Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!

Malim Админ

  • 27.01.2021

АЯН

Ақсұңқар алып, сонарға шықтым,
Жанымда-Баян, Көк теңі!
Құл боп туса да Қодар ғашық-тын,
Ал, Сарыбайдың ұлы текті еді!

Шірене тартқан сарыжүн жебем,
Түсірді талай жамбыны.

"Жауһар жыр жазу-дарыным," - деп ем,
Балқытты бүтін жандыны.

Желмаяны да менсінбеп едім,
Дос таптым Пырақ ерттескен.
Түйе мінді деп, кемсінген ерім
Серігім болды серттескен.

Асанды тыңдап Арқаға бардым,

"Жерұйық", - деді - "осы ара! "
Нұраның нуын балталап алдым,

"Берік болғай,"-деп,-" босаға! "

"Он оқ бұдұнға" ұран салып ем,
Ұлыс қалмады ұқпаған!
Береке бітіп ұлан сары бел,
Құтая түсті Құтханам!

 

"Күлдір де күлдір" кезеңді тақап,
Қарындас күлді күлмеген.
Ерен де болса Еженді матап,
Сауға сұраттым Білгеден!

 

Көштен арылып Қаратау басы,
Қағылды қайта Үш Қазық!
Көк Байрақ болып Дала Тәубасы,
Күңім де жеді күшті азық!

Алашқа-жақпын,Оғызға-доспын,
Тыйсам-ау Түркі тентегін.
Қорқыттан қалған қобызға қостым,
"Астана жұрттың" ертеңін!

Айналам түгел арымды танып,
Адал боп асым азанғы,
Қарымды Халық дарынды бағып,
Таң қылды Ауро-Ғажамды!

Бұрымды қызым Қырымда қалды,
Балқаймақ шайқап,бал төкті!
Тұлымды ұлдарым Ұрымға барды,
Атадан асқан Нар текті!

Көк күмбез тіктім төтелеп күнге,
Көктетіп Баба Даласын!
Мерейім өсті, мекен еттім де,
Аспан мен Жердің арасын!

Талай өлшемде болдым, таныдым,
Айырам Ақшам, Сәскені.
Ғажайыптарды көрдім, Тәңірім,
Аян бергенің рас па еді!

1998 ж.

ҚАРАША

Тым ерте түсті қар неге?
Неге сәл кідірмеді екен?
Қыс басына -
- тұстасына неге ілінбеді екен?
Қаршадай ғана қараша қызды тоңдырған,
Қанқызыл өңін оңдырған,
Кенже өскен қалампырын солдырған,
Аязың да бір жүгірмек екен!
Құйрығын бұтына қысты
қоралы күшік қарындары ашып,
күндізгі қарыңнан қашып,
өзім де іңірге кетем.
Қара болсам да қарасуыққа бейім,

сәулелі сәуірге дейін

"күнім" деп, дірілдеп өтем...

Тым ерте түсті қар неге?
Неге ерте басты толғағына?
Күрең күздің мәнісі еш болмады ма?
Әсер етті ме әлдене?
Қара жердің қоныш~қолтығын қымтады да,
Қисық қайыңның кірігіп шынтағына,
қалайыдай жылтырап жатты.
Қара жел бебеу қағып,
Ақ ұлпа бұрқырап жатты.
Қара шал қалбалақтады,
Қарқылдап қарға қаптады,
қазбауыр бұлттар жатырын жарып жіберіп,
маңайым түнеріп,
самайым бір қатып,бір еріп,
балағымнан қар жауды,
қараша емес,қаңтар сезілді біршама,
қабағымнан қан жауды,
қаратпай мұршаға,
қалтырап кетті бар дене...
Тым ерте түсті қар неге?!
Мұңдымын неге мұншама?!

1994 ж.

ҚЫЗЫЛ АСПАН

Қызық-ай...

Қызыл аспан көрдім, қызығып тұрдым,
Қызынып, сүзіліп тұрдым...

Қып~қызыл құйрығы кеткендей үзіліп күннің,
Қам көңілім, ақыры бұзылып тындың!

Құдай-ай, күн де осылай батады ма екен?!

Қабылдамасамшы қапаны бөтен...

