Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

Malim Админ

  • 16.03.2021

Ұлумен шайқас

Шұрық тесік легенді төңкергендей түн жапты,

Қаламыма қол создым, қалың ойға құндақты.

Шертпе күйдей шекемнің тамырыммен хат жазам,

Сен жүрекпен оқышы тек,

ҚЫМБАТТЫМ!

 

Қарсы алдымда том-том ой, қоздап қана қопсыған,

Көсеп қалсаң көңілден алаулаған от шығар.

Өзегімде мың жылдық сағыныш бар, соны айтам,

Содан кейін басқаны айтуда мән жоқ шығар...

 

Әр сөзден соң көп нүкте қойып жатыр зілдей мұң,

Сұрақ белгі жоқ мұнда, жауабын да білмеймін.

Қаншама хат жазылды, қаншама хат тағы да –

Етегіне от тиіп, пеш ішінде гүлдейді...

 

Көлеңкемді сүйретіп, желкелеп жүр аспа шам,

Ардай әппақ ақ қағаз, кешір мені ластасам.

Сегіз көзді өрмекші кейпіне еніп әлдекім,

Қоса оқитын секілді, қайта жаза бастасам.

 

Түн жапқанда әлемді, хат жазамын күнде мен,

Шыққан сопы секілді, жаным балқып шілдеден.

Ұлуменен шайқаста, ұлы ойлардан жеңілдім,

Өлген сарбаз кейпінде, менен қалған күллі өлең.

 

***

Бүгін айдың нешесі?

Айта алам ба?

Бәрі бір күн секілді қайталанған.

Айна алдында нұр шашып сен отырсың,

Сол баяғы ұзақ түн Ай таранған.

 

Сәуле ойнаған бір арай келбетіңнен,

Пері қызы түскендей жерге түннен.

Терезенің алдында тал билейді,

Көлеңкең ғой ол сенің тербетілген.

 

Көшірмеңдей барлығы сенің бүгін,

Сенің түнің, керексе сенің күнің.

Ай сәулесі жүзген жоқ бүгін көлде,

Сен шомылдың әндетіп, сенімдімін!

 

Бәрі сенсің,

Сыңғырлап күлген де сен,

Гүлдеп сала береді жүрген көшең.

Күн де батпай, Ай тумай қалатындай,

Айна алдына сен келіп түрленбесең.

 

Бүгін айдың нешесі?

Қай күні еді?

Айтты сонда «туған күн» жайлы меңі.

Айна алдында дүние тербеледі,

Айна алдында жымиып Ай күледі…

 

Айт-Ман көкеме

Не іздедің, ағатай, не іздедің?

Жағалауын қармаған теңіз бе едің?

Тау көтеріп астына үңілесің,

Тал-жыңғылды сүзесің, түңілесің!

 

Із кестің бе, ескінің көшін іздеп,

Бір жоқ болса, ағатай, досымыз жоқ!

Жердегі ізден адасып қалғаныңда,

Көкті тінттің, ал бәлкім ар жағында...

 

Меңіреу ме, ешкім жоқ бір үн қатқан,

Мұңың батпан, ағатай, сырың батпан.

Ел жоқ іздеп жөнесе базарына,

Сіз түнейсіз әулие мазарына.

 

Шытынап кейде Каспий мұзындай боп,

Көкейде кермек қыжыл, дызылдайды от.

Ел кезіп, не іздедің,  мазарлардан,

Не дүние, ағатай, мазаңды алған?

 

Жер шарлаған баталы Қызырдайын,

Қысқа күнде, жауыр мұң, ұзын уайым.

Мазар кезбей, мазалы келбетіңмен,

Алаңсыз жатар ме едің,

Тірі әулие табылса жер бетінен!

