Латынға көшудің жыры: "Әліпби деген - тек қана әріп ауыстырудан тұрмайды"

  • 29.01.2021
  • Есдәулет Қызырбекұлы

Кеше премьер-министр Асқар Мәминнің қатысуымен қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыруға байланысты ұлттық комиссия отырысы өтті.

Осыдан кейін әлеуметтік желіде халық пікірі тағы екіге жарылды. Бірі ұсынылған латын әліпбиінде жүйелілік жоқ десе, енді бірі әліпбидің бұл жолғы нұсқасы алдыңғыларынан әлде қайда жақсы екенін айтты.

Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ысмақованың сөзінше, әліпбиде жүйелілік жоқ. Себебі жуан-жіңішке дыбыстар ретімен берілмеген.

«Әліпби ретінде жүйелілік жоқ: Ұ мен Ү, О мен Ө қатар тұрып, жуаннан кейін жіңішке сыңары келгенмен, Г (жіңішке) бұрын, Ғ кейін келген, яғни жуан түрі жіңішкеден кейін келген. К дыбысы І-ден кейін, Қ дыбысы П-дан кейін берілген; Ы әрпі В әрпінен кейін, І әрпі Й әрпінен кейін берілген. Балалар бұл дыбыстардың жуан-жіңішке екенін түсіну үшін қатар берілуі керек еді. Tassay, Nazarbayev сияқты сөздерде жазылып жүргеніндей, Й дыбысы үшін y әрпін,  У дыбысы үшін W әрпін алу керек еді. Бұл орайда профессор Әлімхан Жүнісбек бастаған ғалымдардың ұстанымдарын қолдаймыз. Бұл әліпби бекітіле салмай, әлі де жөнделер, дұрысталар деп ойлаймыз. Себебі тілдің болашағы әліпбидің дұрыс болуына тікелей байланысты!», - дейді Ысмақова.

Филология ғалымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлының пікірінше, латын әліпбиінің бұл жолы ұсынылған нұсқасы алдыңғылармен салыстырғанда біршама жетілдірілген. Осы жолы айтылған сын-пікірлердің біраз бөлігі ескерілген.

«Осыған дейін ұсынылған латын әліпбиінің қоғам тарапынан, мамандар тарапынан көп сынға ұшырағаны белгілі. Оны жұртшылық жақсы қабылдай қоймады. Соны ескере отырып, әліпбиді жетілдіруге тапсырма берілгені белгілі. Соның негізінде осы әліпби ұсынылды. Осыған дейін айтылып жүрген сын-пікірлерлердің біразы ескерілген. Бұл 4-5 –ші рет ұсынылып жатқан әліпби. Ол осыған дейін ұсынылған әліпбилерден қарағанда біршама жетілдірілген деуге толық негіз бар», - дейді Құрманбайұлы.

Шерубай Құрманбайұылының айтуынша, әліпбиді жетілдіру бар да, оны қоғамға сіңіру бар. Іс жүзінде әліпбиді сынақтан өткізу кезеңі енді басталады.

«Әліпбиді жетілдіру бар да, оның еміле-ережелерін халықтың қабылдауы бар. Қоғамға сіңіру, оқыту деген мәселелер енді туындайды. Әліпби деген - тек қана әріп ауыстырудан тұрмайды. Іс жүзінде осы әліпбидің қаншалықты дұрыс жасалғанын анықтау, сынақтан өткізу кезеңі енді басталады», - дейді Құрманбайұлы.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты бастама 2017 жылы көтерілген. Одан бері халыққа әліпбидің бірнеше нұсқасы ұсынылып, олардың барлығы үлкен сынға ұшыраған. Жаңа әліпбиге көшу 2023-2031 жылдарға жоспарланған.

Байланысты жаналықтар

Президент қолдауы: азық-түлік жиынтығы – жақсы көмек

21.04.2020

“Абай жолы” эпопеясының видеосаммариі жарық көрді

11.08.2020

Киік қырғандар құрықталуы тиіс

11.04.2020

Кореядағы өрт: Құрылыста жүрген қазақстандықтар қаза болды

30.04.2020

«Гарант 24 Ломбард» халықты алдап кетті

19.02.2020

Дәрігер: Індет шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ

02.07.2020