22 млрд теңге: Шымкент әкімдігі кінәні eGov емес, БАҚ-қа жаппақ

Шымкент әкімдігі eGov мемлекеттік порталының «Ашық бюджеттер» сайтында жарияланған 22 млрд теңге көлеміндегі жоспарланған шығындар туралы ақпаратқа қатысты жауапкершілікті бұқаралық ақпарат құралына артуға тырысуда. Бұл туралы КазТАГ агенттігі жазды деп хабарлайды Malim.kz.
«Аталған ақпарат (яғни, Шымкент әкімдігі өзінің қызметін қамтамасыз ету үшін бес жылға жуық 22 млрд теңге сұратқаны туралы) шындыққа сәйкес келмейді», – делінген дүйсенбі күні КазТАГ редакциясына жолданған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының хатында.
Шымкенттік шенеуніктер КазТАГ агенттігінен «ресми терістеу» жариялауды талап етуде. Алайда редакция Шымкент әкімдігіне бұл ақпараттың бастапқы көзі – мемлекеттік eGov порталы екенін, сондықтан әкімдік осы мәліметті бастапқыда орналастырған тұлғалармен өздері анықтап, мәселені солармен шешуі керектігін түсіндірді.
Айта кетейік, Қазақстанның жүйелік маңызы бар банктерінің шығындары енді инвесторлар мен акционерлердің есебінен өтеледі. Бюджет есебінен қаржы берілмейтін болады. Бұл туралыҚазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Фото: 2gis.kz