Қазақстандықтар ресейлік кәсіпкердің кофеханасына бойкот жариялады

Қазақстандықтар Smart Coffee кофеханалар желісіне жаппай бойкот жариялап жатыр. Бұған себеп - ресейлік франшиза иесі Евгений Глинскийдің Қаңтар оқиғаларына қатысты пікірі, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Instagram желісінде ZTB-парақшасында жарияланған "Путин Украинаны Жеңістің 80 жылдығына орай татуластырмақ" атты жазбаның астындағы пікір көпшіліктің ашуына тиді. Пікір авторы "Сендер тіпті өз елдеріңдегі төңкерісті де өздерің тоқтата алмадыңдар" деген мазмұнда жазған. Бұл пікірдің скриншоты Threads пен өзге әлеуметтік желілерде тарап, қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырды.
Пікір ресейлік бизнесмен Евгений Глинскийдің аккаунтына тиесілі делінген. Глинский бұл пікірді өзі жазбағанын айтып, видео арқылы пікір білдіріп, кешірім сұрады.
"Түнгі 2-де аккаунтыма шабуыл басталды. Бір адам менің атымнан жазылған пікірдің скриншотын таратып, мені шовинист деп айыптады. Айта кетейін, мен – жартылай башқұрт, жартылай татармын. Біздің мәдениетіміз қазақ халқымен өте ұқсас. Ол пікір менің өз халқыма да тіл тигізу болар еді. Мен ондай нәрсені ешқашан жазбас едім", – деді ол.
Глинскийдің айтуынша, Smart Coffee Қазақстандағы командасында 40 шақты адам жұмыс істейді, олардың көпшілігі — қазақтар.
"Қаңтар оқиғасына қатысты айтылған сөз сіздерді ренжітсе, кешірім сұраймын. Мен бұл жағынан сіздерді толық түсінемін және қолдаймын", – деді ол.
Smart Coffee — вендинг арқылы жұмыс істейтін франшизалық кофейнялар желісі. Компания Қазақстанда белсенді жұмыс істейді.
Айта кетейік, бұған дейін де Qazaq Coffee кофеханасы тілге байланысты даудан кейін Астанада жабылып қалған еді. Онда әкімшілік қызметкері "қызметкерлеріміз қазақша сөйлеуге міндетті емес" деп жауап беріп, халықтың наразылығына тап болған.
Фото: әлеуметтік желіден скрин