2021 ж

 

Қасіретті көлеңке

Атом бомбасы жарылғанда оның бойындағы радияция қуатының күштілігінен адам молекулалық тұрғыда ыдырап, күл-паршасы шығып, ғайып болып кетеді екен де, қабырғаға түскен көлеңкесі ғана қалып қояды екен. Адамзат бұған Хиросимада куә болған. Көлеңкелердің суреттері әлемнің түрлі мұражайларында тұр... Ал біздің Семей даласында қанша көлеңке қалқиып иесін күтіп жүр десеңізші...

 

Қасіретті көлеңке, қабырғаға сүйенген,

Аңырап сен қалдың ба, айрылғанда иеңнен?

Иең қайтып келердей әлі күтіп тұрсың ба,

Күл орнына таңырқап, көліктерге тиелген.

 

Жер айналып түскендей, о, не тоба бұл деген?

Күл ұшады алма ағаш бұтағынан гүлдеген.

Көлеңкесіз қалғанның қасіреті шамалы,

Иесі жоқ КӨЛЕҢКЕ –

Көңілдегі зілді өлең!

 

Тасқа басқан таңбадай, қабырғаға қатталып,

Бірі жолдың үстінде табандарға тапталып –

Көлеңкелер зарлайды, зарын естір кісі жоқ,

Көлеңкелер қарғайды, жер мен көрді ақтарып.

 

Көлеңкеге көңіл айт, күнәңді де айт адамзат,

Көлеңкенің құны бар, бұдан былай адамзат!

Сұрапылдың сүргіні келген кезде, баспасын,

Құдайыңның алдында тұмаңды лай, адамзат!

 

Қанша соғыс болса да, қан төгетін едің-ау,

Кеудесінен шаһидтің жан сөгетін едің-ау.

Қан-сөлі жоқ, тәні жоқ,

Көлеңкесі қайғының,

О, адамзат, не мынау?

 

Қасіретті көлеңке, қабырғаға сүйенген,

Ғасыр өтті саған да, айрылғалы иеңнен,

Ғасыр өтті маған да, айырылғалы киемнен,

...көлеңкесі сындымын қара тасқа басылған,

Қасіретті ҚАЗАҚтың  –

Ділі...

Тілі...

Күйі өлген...

***

Көздерін төңкертіп қарады,

Езуін жиды,

Жұдырық жұмылды,

Біз ұмытып қалыппыз, қабақтан тануды, жанардан ұғуды.

Үнсіз кеп кіреміз, мұңменен ысталған ойларға,

Ұмытып кетеміз, содан соң шығуды.

 

Ойладық, ойлардан оюлар шашылды,

Отыз минут уақыт бар ойлауға шапса егер басыңды.

Ғұмырды мың өлең жазып та тауысуға болады,

Немесе бір талдап шатаспай санап шашыңды.

 

Ысталған бөлмеде, уақыттың жүрегі сағаттың дүрсілі,

Мәңгілік өмірді секундап санауың, қырсығу.

Шудағы алқаптан нәр алған нашақор құсамай,

Ойқамақ қапастан керек-ау бір шығу.

 

Көз жұмсаң

қабақ пен көз қалтаң жақшаға айналды,

Өмірді ішіп-жеп қарайтын көр көзің  қайда әлгі?

Ойлардың уыты темекі ұшынан будақтап,

Өзінің өлгенін суреттеп, «марқұм» тұр айна алды...

 

Нәубет жыл. Жан қайрау.

Сен көрген нәубет...

Санаған саннан жаңылар,

Далаңда әлі «ақтабан» жылдың шаңы бар!

Ақсүйек ойнау, не теңім еді, ой, тоба-ай,

Қол қармап қалсаң, бабаң сүйегі табылар.

 

Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді,

Бір езгіден соң қарсы алып тағы бір езгі.

Көрден тұрғандай көтердің қайта еңсеңді,

Қазағым менің, қайсар да қасқыр мінезді!

 

Дауылды күні теңізді кешкен кемедей,

Шайқалып барып, толқынды астың телегей.