Қызарды Дүние...
Құшақтасқанда Аспан мен Аталы Мекен,
Қызырдың шапағы ма екен?!

 

Қызыл аспанда көп тылсым алысқан болар,
Қызыл жұлдызға қасқайып Арыстан қонар!
Қызғалдақ шашты ғарыштар доғал,
Қараңғы Қабылан мен Жарық Қыз табысқан болар...
Қызыл аспан жиегінде!

1994 ж.

ҚАЙЫҢ ШЫРЫНЫ

Мұңымды мезгіл біле ме екен деп,
Келер күндерге көз салдым.
Сонау бір қызды Жібек екен деп,
Жеңгетай~жырдан сөз салдым.

Тойға да барған, дауда да қалған,
Қайран басым-ай... сорлады.
Қайың өлді де, аулада таңнан
Тағы бір түнек орнады!

Күнім бір жылап, айым бір күлді,
Бір майдан бар-ау аспанда?!

"Жоқтамашы",-деп,-" қайың құрбыңды, "
Көңіл айттым кеп жас талға.

Азаймаған соң арманам, сорым,
Ғұмыр тіледім аршаға...
Көз жасын жұтып,қанбаған,шөлім,
Қайың шырынын аңсама!

1996 ж.

 

РЕКВИЕМ

Ұйқылы - ояумын,
Ұйқыда Жібегім...

Білмедім, кім едім?!

Түсі жоқ бояумын,
Түн түсіп түледім.
Бір өмір, бір өлім...

Қобызшы қарт бабам
Қорқыт та таппаған
Ұйқының бір емін.
Өлім бе, о да ұйқы,
Іздеме көп түйін,
Өлімнің өп күйін,
Реквием, реквием!
Алматы бүк түскен,
Ұйқылы сиқы бұл,
Тый тілің,сиқыр үн.
Қияли құт - күшпен
Құй тыным,ұйқы - мұң.
Білмедім,кім едім?!
Өңмін бе,түспін бе,
Саумын ба,іштім бе...
Құм болды жігерім,
Ұйқысы - қиямет,
Адамзат көре алмас түс мүлде.
Өлі өңір,өлі өмір,
Өлімтік,өлексе...
Дала - ылаң, ал, қала жезөкше!
Өлімші мүскінде...
Ұйқылы - ояумын,
Түн,түнек, түшкірме!
Бәрі де ұйқыда,
Табыттар бос емес,
Өліктер қызмет үстінде!

1996 ж.

СЕРТ

Жырдан жылу іздеген, бірімін ғой бағы аздың,
Жиып тастап отырмын қиындысын қағаздың.
Араздасқам түнменен, маған енді таң үлгі!
"Ақ тебен ғып қаламды, жібек жіп қып қаныңды,
Жамасаңшы," - деп тұр-ау, ~ "жырыңдағы жыртықты,"

Ашулы еді әлгінде, күлімдейді күн тіпті!
Алғыр,жаңа ырғақ бар, мақам да бар тым көне,
Айы туса оңынан, жыртылады жыр неге?!
"Ашына", - деп,- "Шолпанмен", болды ма екен Ай да араз?!
Ай мен Нұрды айтпай~ақ, Алашқа да пайдам аз!
Алашты да жыр еткем, ап шықсам деп түнектен,
Аруды да жыр еткем, ән суырып жүректен,
Аққайыңды жыр еткем, самал сүйсе,дір еткен...
Жарытпады жыр болып... көз тиген,я,тіл өткен!
Ақын болып ішімнен, актер қылдым сыртымды,
Аймалады періште, кезек күтіп жын тұрды.
Арманымды түр-түрлі, абыройсыз құлқынды,
Жыр етіп ем,жыртылды! Тия алсамшы күлкімді...
Ақ қағазға шатпақтап, жырта~жырта терлегем,
АРҒА ЖАЗАМ ЕНДІ ӨЛЕҢ АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕНЕН!

 

1996 ж.

 

ҒҰМЫР
Р. Тұңғышбаевқа.

"Өлім - бір түрден екінші бір түрге ауысу..."

                                                    Двахарлал Неру.

Өзіңдей сырбаз сырттанды
Әлдилеп талай таң атар...

