Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері
Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы 27 қазанда Түрікменстанның Красноводск ауданы, Сүлмен ауылында (қазіргі Балқан уәлаяты, Түрікменстан республикасы) туған. 2010 жылы Алматыда қайтыс болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1965). Өлеңдері орыс, түрікмен, әзербайжан, башқұрт, украин тілдеріне аударылған. Мақтымқұлыны, Франческо Петрарканы, Саят-Нованы, Лермонтовты тәржімалады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
* * *
Көп жылдар бойы аңсаған
Асылым сен бе деп едім,
Жаныма ыстық баршадан
Ғашығым сен бе деп едім?
Көңілімде көктеген
Райхан гүлім деп едім.
Тірлікте ойдан кетпеген
Сыр айтар жұбым деп едім.
Жаңбырлы көктем кешінде
Махаббат көктер деп едім.
Осынау қиял көшіне
Ғаламат от бер деп едім.
Самарқау салқын сөзіңмен
Көктемде күз боп желдеттің,
Аялы қара көзіңнен
Мейірім таппай мен кеттім.
ӘСЕМ КЕШТЕР
Жұпар жұтып жасыл бақта жай жүріп,
Біз өмірде кермеп едік қайғырып,
Қас қарайса-ақ шақыратын біздерді
Ақ қайынньң ар жағынан ай күліп.
Қызды биге шақырғандай сыр бүкпей,
Ақ білектен ұстаушы едік суйріктей.
Қайран КазГУ ауласынан ән шалқып,
Түні бойы жатушы еді-ау, би бітпей.
Бірде кейіп, бірде қайта жарасып,
Жүруші едік біз бақытқа бал ашып.
Думаны мол студенттік кездер-ай,
Тан атқанша ұйықтамайтьн таласып.
Маңдайымнан бip-aқ сипар самал ма ең?
Қалай саған epiп кетпей қалам мен?
Аңғал кештер, тоқтасайшы бip сәтке
Көңілімді тербесеңші бал әнмен.
Аялдашы... арайыңнан сүйкімді-ақ
Мен қалайын тағы да бip күй тыңдап.
...Әсем кештер — aқ қанатты аққулар,
Қайда асығып барасыңдар қиқулап...
* * *
Көңілде жүрген бір ән бар,
Бір ән бар өзге бәрінен.
Сол әннің басын құра алмай,
Әлек боп келем әлі мен.
Соны айтып байтақ дала да,
Жатады ылғи ән құрап.
Сол әнді тілсіз баладай,
Айта алмай қойдым мен бірақ.
Соны айтып артқа қарамай
Жатса да тулап cан бұлақ,
Сол әнді тілсіз баладай,
Айта алмай қойдым мен бірақ.
Әйтеуір тұйық томаға,
Келеді әлі ашылмай
Айтылмай қойған анаға
Нәресте маxаббатындай.
Айта алмай қойдым, қайтейін,
Көңілге көл боп тұнса да,
Осынау әне әйтеуір
Жетпей-ақ қойды бір шама.
Асқар тау, теңіз, кең дала,
Салады сол бір әніне.
Сол әнді жалғыз мен ғана
Айта алмай келем әлі де...
НӨСЕР
Катқан қаншырға
болмас қамшы ұрмай,
Жарқ ет, жарықтық,
алмас жарқылдай.
Сөйле күркіреп,
көкті дүркірет,
Жатқан таусылмай
аспан даусындай!
Ойна, ақберен,
жайна, қақ төбем,
Сұра сүйінші
қазір тап менен
Қуаң далам-ай,
қуан баладай
Нөсер айқасы
аңызақпенен.
Саула, сабала,
ауна далама,
Қарғын қайтеді
таудан аға ма?!
Болса Сүлеймен
өлсін үрейден,
Көрсін дүлейді
Алла тағала!
Әлдекімдердің
қисын есебін,
Әлде кімдердің
тыйшы өсегін,
Үстірт үстінде
созыл үш күнге,
Құйшы нөсерім, құйшы нөсерім!
* * *
Айлы түні Алматының
Мөп-мөлдір-ау, аяулым.
Ақ бұлаққа бар ма тыным,
Мен де қазір ояумын.
Ақ бұлақтың жағалауы
Жағалай тал, аяулым,
Ай да жүзіп барады әні,
Мен де қазір ояумын.
Жұпар жауып тұрса маңды
Тұрар бақыт мекеңдеп.
Мен отырмын бұл самалды
Алған демің екен деп.
ЕҢЛІК ГҮЛ
Сеңгір шыңды мекендейді еңлік гүл,
Көлгірсуді көтермейді еңлік гүл.
Бағзы кезде шыңда емес, жазықта
Шешек атады екен дейді еңлік гүл.
Махаббаттың белгісі екен еңлік гүл,
Шапағаттың белгісі екен ерлік гүл.
Ғашықтарға сенгіш екен еңлік гүл,
Пасықтарды көргіш екен еңлік гүл.
Көктем келіп, жатқан кезде нұр күліп,
Ептен басып, келіпті елге бір бүлік...
Еңлік гүлді беріп тұрып, аруға
Өтірікті айта сапты бір жігіт.
Көлгірсуді көтермейді еңлік гүл,
Бүйткен тірлік бекер дейді еңлік гүл.
Жылай-жылай қол жетпейтін мұзартқа
Шығып кеткен екен дейді еңлік гүл.
Ең ерек гүл,
ең керек гүл,
еңлік гүл,
Сонау көктен көздің жасын сел қып тұр.
Адалырақ болайықшы, адамдар,
Тоңып қалды, жерге түссін еңлік гүл.
ӨТЕДІ КҮНДЕР
Бір күн көріп қайтқан құстың тізбегін
Сезесің сен, сезесің сен күз демін.
Түседі еске, түседі еске қараша үй,
Қараша үйде тәй-тәй басқан іздерің.
Адам кейде алдағысын андай ма,
Қалсаң моқап қиындыққа қандайма,
Түседі еске түседі еске ата-ана,
Жетімдікті жазып кеткен маңдайға.
Кейде жарың тіл қатады жанға ащы,
Ренжисің жоғалғандай бар жақсы.
Сол бір сәтте...
бәйшешектей нәп-нәзік
Түседі еске махаббатың алғашқы.
Еске аласың, еске аласың өткеңді,
Қысы, жазды, күзді, әлде көктемді.
Қазір ғана баста тұрған базарым
Баянсыз деп кімге айтарсың өкпеңді...