Онлайн оқудың азабы. Студенттер сөйлейді

Айшолпан КЕРІМ

  • 15.03.2021

Осыдан бір жыл бұрын 13 наурызда Қазақстанда алғаш рет коронавирус жұқтырғандар тіркелген болатын. Артынша елде төтенше жағдай енгізіліп, 16 наурыздан бастап білімгерлер қашықтан оқыту форматына көшкен еді. Біз онлайн форматтағы оқудың бір жылы қалай өткенін әртүрлі мамандық студенттерінен сұрап көрдік.

IITU университетінің 3 курс студенті Әсел онлайн оқудың жолға кететін қаржы үнемінен басқа пайдасы болмады деп есептейді.

«IT саласын меңгеріп жатқан студенттердің өмірі ғаламтормен тікелей байланысты. Ал мемлекет ең бірінші кезекте осы қажеттілікті қамти алмады. Одан бөлек онлайн оқу сауатсыздықты арттырды деуге болады. Плагиатқа тексеру қиын болғандықтан, тапсырманы ғаламтордан табу оңай, бәрі көшіріп, жібере салатын болды».

Әселдің айтуынша, жоғары курста қашықтан оқу студенттерге практикалық білім алуда қиындық тудырған.

«Кейінірек өндірістік тәжірбие басталғанда тіпті қиналдық. Қалада каратин енгізілгендіктен, қашықтан жұмыс істеп жатқан компанияларда практикадан өтуге тырыстық. Бірақ ол да бәрі үшін мүмкін болмады. Артынша университет онлайн платформамен келісімшартқа отырып, тегін сабақтарға кіруге мүмкіндік берді. Бірақ теория мен практика деген екі бөлек нәрсе ғой».

Қашықтан оқу шығармашылық мамандық студенттері үшін де оңайға соқпаған, тіпті кейбірі оқудан шығып қалған.

«Мен «Сәулет дизайны» мамандығында оқимын, біз шығармашылық қабілетке басымдық беруіміз керек. Осы тұрғыда онлайн оқу факультет студенттері үшін үлкен қиындық тудырды.  Оқу орнының жеке сайты көтере алатын файл өлшемі 500 мб болғандықтан, фотожұмыстарымыздың өлшемін барынша кішірейтеміз деп, үнемі сапасы төмен жұмыс жіберуге тура келді. Бұл біздің ең қарапайым үй тапсырмамыздың сүргіні, одан бөлек үлкен жоба-жұмыстар болатын, оларды сайтқа жүктеу тіпті мүмкін емес еді. Алғашында өте қиын болды, уақыт өте мұғалімдер де онлайн оқудың қыр-сырын меңгеріп, үй тапсырмасын «Облакоға» жүктейтін болдық.

«Перспектива», «Сәулет-құрылыс сызбасы» сынды пәндер болды, ал біз бірінші курс студенттері болғандықтан, қалам ұстау мен дұрыс сызуды да білмейтінбіз. Мұғалімдердің қатемізді түзеп, үйрететін мүмкіндігі болмады. Өзіміз қосымша ғаламтордағы видеосабақтар көріп, үйрендік. Онлайн оқу жұмысымыздың бағалануына да теріс әсерін тигізді. Біз сызба-суреттерімізді фотоға түсіріп жіберетінбіз, ал камера түстерді көмескі етіп, басқаша көрсететін, кейде фотода салған суретің де дұрыс емес, сызықтарың қисық болып көрініп қалады.

Ақбота қашықтан оқудың артықшылары да көп болғанын айтып, қайта офлайн оқуға құлықсыз екенін білдірді.

«Біз әр аптаны «келесі апта университетке барамыз» деген үмітпен бастайтынбыз. Солай күн санап жүріп, студенттігіміздің бірінші жылы өте шықты. Бірақ қазір оқу басқаша үлгіде болуы мүмкін емес сияқты. Онлайн формат ұнай бастады, бос уақытым көп, жұмыс пен оқуды қатар алып жүруге болады. Өздігімізше өмір сүруді үйрендік. Ең қызығы – мұғалімдер дәстүрлі оқу кезінде өте маңызды деген заттар автоматты түрде маңызын жоғалтты. Қазір ешкім ұсақ-түйекке назар аудармайды, тек тапсырмаңды ұқыптылықпен істесең болғаны.

Негізі, карантиннің жеке адам мен қоғам дамуы үшін үлкен пайдасы болған сияқты. Өмірді қиындатпай, үйде отырып-ақ, жоғары білім алуға болатынына көзіміз жетті. Ең бастысы – жасы жеткен мұғалімдердің өзі интернет пен компьютерді меңгеріп, жастармен жақын бола түсті, біздің тілімізді түсіне бастады. Онлайн оқудың арқасында керексіз лекцияларға тым көп уақыт бөлетінімізді түсіндім.

Онлайн оқу әсерінен грантқа ауысқандар да, оқи алмай, шығып қалғандар да болды. Екі қыз сызуды үйренеміз деген үмітпен түскен. Алайда бізде икемі, қабілеті барларды ғана үйрете алады. Онлайн оқуда тіпті нөлден бастау тым қиын болған соң, ол қыздар оқудан шығып қалды».

Медициналық университеттің төртінші курс студенті Жанель онлайн оқу қаражат жағынан тиімді болғанымен, болашақ дәрігерлер үшін біраз қиындық тудырғанын жасырмады.

«Негізі адамға байланысты ғой, бірақ онлайн оқуға көшкен соң студенттердің жауапкершілігі төмендеген сияқты. Көп студент көшірудің шебері болып алды, арасында мен де бармын. (күліп) Мұғалімдер де сабақтарға селқос қарай бастады.

Жанель тәжірбиеге толы төртінші курсының карантинмен тұспа-тұс келгені мамандықты жіті меңгеру үшін үлкен кедергі болады деп есептейді.

4 курс – тәжірбиеге толы, бар өткенімізді қолмен ұстап көруіміз керек болған кезең еді. Науқаспен сөйлесіп, көріп, сезінуіміз керек еді. Оффлайн оқысақ, дәл қазір гинекология бөлімін меңгерудеміз, перзентханаға барып, босану процестерін көрер едік. Кардиология пәні бойынша сол бөлімшенің науқасарымен кездесіп, артериалдық қан қысымын өлшейтін едік. Жалпы адам ағзасында бар сегіз жүйе бойынша практикалық білім алатын кезіміздің онлайнда өтіп жатқаны өкінішті.

Мысалы 2 курс оқып жүріп, біз оталарға кіретінбіз. Ал биылғы 2 курс студенттерінде ондай мүмкіндік болған жоқ, әсерінен оларда үлкен артта қалушылық болады.

Бірақ жақсы жақтары да бар ғой, кептелісте тұрмайсың, жол мен тамаққа ақша жұмсамайсың. Мен тіпті шәкіртақымды жинап, мамандығым бойынша қосымша дәріс сатып алдым.

«Тұран» университетінің бітіруші курс студенті Гүлмираға онлайн оқу оңайға соқпапты.

Гүлмира - "Тұран" университетінің 4 курс студенті

«Мен Түркістан облысы,Мақтаарал ауданы, колхоз Абай, қазіргі Жалын ауылында тұрамын.Осыдан тура бір жыл алдын елдегі пандемияға байланысты туған жеріме қайта оралдым. Онлайн сабақ өте қиынға соқты. Өйткені мен тұратын жерде сеть мүлдем ұстамайды. Әрі Wi-Fi сымдары жоқ. Сондықтан сабаққа қатысу үшін көрші ауылдағы атамның үйіне барып жүрдім. Қазір өндірістік тәжірбиеден өтіп жатқан соң, қатты сезілмейді. Жақында дипломдық жұмысымды қорғауым керек, ол да онлайн болса, қалаға барып, тапсыратын шығармын. Негізі ауыл-аймақтар түгел интернетпен қамтылса, онлайн оқу жақсырақ деп ойлаймын».

Студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқу жеке даму үшін үлкен мүмкіндік болғанын айтты. Олимпиадалық спорт факультетінің 2 курс студенті Әйгерімнің карантин кезінде қаржылық сауаттылығы артқан.

«Мен үшін онлайн оқу дамуыма оң әсер етті. Әу бастан карантин уақытын максималды пайдалануды жоспарлаған болатынмын. Мысалы, карантин бастала салысымен ағылшын тілін меңгеруге кірістім. Көптеген кітап оқыдым. Біраз уақыт жұмыс жасап, қаражат жинадым. Қаражатты үнемдеу жағынан сауатымды арттырдым. Жалпы айтқанда карантин ойымды жинақтау үшін үлкен мүмкіндік туғызды. Себебі анық: онлайн сабақтар өте оңай.

Әйгерім - болашақ жаттықтырушы

Әрине виртуалды оқудың болашақ жаттықтырушылар үшін кемшілігі көп. «Гимнастика», «Жеңіл атлетика», «Ауыр атлетика», таңдаған спорт түрі секілді көптеген сабақтарды тек теория жүзінде оқу оңайға түсті. Алайда бұл пәннің бәрі дұрыс меңгеру үшін практиканы талап етеді. Күні бойы ноутбук алдында отырып, сабақ орындау денсаулығыма да біршама кері әсерін берді. Бұл жағдайда ешқандай кактус көмектеспейді екен (күліп). Виртуалды қарым-қатынас мені қатты шаршатқаны да өтірік емес.

Болашақ жаттықтырушы қашықтан оқыту сапасына көңілі тола қоймайтынын да жасырмады.

«Онлайн оқуда аралық бақылау емтихандары да бұрынғыдай маңызды емес, тым оңай сияқты. Бұрын емтиханда арнайы сынақтан өтіп, белгілі бір нормативтер тапсырған болсақ, қазір жазба жұмыс, кішігірім жоба сынды ұсақ-түйек тапсырмалармен шектеліп жүрміз».

Әйгерім оқитын Спорт және Туризм академиясы 29 наурыздан бастап оффлайн оқуға көшеді екен.

Байланысты жаналықтар

Су тасқыны: БҚО-дағы эвакуациялау пункттерінде 603 оқушы онлайн оқып жатыр

16.04.2024

Білім сапасы сандық көрсеткішпен шектелмеуі тиіс

25.05.2023

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

10.06.2022

«Ashyq» пен арақашықтықта студент қалай оқып жүр?

15.09.2021

Сенатор әлеуметтік желіні реттейтін заң қабылдауды ұсынды

30.03.2021
MalimBlocks
Су тасқыны: БҚО-дағы эвакуациялау пункттерінде 603 оқушы онлайн оқып жатыр

Эвакуациялық орталық студенттердің онлайн оқуы үшін компьютерлер, құлаққаптар және интернетпен жабдықталған оқу кабинеттері бар.

Білім сапасы сандық көрсеткішпен шектелмеуі тиіс

Елімізде соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 млн-ға жетіп қалды.

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.  

Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр

Аймағамбетов биыл балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға жетті деген. Шымкенттегі жағдай осы көрсеткішке күмән тудырады.

«Ashyq» пен арақашықтықта студент қалай оқып жүр?

Сенатор әлеуметтік желіні реттейтін заң қабылдауды ұсынды