"Ғұмырсызсың", -деп қыртқанды
хайуанға сана пара-пар.

Көңілден кетіп көне арман,
Шыға алмай жатса талғамнан,
Өлім деп енді өле алман,
Ғұмыр бар бізге арналған.

Басынан кетер Нұр-Қыдыр,
Күйттесе қайғы мұңды құл.
Сүю де,сірә,бір ғұмыр,
Өлу де,сірә,,бір ғұмыр!

1998 ж.

АҢСАР

(Сейіл Аяғановқа)

                                                              «Звон струн, влюблен лишь в вас...»

                                                                                           Альфред де Мюссе

Әуез ұқпас шайырмын ғой, сорым ба?!

Шерлі күйлер мендік сезім шетінен.
Ей, әнші дос, гитар сенің қолыңда~
алты ішекті жетіген.

Пернелерден тыңдап пері ғаламды,
Танымымның тарлығына кейідім.
Бұлт оранған назамды һәм наламды
сейілтер ме Сейіл-үн?!

 

Тебірентіп түйсігімді түймедей,
Сендік муза~бөгде бақыт, басқа мұң.
Әуезеңді тыңдаса егер Пиреней,
Роман ұлы тастар еді аспабын.

Үзілдіріп үн жеткіздің Үркерге,
Шындығымды айттым шалқар шарапқа.
Ұқсатам деп сол сиқырды сым перне,
Испан да емес, Валах та емес... Номадқа!

Саз сіңірдім, меликаңа қандым да,
Әнге маспын, бұдан бейіш бар ма өмір?!

"Ол отырды терезенің алдында",

Аялады  «Алқоңыр»...

 

Ән самғасын, жыр-тұлпардан тақымды үз,
Ескі күйді естіді үйдің елесі,
Құлағыма сыбыр етті ақын қыз:

«Әлемді әуен етпеген»,-деп- «неге осы?!»

Алты ішектің аруыңдай айқабақ,
Түсімізге аппақ алты құс кірген.
Сен қош айттың аспабыңды аймалап,

«Ақылдым»,-деп, ақын қызды құштым мен…

 

                                               Белгі

                                                    «Дәл  осылай болатынын сезгем мен...»

                                                                                                   Есенғали.

Тура солай  болатын ... күткенмін,

Әу бастан!

Қудым. Қаштым. Еңсе жидым. Бүктелдім.

Әуен бағзы... жауласқан!

 

Үміт күтіп келер  күннен керемет,

Жын үйіріп жүргенбіз.

Жылдар соңы-жылау ғана... не керек?!

Білгенбіз!

 

Құлқын – қоғам айналдырып құрбанға,

Тыншымақ!

Жылдарда – мұң, жырларда – нұр тұрғанда,

Қалмаған ба бір шырақ?!

 

Қандағы құн, алдағы күн, алдадың,

Сырт айналып, сыр бердің!

Азбан аймақ, орындалды арманың,

Саған қалсын бір белгім!

 

Патшаға дат: бір парақта – мың талап,

Елең қылар деймісің?!

Аңыраған анау қауым – қылтамақ,

Құлдың қамын жеймісің?

 

Опа берер ұл тумайтын ұлысқа

қай мықтың?!

Ұждан жырын ұлықтайтын ұрыста,

Жүрек, неге шайлықтың?

 

Тура солай болатынын... білгенмін!

Сорлы көніл, шер көніл!

Тағдыр  маған артын ашып күлген күн-

- Өлді Өмір!

2007 ж.

ШАМШЫРАҚ

Торда тұрсың, шамшырақ. Мен де торды,
Мекендеп, жан сарайым шерге толды!
Айнымас қапастағы серік едің,
Сағынар күн туар ма сені менің?!

Жаны жоқ жолдас едің, жарығың бар,
Абақты - тұрағымыз, кәрі мұңдар!
Билікке бой ұсынып, бүгілмесем,
Ендігі "айым да сен, күнім де сен!"

Білмеймін не күтерін басқа алапта,
Тұтқын күй өтіп жатыр тас қамақта.
Талықсып, қан құсқанда, шамшырағым,
Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!
Сен ғана жанға айта алмас жайды көрген,
Жұбатқан, жас шыққанда қайғылы ерден! ...

