Уақыт белдеуін өзгертуге қатысты сауалнама eGov қосымшасынан алынып тасталған
Жауапты мекеме өкілдері пікір білдіруден бас тартқан

Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгертуге қатысты сауалнама ЕGov mobile қосымшасынан жоғалып кетті.
Әлеуметтік желі қолданушылары қосымшада сауалнаманы таба алмағандарын айтты.
Қосымшаның "Хабарламалар" бөлімінде "Бұл сауалнама өзектілік мерзімі аяқталғандықтан алып тасталды", – деп жазылған.
Tengrinews.kz пікір алу үшін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметіне жүгінгенін жазды. Алайда мекеме өкілдері пікір білдіруден бас тартқан.
Еске салайық, бұған дейін eGov mobile қосымшасында қазақстандықтарға уақыт белдеуін өзгертуге қатысты сауалнамаға қатысып, бірнеше сұраққа жауап беру ұсынылған болатын.
Айта кетейік, таяуда бірыңғай уақыт белдеуі туралы сұраққа Премьер-Министр Олжас Бектенов жауап беріп, "Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі 5-ші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан ғылыми тұрғыдан бұл дұрыс шешім",- деген болатын.
Фото: Gov.kz