Аймағамбетовтің арманы: Шымкент министрді өтірікші жасайын деп тұр
Аймағамбетов биыл балаларды балабақшамен қамту 99 пайызға жетті деген. Шымкенттегі жағдай осы көрсеткішке күмән тудырады.
Шымкентте балабақшаларға бөлінген ақша жымқырды деген ақпарат шықты.
«Балапан» бағдарламасы бойынша бөлінген 45,7 миллион теңгенің қолды болғаны туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
«Мектепке дейінгі мекеме басшылары 2019-2021 жылдар аралығында балалардың қатысу көрсеткішіне арналған табельге күмәнді ақпарат енгізу жолымен мектепке дейінгі тәрбиеге «Балапан» бағдарламасы арқылы бөлінген жалпы сомасы 45,7 млн теңге болатын бюджет қаржысын жымқырған», - деп жазылған агенттіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, күмәнді адамдардың аты-жөні жарияланбапты.
2020 жылы ғана Білім және ғылым министрлігі балабақшалардағы жемқорлықты болдырмау үшін табельдеуді цифрландырамыз деген. Осы жылы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева
«Осыдан 7-8 жыл бұрын білім беру саласында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің көп кездескені рас. Ең ақыры, жұртшылық баласын балабақшаға орналастыру үшін де тамыр-таныс іздейтін. Қазір балабақшаға келмеген балаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы аударылады. Түрлі қитұрқылықтарға жол беріледі. Енді осының алдын алу үшін ата-аналардың электронды цифрлы қолтаңба арқылы баласының келгенін растап, табельдеу жүргізетін цифрлы бухгалтерия бағдарламасы ендірілуде», - деп мақтанған.
Жемқорлық фактісі дәл осы «цифрландыру» жылдарына сай келеді. Соған қарағанда, Шымкентке Аймағамбетов армандаған балабақша жүйесі әлі жете алмай жатқан сыңайлы.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былтыр ғана 98,1%-ға мектепке дейінгі біліммен қамтыдық деп жар салған:
«Балаларды ерте дамыту мәселелері біз үшін ерекше маңызға ие. Біз көбінесе сандық көрсеткіштерге мән беріп, балаларды қамтуға көңіл бөліп, ал сапа мен мазмұн бағытына тиісті деңгейде назар аударуға мүмкіндік болған емес. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жеткеннен кейін, сапа мен мазмұн мәселесіне назар аудару керек деп ойлаймын».
Және, биыл бұл көрсеткіштің 99 пайызға жеткенін де айтқан. Демек, бұл 99 пайыздың ішінде осылай жалған табельдеулер болған болып шығады. Яғни, балаларды қамту көрсеткіші қағаздағы көрсеткіштен төмен деген сөз. Шымкентте бар проблема басқа қалалар мен аймақтарда да болмай тұрмайды. Егер тергеу күдікті растаса, Аймағамбетовке әзірге сапа мен мазмұн туралы арманын қоя тұрып, есепті қайта жүргізуге тура келеді.