Дабыл ма? Әкетуші еді кіл бейуақта,
Шырағым, дос бол енді бір бейбаққа!

2008 ж.

СҮМБІЛЕ

Сен жұлдызды көрдің бе?! Сүмбілені?!

Айтыңдаршы ол жайлы... Кім біледі?!

Суық дейді сол жұлдыз өзгелерден,
Менің жаным мұздауға ділгір еді.

Айдан алыс, шоқтығы анық биік,
Ауырды деп жазғырма шалық тиіп...

Алдым - алау, артымда қалғаны - күл,
Аптап алып келемін, жанып-күйіп!

Сол жалынды бойдағы қалай басам?!

Суық керек, шомылғам арайға сан...

Созғам қолды Айға да, Шолпанға да,
Сорлар ма едім, сабыр ғып, абайласам?!

 

Ұмтылып ем Үркерге, ұшты бақыт,
Ұлым қалды жанары ұшқын атып.
Ұлыс қалды бағдары - баянсыздық,
Ұлықтардың ындынын ысқылатып.

Шындық бізден мұншама алыстар ма?!

Шынайылық таппаспын ғарыштан да.
Шейіт болған азуын айға білеп,
Шерлі болмас дәл мендей Арыстан да!

Мазалама күнәмді теріп бекер,
Мен-мен көңіл басылар, желік те өтер.
Мағынасыз теліме танымыңды,
Мұзды мұхит мұңыма еріп кетер!

Жазғырайын жазықсыз Күнді неге?!

Жұлдыз жолын жалғыз-ақ түн біле ме?!

Жанып-күйсем, жаурап ол қалған шығар,
Жол сілтеші, жарқыным, Сүмбілеге...

 

Жылдан, айдан үзіліп күн күдері,
Жаңа таптым жолдасым~Сүмбілені!
Жалын атсам, мәңгілік мұз жұлдызды,

Жылытар ма тұтқынның тұл жүрегі?!
Жылытар ма ақынның жыр-жүрегі?!

 

2008 ж.

АБАДАН

(Төлеген Жамановқа...)

Дархан жүректі дара дарынды
Далада қылды жалпы алаң,
Ақиық ақын Абадан ұлды,
Алдыра алмадық Арқадан...

 

Қарындас Елге қарастың дәйім,
Байтаққа бүтін бақ тілеп.
Ауылдан жырлап Алаштың жайын,
Астанадан зор Ақтүбек!

Әлеміміз~жыр, әуеніміз дүр,
Атажұрт анау арда қыр.
Әуел бастағы әуегіміз бір,
Жұмыр жүрек бір, қан да бір!

Жаңаарқа жақта жылиды көрпең,
Ұлықтап жүрсең Ұлт қамын.
Шуландар шулап, ұлиды Бөртең,
Көз майы құрып Құртқаның...

 

Өренің өссін ғажайыптарша,
Өрлігің дарып, өрең де...
Атай мен Арлан азайып қалса,
Шілбөрі шабар шөгелге!

Мидай майданда топ жардың анық,
Кірбің салса да кәрі ажал...
Соқырдан Серек,Көкжалды танып,
Қарақұлақтан~Қаражал!

Жерұйық болар Далада мынау,
Шыңнан да биік шыққанда Ар!
Дамылдай көрме,Абаданым-ау,
Құтырып кетер құтпандар...

 

Керемет көрсек таңданайық па,
Қаған да туса қарадан?!
Алаш аманат алмағайыпта,
Аман жүр,асыл Абадан!

Қас~Саққа қандас қадірің бөлек,
Ұжданды туған Ұлыс ек...
Итті иесі,
Ал,сені жүрсін Тәңірің жебеп,
Бөрінің сойы - Бірішек!

2020 ж.

Бабамның көзі,
Жүректің сөзі,
Анамның сазы,
Баламның назы,
Тағдырдың тезі,
Қазақтың өзі-
- қайран да қара домбыра!

2020 ж.

ХАНШАЙЫМНЫҢ КҮЛКІСІ


Күн нұрын... толастамай ботана сел
көру жоқ.Табиғаттың тылсым күшін
кім ұққан?! Күлімдесең, ботам-ау, сен~
түнекті тіліп түскен нұр сындысың.

