіпкер Назгүл Мұқашева ұсынды.

Іс-шара барысында Тарбағатай және Алтай аудандарының Мансап орталықтарына автокөліктердің кілті табысталды. Көліктер жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысын ұйымдастыруға Еуразиялық банктің қолдауымен берілді. Өткен жылы осындай ынтымақтастық аясында Катонқарағай ауданына да автокөлік табысталған болатын.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу