Ақберен Елгезек. Өмір мені өзгертті

Malim Админ

  • 24.01.2021

Кафеде

Алғаш рет мен көрдім түрін оның,

Келді, отырды, сәл қозғап орындығын.

Күнтізбеге қарады көне кісі:

Маусымның 10-ы бүгін.

 

Айыр тілі шағардай жүрегімнен,

Жылан-сағат ысылдап білегінен,

Қара кісі алдырды торы сыра,

Мәйге айналды ол сыра, білемін мен.

 

Сабырлы ол, шынымен мұңсыз бе еді,

Бақылайды байқатпай үнсіз мені?!

Мен алайып қараймын сағатына,

Ол асықпай түртеді күнтізбені.

 

Жолыққандай көрінді бұрын маған,

Күнге мініп келген бе Құбыладан?

Бұл кісіні білемін қайдан, қайдан,

Жымиса да жүзі оның жылымаған.

Ұмытпайды бір көрсе түрін адам.

 

Дәл осы сәт ол отыр қырың қарап,

Жол шетінде тербетті гүлін сабақ.

Гүлдің беті айналды сағатына,

Күлтелері қозғалды шығын санап.

 

Бұл шаhарда қала ма, кім біледі,

Мүмкін ертең Шығысқа жол жүреді?

Шылымынан бұрқырап лас ауада,

"Сальвадордың сағаты" жөңкіледі.

 

Алғашқы рет көрдім бе оны бүгін,

Шырамыттым мен әлде түрін оның?

"Туған күні" деп айтты даяшы қыз:

Маусымның 10-ы бүгін.

 

...Жан-жағымда зымырап қала шұбай,

Мен де отырам ба күн ертең дәл осылай?

Беті сынған Аспанның сағатындай -

Қаңғырғанда уақыттан адасып Ай...

 

Телефон

Менің телефонымда - болашақ аруақтардың аты-жөндері,

нөмірлері жазулы,

Олардың ішінде ағаларым да бар,

інілерім де бар азулы,

Олардың ішінде

қатал апаларым да бар,

боталарым да бар мақтаулы,

дос-қастарымның да,

қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.

Олар бір бірімен xабарласып жатады,

Дабырласып жатады күні-түн,

Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.

Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,

сүйкей салмаймын нөмірін,

Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.

Олар да маған xабарласпайды,

қоңырау шалмайды, кеңесіп,

Өздері ғана сөйлесе беретіндері,

сөйлесе беретіндері не осы?!

Ешкім маған xабарласпайды,

Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!

...Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..

 

 

Құмырадағы гүл

(элегия)

Есігіңнің алдынан қырқылатын,

Терезеңнің алдында гүл тұратын.

Терезеңнің алдында гүл тұратын,

Қырқылса да өмірге ұмтылатын.

 

Ал үйіңнің сыртында Түн тұратын,

Түн соңынан жарқырап Күн шығатын.

Күн көрінсе, ажалдан құтылардай,

Нұрын көрсем деп байғұс құлшынатын.

 

Сол үмітпен Күнге ол ұмсынатын,

Сол ойынан үлбіреп қымсынатын.

Күннің бетін бір сәтке бұлт жапқанда,

Байыз таппай бейшара тұншығатын.

Сауға сұрап Жер-Көктен, өлеусіреп,

Бүршігінің түбінен қылқынатын,

Тамырларын сезе алмай бұлқынатын.

 

Аждаhадай тағы да түн сұлайтын,

Жасыл желек Құдайдан Күн сұрайтын.

Күнді күткен сол гүлдің жанарынан,

Таңға жақын бар әлем бұлдырайтын.

Солып қалған, ағарған орайынан,

Өліп қалған күлтелер құлдырайтын.

 

Тірісінде сол гүлден, нұр сұрайтын,

Ең соңғы рет жұпары бұрқырайтын...

Сонда Аспаннан зілмауыр мұң құлайтын,

Хабаршы боп құлын-жел шұрқырайтын,

Естігенде қазасын әлгі гүлдің,

Жаhандағы барлық гүл шырқырайтын.

 

Ертең тағы жаңа күн басталатын,

Өлген гүлің далаға тасталатын.

Бұл қайғыдан бар ауа мас болатын,

Терезеңде мөлдіреп жас қалатын.

 

P.S.

Ертең тағы табиғат құлпыратын,

Нұр кірпігін қағумен Күн тұратын,

(Күн көзінде көрінбес мұң тұратын,

Күн ішінде сезілмес сыр тұнатын).

Сенің сұлу көзіңді қуантуға,

Бір қыршын гүл тағы да қырқылатын...

...Содан менің жүрегім жыртылатын...

 

Таңсәріде

Жаңбырдан шарап қайнатып,

Сепсем бе қардан тұз оған.

Жаhанның жүзін жайнатып,

Естілсе кенет қызық ән.

 

Естілсе кенет қызық ән,

Алыстан талып құлаған.

Жақындап барсаң, ұзаған,

Алыстап кетсең, жылаған.

 

Бұлттардан жасап балмұздақ,

Күлтеге кепкен орасам.

Жалғанда өзім жалғыз қап,

Жарымның шашын тарасам.

 

Ешкімнен қолдау күтпей-ақ,

Ешкімге сенім артпай-ақ.

Отырсам шашым сүттей ақ,

Желкеме түйіп, шарт байлап.

 

Немесе жап-жас батырдай,

Ай асты жатсам шайқасып.

Туғаның үшін жат ұлдай,

Отаным үшін айқасып.

 

Немесе жынды баладай,

Молаға қашсам бұрмалап.

Алдымнан бұта, қарағай,

Жүзімді тіліп, тырмалап.

 

Бір кезде ескі қорғанның,

Қасында тұрсам дірілдеп.

Бір дауыс ішкі орманның,

Ішінен шықса гүрілдеп.

 

"Осынау шақты сүй!" десе,

Жалп етіп құлар жарқанат.

Апырай қандай күй кешем,

Көзімнен үрей сорғалап.

 

Миымда зулап жарық ой,

Жұлдыздай ақса шоқтана.

Сәулесін төгіп, анық Ай

Жолдарға түссе қап-қара.

 

Дөңгелеп күміс ақшадай,

Баратса Айың шырқырап.

Мен тұрсам кәрі патшадай,

Бойымнан құдырет бұрқырап.

 

Жарқ етсе сонда үмітім,

Солқ етсе өлген арманым.

Дүр етіп тұрса көне Күн,

Жап-жарық етіп жан жағын.

 

Жап-жарық Күнім мұңымды ап,

Жүрегім соқса жайланып.

Бір кезде ұшсам шырылдап,

Бозторғайға айналып.

 

Естілген кенет кешкі ән,

Жоғалса таңда паңданып.

Әуелеп Көкте...

Еш күмән...

Өмірге тұрсам таңқалып...

 

Шаһар кезген

Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,

Жұрт іші ағып келем, сабылысқан.

Жанарымнан сан ұшқын шашырайды,

Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.

Ағып келем...

Теңіздей халық іші,

Кекілімді сипайды жарық ұшы.

Мен туралы білмейтін мына жұрттың,

Ұнайтыны несі екен сабылысы?

Ағып келем...

Өзгелердің қимылын бағып келем,

Ми қозып,

Лапылдайды жанып денем.

Сүйе аламын білемін, бәрін-бәрін,

Жүрегімді тұтатып, жарық берем!

Ағып келем...

Амалсыз, қарсылықсыз,

Көңіл тыныш, ми сергек, жан-құлықсыз.

Мына нөпір әкетсің, адастырсын,

Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!

 

Көздері көздеріммен шағылысқан,

Бір сәтте Мұңым – мыстан

бұрылыстан,

Атып шығып алқымыма қолын созар,

Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.

Қорықпаймын!

Садақаға өлең өріп бере салам,

Жұлып алып кез келген құбылыстан!

 

Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,

Жүрегі жылып кетер, сұмырайдың!

Ал, мен ары жұрт іші аға берем,

Ешқашан ештеңеден жылымаймын....

 

Түнгі коллаж

Керікмойын мұржалар... көмейлерінен жын ұшып...

Жапырақ-жәндік сыңсиды, өз ішінде бүрісіп.

Ертегілік кейіпкер шығардайын құмардан,

Түкпірінде есімнің шар үрлейді тұманнан...

 

Құбылмалы өмір бұл, кейде қиял, кейде мұң,

Өзім де адам емеспін, сыра аңқыған жейдемін.

Бірақ тірі жейдемін,

Сөйлеуге де тілім бар,

Ойлап қоям, сыра иісін жақсылыққа ырымдап.

