Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында баспана алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) жетеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, дейді Malim.kz.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау тек тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшуге арналған субсидиялар төленеді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары өтеледі, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жаңа өңірге көшпей тұрып жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылар қатары кеңейтілген. Бұған дейін ол негізінен жұмыссыз азаматтарға арналса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады.
Бағдарлама толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Өтінім беру, өңірлер картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және қолайлы бос жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан қолжетімді болып отыр.
«Бағдарлама іске қосылған 2017 жылдан бері оған 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарының арқасында 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты», - делінген Министрліктің "Қазақстан" ұлттық арнасы арқылы тараған хабарламасында.