Қытай реформасының атасы Дэн Сяопин

Нәтижесінде XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап Қытайда экономика тез қарқынмен дами бастады. Д.Сяопин енді елдің шет елдермен қарым-қатынасын жан-жақты кеңейту мәселесін көтерді. Осы мақсатта арнайы ашық экономикалық аймақтар құрылды.

Malim Админ

  • 30.10.2024

Дэн Сяопин (1904-1997) – Қытайдың мемлекет және қоғам қайраткері. Қытай қазақтары оны Дың Шяупың деп атайды.

 1915-1918 жылдары бастауыш мектепте білім алады. 1920 жылы Францияға оқуға кетіп, екі жылдан кейін осында құрылған Қытай коммунистік жастар одағына мүше болады. 1926 жылы саяси қызметі үшін Франциядан қуылып, Мәскеуге келіп, Сунь Ятсен атындағы университетте оқыды. 1927 жылы есімін өзгертіп, Қытайға қайтадан оралып, саяси күреске араласады. Ол Цзянси провинциясында болған котеріліске жетекшілік етті, Қытайдың 7-қызыл армиясын құрды, жапон басқыншылығына қарсы 8 жылға созылған азаттық үшін  күрес басшыларының бірі болды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін (1949) Дэн Сяопин елдің басқару жүйесіндегі әртүрлі қызметтерде болды. 1956 жылы Қытай Коммунистік партиясы ОК-нің Бас хатшылығына сайланып, 10 жыл бойы осы қызметті атқара жүріп, Қытай коммунистері көсемдерінің біріне айналды. «Мәдени төңкеріс» жылдарында (1966-1976) орнынан алынып, саяси қуғынға ұшырады. Дэн Сяопин саяси әміріндегі өрлеулер мен құлдыраулар оның принциптілігіне, батылдығы мен жаңашылдығына тікелей байланысты. Ол мәдени революция аяқталганнан кейін Қытай халқын «екінші төңкеріс» жасауға шақырды.

1978 жылы желтоқсан айында өткен Қытай Компартиясы ОК-нің 3-пленумында Дэн Сяопиннің жаңа бағдарламасы қабылданды, онда социализм жайында ел экономикасын нарықтық қарым-қатынастарға көшіру идеясы негізделді. Бағдарламада ел экономикасын дамытудың үш кезеңдік тұжырымдамасы бекітілді. 

Реформа алдымен ауыл шаруашылығында басталып, шаруаларға үкімет тарапынан қызу қолдау көрсетілді. Кейін ауыл шаруашылығындағы реформаның тәжірибесі қорытындылана келе, қайта құрулар толқыны қалаға қарай ойысты. Нәтижесінде XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап Қытайда экономика тез қарқынмен дами бастады. Д.Сяопин енді елдің шет елдермен қарым-қатынасын жан-жақты кеңейту мәселесін көтерді. Осы мақсатта арнайы ашық экономикалық аймақтар құрылды. «Ашық есік» саясаты ел экономикасының даму қарқынын одан әрі жеделдетті. Қытайдың тұтастығын қалпына келтіру үшін ол нақты жағдайды ескере отырып, «бір мемлекет – екі құрылым» деген тұжырымдама ұсынды. Бұл саясатта өз жемісін беріп, 1997 жылы жүз жылдан аса ағылшын отары болған Сянган (Гонконг) аралы Қытайға бейбіт түрде қайтарылды.

1989 жылы өз өтініші бойынша зейнеткерлікке шыққан Д.Сяопин XX ғасырдағы «Қытай реформасының атасы» болып қалды. Ол өмірінің соңына дейін бас ақылшы ретінде елдегі саяси және қоғамдық істерге араласып отырды.

Байланысты жаналықтар

Қытайдың қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

27.11.2024
MalimBlocks
Қытайдың қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

Бұл Қытайдың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан қатарынан үшінші қорғаныс министрі.