Солтүстік Қазақстанда халық санағын мың адам жүргізеді

  • 27.02.2020
  • Malim Админ

Биыл елімізде әр 10 жыл сайын өтетін дәстүрлі халық санағы жүргізілетіні белгілі. Осыған орай, әр өңір дайындықтарын бастап кетті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында қазір Ұлттық халық санағын жүргізуге арнап планшеттер, өзге де құрал-саймандар сатып алынып, ақпараттық жүйе құрылған. Бұл науқанға бас-аяғы мыңнан аса адам тартылмақ. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында айтылды.

Облыстық статистика департаменті халық санағын жүргізу кезінде болуы тиіс бірқатар проблемаларды атап, оларды жою мақсатында қазіргі атқарып жатқан істер жайлы ақпарат ұсынды. Статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпованың айтуынша, облыста ең көп кездесетін проблема – тұрғындар өздерінің заңды мекен-жайын білмейді. Бұл ертең халық санының нақты көрсеткішіне кері ықпал ететіні белгілі, сол себепті қазір мекен-жайлар мен көшелер бірыңғай тәртіпке келтіріліп, картографиялық материал дайындалып жатқан көрінеді.

- Халық санағы дұрыс өтуі үшін мекен-жайларды тәртіпке келтіру қажет. Бұл мақсатқа Үкімет белгілеген мерзім аяқталғанымен, өңірде ол жұмыстар соңына жеткен жоқ. Бұған дейін атқарылған іс-шара барысында біраз елді мекендерді аралап, олардың тек кейбіреуінде ғана көшенің аты жазылған және үй нөмірі көрсетілген тақтайшалардың бар екенін анықтадық. Аудандар мен Петропавл қаласы әкімдігі аншлагтар мен тақтайшаларды жасауды жоспарға енгізген. Олар бұл жұмысты бір айдың ішінде бітіруге тиіс. Тағы бір мәселе – тұрғындарың өздерінің заңды мекен жайын білмеуі», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық статистка департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова.

Нұржауыпова сонымен қатар, облыста ұлттық халық санағын жүргізу үшін жаңа жұмыс орындары құрылатынын айтты. Мың адам жаңадан жұмысқа тартылады. Санақ науқанының бірінші кезеңінде жұмысқа 193 адам тартылады да, қалғаны санақ жұмысының негізгі кезеңінде еңбек етеді. Оларға міндетіне орай арнайы жалақы да тағайындап қойыпты. Статистика департаменті басшысының дерегіне қарағанда, ең төменгі айлық жалақы көрсеткіші – 75 мың теңге, орташа көрсеткіш – 94 мың теңге болмақ.  Науқандық жұмысқа 18 жастан асқан, білімі бар азаматтар қабылданады. Дерек жинаушылардың әр қайсысы жұмыстың алғашқы кезеңінде 1200 нысанды аралап шығуға тиіс. Ал, екінші кезеңде жұмысқа тартылатын 1000 адамның әрқайсысы 833 адамнан мәлімет жинау керек.

Марал Нұржауыпова дайындық жұмыстары кешігіп жүргізіліп жатқанын айтқанмен, келесі сөзінде дайындық жұмысының жоспарлы түрде жүргізілетініне сенімді екенін жеткізді. Ол үшін облыстағы мемлекеттік органдардың қолдауы ауадай қажет екен.

- Жалпы алғанда, дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Халық санағын сапалы және мерзімінде аяқтау үшін барлық облыстық мемлекеттік органдардан қолдау күтеміз. Өйткені штаттан тыс жағдайлар болып қалуы мүмкін. Мәселен көлікке, персоналға және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қажеттілік тууы мүмкін», - дейді департамент басшысы.

Айта кету керек, ұлттық санақ жүргізу үшін пайдаланылатын құрал-жабдықтар республикалық бюджет есебінен сатып алынған. Пайдалануға дайын дейді.

