Қазақстандық Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан құрамасының өкілдері академиялық есуден ерлер арасындағы рульшісіз қос қайық (M2−) бәсекесінде сынға түсті.
А финалында Яковлев пен Чернухин мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыластары – Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.
Қазақстандық спортшылар бұған дейін де халықаралық жарыстарда жүлделі нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы олар ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль иеленген.
Айта кетейік, академиялық есуден жарыстар жалғасып жатыр. Бүгін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы рульшісіз төрттік бәсекесінің А финалында да бақ сынайды.