Сынаққа сынба, бұлт құсап бұл да көшеді,

Сынай беретін, тірлікке ұлт пе ең сен өгей?!

 

Сен көрген құқай аз бе еді бұрын,

Көп пе еді?

Сынаққа алса сыры бар оның көктегі.

Өкпелеп жүріп өтпелі мына заманға,

Өкпемізге бір жетпей қалғандай оттегі.

 

Сүйем жер үшін сүйегін берген бабаңа –

Тоғыз ай бойы толғанған әзіз анаңа –

Өмір қарызбыз,

Өзіңді сақта,

Жолыңда жаным садаға!

 

Жолыңда жаным садаға!

06.07.2020 ж

 

БОРАН

(ЭТЮД)

Боран,

Шыр айналмай қоя тұр, дөңгеленбей,

Үйімдегі мен сүйген меңді өлеңдей --

Ыңылдайсың ішіңнен,

Өзіңді өзің,

Əдемі бір əуенмен емдегендей.

 

Бұрқасынмен бұрқылдап,

Бұла күнім,

Жылағың келсе осылай жыла күнім.

Ызыңдаған боранға селт етпейтін,

Құлық еті -

Құрыш ер құлағының.

 

Нан басып, үнсіз əйел,

Ұн борайды,

Жаныңды жел жұлымдап мұңға орайды.

Ақ түтек ұн бораған бөлме ішінен,

Қораланып көңілсіз "күн" қарайды.

 

Көп əуеннің сөзі жоқ, ыңыл бүгін,

Төске салған темірдей сығылды үнім.

Ақ қамырдан ашуын алып жатыр,

Түріп тастап дүние шымылдығын.

 

Ашылмаған алапат сиқыр əлі,

Əйел айтқан ыңылдап күй тынады.

Ертең, ертең ұйыған уыз дала,

Жатады үнсіз,

Əйелдей ұйқыдағы.

09.02.2017 ж

 

***

Үш мың жылдан кейін,

Менің бас сүйегімді тапқан жан не ойлар еді?

Өлген жылымды айтар…

(Бұл бас Өлеңді қойғалы өлі)

Өмірімнің соңына леп белгі қып,

Қара таспен бастырып қойған өлім!

 

Үңірейген көз шарама қарап,

«Бұ кім?» деп толғанар,

Із-түзсіз кетпейді Өлең боп қонған Ар!

Суалған өзеннің арнасы секілді,

Тамырдың ізінен,

Жыр оқыр сонда олар.

 

Жаңғақтың дәніндей қатпарлы миымнан,

Мейіздей де қалмаған,

Бәрін де сұм уақыт жалмаған.

Өлеңді тарихтан оқитын дәуірде,

Бас сүйегімнен жыр оқығаны,

Ұнайды, ал маған!

 

Ақ кебіннен қалған жыртысты зерделер,

«Құрттай қуыршаққа оранып,

Көбелекше тірілуге сенген сорлы пенделер»,

Деген шақта,

«Ақ қағазға» деп түзер ем,

Тіл болса менде егер…

 

***

Мен сенің терезеңнің алдындамын,

Көңілімде қалың сел,

Қарғын жауын!

Ысқырып қап сыртымнан сұп-суық жел,

Мені айналып үріп жүр ал құм, дауыл.

 

Әйел деген әулие,

Сездің білем,

Перде ішінен сығалап көз дүрбімен.

Жанарымды көрдің сен жас іркіген,

Ерінімді көрдің сен сөз мүлгіген.

 

Қабырғаңа сүйеніп көлеңкеммен,

Батар күн ба, жоқ әлде мен өртенгем.

Өткеніңнен елес боп келіп тұрмын,

Өмір сүргің келеді сен ертеңмен.

 

Зағип жанның итіндей жол бастаған –

Көлеңкем ғой жасаған алғаш қадам.