Ал, облыс әкімі Құмар Ақсақалов науқандық жұмысқа жұмыссыз жүргендерді тарту керек екенін қатты ескертті. Бұрынғыдай мұғалімдер «жұмысшылар тізіміне» кіріп кетпесін деді әкім.

- Бұл тізімге тағы да мұғалімдер кіріп кетпеуі керек. Бұл өте маңызды. Білімі болса да жұмыс таппай жүрген адам көп қой, солардың арасынан таңдаған жөн. Жұмыссыздардың арасынан. Мұғалімдерді өздерінің міндеттеріне жатпайтын анау-мынау іс-шараларға жегуге тыйым салынады.

Жалпы, халық санағы биыл екі кезең бойынша жүреді: Біріншісі – адам тұратын немесе адам тұрмайтын адрес тер тексеріліп шығады. Бұл шаруа биылғы жазда, 30 маусымнан басталады. Солтүстік Қазақстандағы көптеген ауылдардың бос қалғанын, тұрғындарының шет елге көшуі бойынша көш бастап тұрғанын ескерсек, бұл шаруаның оңай болмасы белгілі. Ал, екінші кезең – халықты толықтай аралап, түгендеп шығу, санақ қағазына тіркеп, сауалнама жүргізу. Бұл кезең – 20 қазаннан басталады. Санақ қорытындысы да осы қазан-қараша айларындағы жұмыс кезеңінен соң белгілі болады.

«Биыл халық санағы екі тәсілмен жүргізіледі. Оның бірі сауалнаманы өздігінен толтыру. Ол үшін арнайы «sanaq-2020» интернет-порталы ашылады. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Өте ыңғайлы тәсіл, тұрғын ыңғайлы уақытта ЖСН енгізу арқылы өзі және отбасы мүшелері туралы мәлімет енгізеді. Бұл, біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Ал екінші тәсілінде арнайы дайындықтан өткен интервьюер үй-үйді, пәтер-пәтерді аралап, тұрғынның айтуына сүйене отырып, мәлімет жинайды», - деп Солтүстік Қазақстан облыстық Статистика департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Қалижанов бұған дейін хабарлаған.

Қалижанов сондай-ақ, халық санағында тек облыста қанша адам бар екені ғана емес, олардың әлеметтік жағдайы, қызметі, табыс көлемі, ұлты туралы да мәлімет беріледі. Қазір облыстағы халықтың жартысына жуығы этникалық орыс ұлтты тұрғындар. Одан кейінгі орында 35 пайыздық көрсеткішпен қазақ ұлттылар тұр. Бұл мәліметтердің барлығы осы санақта нақтыланады.

Негізінен, бұл санақ былтыр, 2019 жылы өтуге тиіс болған. Бірақ, 2020 жылға шегерілді.

"ТМД елдерінде ұлттық халық санағы әр он жыл сайын өтеді. Мәселен, биыл 2020 жылы Ресейде ұйымдастырылады. Соларға сәйкестендіру мақсатында елімізде бір жылға кейінге шегерілді. Өйткені бұл маңызды науқанда халық санын ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін аламыз. 2009 жылы өткен санақтан ерекшелігі – электронды түрде өтуі. Мәлімет планшетке енгізіліп, бірден Нұр-Сұлтан қаласына жіберіледі», - дейді облыстық Статистика департаменті басшысының орынбасары.

Айта кету керек, Статистика комитетінің мағлұматына сәйкес 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша республикада 18 611,1 мың Қазақстан азаматы тұрады. Оның 10 875,7 мыңы – қалалық, 7735,4 мыңы ­– ауылдықтар. 2020 жылғы санақ – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші халық санағы. 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының саны – 14 981 281 адамды құраған. Ал, 2009-дағы санақта – 16 009 597 адамға жеткен. Айта кететін бір жайт, 1989 жылғы Совет одағы құрамындағы Қазақстан халқының саны бұдан көптеу болған. Ол кезде Қазақстанда 16 232 324 адам тұрған. Қазақстан бұл көрсеткіштен Тәуелсіздік алған соң, ширек ғасырдан кейін әрең асты.