Қалықтайды әуеде май шам жанған бөлмем де.

Құтырынған құс сынды жаға-жеңім ербеңдеп...

Түнгі жынды көбелек нұр іздейді көзімнен...

Аман қалсам игі еді шалығы зор сезімнен!

 

Ішімдегі шайтаным шайқап-шайқап қайғысын,

Жүрегіме толтыра ішіп отыр, байғұсым...

Көше кезіп, бақ кезіп, қанбай қалған ойыны ма,

Қалғып жатқан таулардың бұлттар еніп қойнына,

Өзім еккен жас талдың түс көруде бүршігі.

Ай да қонды аулаға, көк ала қал – тұмсығы.

Тек сен жоқсын бұл түнде,

Сағындырмай келші, еркем,

Құлазыған ғұмырға егіз болған көлеңкем...

 

Ауруханадағы түн

Тереземді осып өтсе жарқанат,

Қақырынып қояды бір қарғалар.

Ай қызарып тұмсығының ұшында,

Ит ұлиды, жел қарасын қармалап.

 

Қажып бітіп қараңғылық зілінен,

Қабырғалар күбірлесті түнімен.

Тек тыныштық ән салады ыңылдап,

Қабаттасып үнсіздіктің үнімен.

 

Өшіп қалған үмітінің шырағы,

Тар көшеде панасыз мас жылады.

Албастының демін сезіп алыстан,

Дірілдейді жапырақтар құлағы.

 

Қалтарыста – қарақшылар күбірі.

Бұрылыста – жезөкшелер сыбыры...

Үрей иісін сезінеді жәндіктер,

Үйеңкінің қабығына тығылып.

 

Таң алдында Ай көрінсе тұтылған.

Түйсігімнен дауыс шығар құтырған.

...Тірілерге жаназа оқып отырған,

Мына түннен дұға оқып құтылғам...

 

***

Жатқаныңда көзіңмен таң асырып,

Жүрегіңде бүр жарар бала-шыбық.

Әлемнің ажал кезіп әр бұрышын,

Тәндер жатар Көк-Аспанға Жан ұшырып.

 

Кере созып ақ нұрдай қанатымды,

Қақ жарып Жан ұшса ғой қара түнді!..

Тұғырдан шырқап Көкке кеткім келсе,

Дауыстап қайтарады Жар атыңды.

 

Тәңірімнен алыстап тағы бір сәт,

Қамалған құсқа қайта Жаным ұқсап.

Жұмысқа бара жатам Мұң кейпінде,

Аспанға қайта-қайта қарағыштап...

БАҒЫМ

Мен өмірді өзгертем деп талпындым.
Өмір мені өзгертті.
Сен де бірге меніменен, алтын Күн,
Ғарыш жақтан сез дертті...

Мен тағдырды басқа арнаға бұрам деп,
жаңғырыққа жолықтым.
Өлең – маған, мен Өлеңге сыңар боп,
қалған екем, соны ұқтым.

Мен адамды іздеп едім сыртымнан,
жасырынды ол ішке.
Көк сеңгірден бұлдырады бір тұлға,
Ақ қанатты періштем?...

Мынау әлем – жаратылған сезімнен
және сұлу өрістен.
Өз-өзімді көріп тұрмын көзімнен,
аппақ нұрлы пейіштен...

Мен әлемді сүйемін деп жар салдым,
ғашық болып өмірге.
Бақытымды жүрегіммен қарсы алдым –
апаратын Тәңірге!

Байланысты жаналықтар

Бауыржан Игілік. Шіркеудегі Айса құсап жылаймын...

03.03.2021

Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

02.10.2020

«Дәм-тұзы жоқ кейбір шығармалардың табысы күшті болып жатады»

22.01.2021

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

06.03.2021

Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

30.12.2020

Жұматай Көксубайұлы. "Жалғыздық, жалықтырып алдым сені..."

25.09.2020
MalimBlocks
Бауыржан Игілік. Шіркеудегі Айса құсап жылаймын...

Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

«Дәм-тұзы жоқ кейбір шығармалардың табысы күшті болып жатады»

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

Екінші жол: Қазақ тілін шала-жансар күйде ұстау керек

Жұматай Көксубайұлы. "Жалғыздық, жалықтырып алдым сені..."