Терезеңе телміріп өткен шақ тұр,

Мен емес тек,

Мен емес ол басқа адам…

03.01.2018 ж

 

***

Кептер құс,

Көктемге жеттің,

Қыс арып,

Сені де құртқан үш әріп,

Мені де құртқан үш әріп.

Сен тағдырыңа тұсалып,

Тарихымды қанмен жаздың құса ғып.

 

Ақпанда көрдім,

Нәлетіңді айтып тірлікке,

Ақ өлім тілеп,

Ақ қарға қойдың сұр нүкте.

Тағдыр жел сені жұлмалап жатты,

Тарғыл мысықтай ілбіп кеп.

 

Көшені кезген қаңғыбас жандай,

Дүрмектен дәнек дәметіп.

Қызыл табаныңды қан етіп.

Бүрісіп отырдың,

Қасыңнан қанша –

Қайырсыз туған жан өтіп.

 

Кептер құс,

Аштықты көріп,

Қастықты көріп біз құсап,

Көктемге жеттің, мұнар боп еріп мұзды шақ.

...Оралған құстар қадірсіз енді,

Қыдырып жүріп,

Жүкті боп қайтқан қыз құсап.

 

***

Сенің қолың –

Бас бармағы буынсыз Қыдырдың қолындай баталы,

Сен жүрген сүрлеуде сиқырлы сыбағам жатады.

Сенің боталы көзіңнің кәрінен қорықпай,

Мені ертең біреулер тым арзан сатады...

 

Мен мұңымды сенің қарашығыңа құйып үйренгем,

Көзіңнен жас тамса – ол мендік күйреуден.

Саған зіл, әйтпесе,

Безіп-ақ кетер ем,

Қарағағанды дейтін илеуден.

 

Ер басым, алапат күшім де, тулаған қаным да,

Ем болмай өрмектей нәп-нәзік жаныма.

Сенің көңілің түсіне қоятын бір тілде күрсініп,

Дөңбекшіп жатырмын тағы да...

 

Сенің алақаның –

Жанымның ұясы секілді сезімге шомыла –

Ұйқыға кетемін,

Мұңлы ойды сорап қып соңыма...

Алақаныңа ұйықтаған жанымның салмағын сен сезіп,

Қар ұстаған адамдай қарайсың қолыңа...

 

***

Ағаш неге мылқау мынау,

Тұнжыраған бұлт үнсіз?

Олар нені ойлайтынын білсеңіз ғой, шіркін, сіз?

Ол түгілі өзегінде ой балқытып, сөз құйған,

Қазақ дейтін ұлт үнсіз.

 

Күн бойына арқандалған Ай мен мынау Жерің де –

Аумай қалған жаңа түскен келінге.

Айтар кезде ат аунатып тұрып қалған біз сорлы,

Айттық сосын айтпайтұғын жерінде.

 

Тамырында тулап ырғақ, саусағынан саулаған,

Қазақ үнсіз, Кетбұғадай күйшісінен аумаған.

Бұл үнсіздік – қу жанымның құдасы,

Бұл үнсіздік – жау маған!

 

Үнсіз ғана нақақ аққан көп жұлдыз бен көз жасын,

Жын-періге атқан оқ деп түсінемін өз басым.

…Адамзатқа екі-ақ сәтте сөйлегенің маңызды:

Соңғы сөз бен сәби ерін бастаған кез сөз басын…

Байланысты жаналықтар

Тіл біткен жыландар

13.04.2022

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

31.03.2021

Әлібек Шегебай. Таққан медаль, ордендерің, құтқармайды күнәдан...

19.03.2021

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

06.03.2021

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

29.01.2021

Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!

27.01.2021
MalimBlocks
Тіл біткен жыландар

Мүмкін әділдік деген құтқарушы емес, айқас шығар?

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ. Қарауыл (Әңгіме)

Әлібек Шегебай. Таққан медаль, ордендерің, құтқармайды күнәдан...

Азамат Тасқараұлы. Жүрегімде махаббат бар мөп-мөлдір!..

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!