Солтүстік Қазақстан облысы жоғарыда айтып өткен 1989 жылдан бері қарай тұрақты түрде халық саны кеміп келе жатқан облыс. Статистикалық мәліметтер, 30 жыл ішінде бұл облыстағы халық санының 40 пайызға азайып кеткенін айтады. 1979 бен 1989 жылдар арасында 889 530 мың адамнан 921 416 адамға өскен облыс тұрғынының саны арада тағы 10 жыл өткенде 200 мыңға кеміп, 725 980-ға түседі. Одан кейінгі 10 жылдық көрсеткіш – 597 530 адамды құрайды.  Осыдан кейін халық санының азаю көрсеткіші тұрақталғандай болғанмен, жыл сайын 5-10 мыңдап азайып келеді. Мәселен, 2018-2019 жылдары бұл өңірдің тұрғындары тағы 4 мыңға азайып, соңғы көрсеткіш – 554 517 адамды құрады.

Бұл азаюды тоқтату үшін мемлекет 2015 жылдан бастап халықты оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру бағдарламасын іске қосты. Оның мәні түсінікті, ешкім жайдан жай көшіп бармайды: жұмыспен қамтылады, үй, пәтер беріледі, квотаға ие болады, қосымша әлеуметтік жеңілдіктері тағы бар. Осындай бастамалардан соң бірден жанданып сала бермесе де, солтүстік өңірлерге көшіп барушылар табыла бастады. Оның біразы әлеуметтік көмекке зәру адамдар болса, біразы кәсіпкерлік мақсатта қоныс аударғандар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жыл ішінде ішкі миграцияға талдау жүргізіп, халық тығыз орналасқан Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарындағы тұрғындардың бір бөлігін халқы аз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіруге болады деген тоқтамға келген. Содан бері солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті адамдардың негізгі легі – 18-35 жас аралығындағы еңбекке жарамды азаматтар екені анықталды. Олардың көбі жұмыссыздар екенін айта кету керек. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың жалпы саны 20 мыңның төңірегінде. Олардың басым бөлігін қабылдап жатқан осы Солтүстік Қазақстан облысы екенін ескерсек, бұл бағдарлама бұл облыстағы халық санының азаюын біршама тежеді деуге болады. 2018-2022 жылдар аралығында солтүстік өңірлерге барлығы 59 мың адам көшіп барады деп жоспарланған. Оның басым бөлігі аталмыш облысқа баратынын ескерсек, халық санағынан кейінгі облыс тұрғындарының көрсеткіші көбейіп кетпесе де, тұрақты деңгейді ұстап тұрады деп болжауға болады. 2015-2017 жылдар аралығында солтүстік өңірлерге жалпы саны 347 отбасы (1392 адам) көшіп барса, 2018 жылы қоныс аударушылар саны жаңа қарқын алып, 690 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған. Былтырғы көрсеткіш те осыған таяу. Аталмыш бағдарлама жыл сайын жетілдіріліп келе жатқанын есепке алсақ, солтүстіктегі халық саны жыл сайынғы онлайн санақтан әлдеқайда көп болып шығуы да мүмкін. Қорытындысын желтоқсанда білеміз, әзірге облыс дайындығын пысықтай тұрсын...

Байланысты жаналықтар

Журналист полицияның жарақаттағанын мәлімдеді

26.10.2020

Қостанайда кандидаттар ел аралап жүр

07.01.2021

Халық партиясы нені насихаттап жүр?

03.01.2021

Наразылықтың 50-ші күні: "Қытай 56 зауытын әкелетін болса, құл боламыз"

29.03.2021

Балаева: Ақпарат саласын заңнамалық тұрғыдан күшейту керек

05.06.2020

"Бізге адам деп қарап жатқан жоқ": Аналар мүгедек балаларымен бірге әкімдік дәлізіне түнеуде

02.03.2021