Шуақсың,жүрек жылып, сезген кеуде!
Қуатсың, жымиғаның~жан азығы!
Мендегі мың сезімді безбендеуге
Тәңірім саған берген таразыны.

Кішкентай қырағымсың байыптайтын,
байқайтын көз кірбіңін,ел көрмейтін.
Сен күлсең,мұң қалмайды,айықпайтын,
Сен сүйсең,сырқат та жоқ,емделмейтін.

Таудың да сен ұқтырдың сеңгірлігін,
Қылығың қуып тастап аза бұлтын;
Жаңбырдың тамшысынан мөлдір, күнім,
Суындай Сәлсәбилдің таза күлкің!

Түсініп періштенің тілін,сөзін

теңеймін тәттісіне тұмалардың.
Кіл сенің күмбіріңнен,күлімкөзім,
бөлек тіл өзімізге құрап алдым!

Кеңпейіл көктемімсің кешірімді,
Күлкіңмен сейілтесің, қалса айыбым...
Ерке жел ежелесе есіміңді,

Күн күлді...  Естідің бе, Ханшайымым!

2020 ж.

СЕГІЗ СӨЗ

(өсиет)

Самғап биік, ұмтылғын өрге, балам,
Сендер есен жүріңдер, сендер аман!

Сендер~үміт, үздігіп Ел қараған,
Сарай~Қазақ салсаңдар Кең Даладан,
Сейіледі, сенемін, мендегі алаң!

Сендер аман жүріңдер, сендер есен,
Сенімді ұлан болсаңдар, Елге көсем,
Сұрап сойын, тегін де тергемес ем,
Сондай өрен көп болса өрден өсер,
Сарыуайымға салынбай... мен де көшем!

Сендер жайнап жүріңдер, сендер ойнап,
Сүңгіп терең, көкке ұшып, кеңге бойлап,
Сом алтыннан сүңгіге теңге байлап,
Сендірерің, сенерің~Ел, Жер, Аймақ,
Сүйер Тәңір, сүйенер пендені ойлап!

Сендер күліп жүрсеңдер, сүйіндіріп,
Сүйіншілеп, Отанның күйін біліп,
Сыйындырып бір Хаққа, түйін қылып,
Сүйіп Елді, дүйім жұрт сыйыңды ұғып,
Сыйлап досты, дұшпанды күйіндіріп!

Садағаң боп кетейін, құлыншақтар,
Сахараның салт, дәстүр, ділін сақтар,
Сағы сынбас, қан сертін ұғынса... ақтар,
Сол бір жолда қынадай қырылсақ та,
Сүйегі асыл Ұлтының тілін сақтар!

Сегіз қырлы, бір сырлы ұландарым,
Сұлу қызым~сүйкімдім, ұл~ардағым,
Сауын айтып, сілкіндір Қыр аңғарын,
Сыралғы сал, сауға бер, қырандарым,
Сақта есіңде Ұлыстың Ұлы Арманын!

Сүрме ғұмыр Ұлт үшін жалын атпай,
Сақта Ұжданын ұлықтап, Арын ақтай,
Сал жаныңды, Рух сайла, жанып оттай,
Сенен басқа Қазақтың бағы жоқтай,
Сайын Дала бір бүтін Шаңырақтай!

Салқын кеште жыр айтып, таңда аңызын,
Сара жолын Бабаңның, салған ізін
Сарала да дарала, жанға азығың
Сонда сенің, тегің бар қанда қызыл,
Саулықта бол, Асқақ Ұл, Арда Қызым!

2020 ж.

ӘУЕК

(поэмадан үзінді)

 

 "Шёл человек. Шёл степью,долго,долго.
Куда? Зачем? Нам это не узнать.
В густой лощине он увидел волка,
Верней,волчицу...А точнее,мать..."
                                                             Олжас Сүлейменов,"Бөлтіріктер".

АҢШЫ

(сөз басы)

Бел асқанда бөрі ұлып Көк Аспанға,
Боран үдеп, көз жетпес... сол асқарға.
Ақырапта басталған Арқа қысы
ақпанда толастар ма?!

 

Ашаң жүзі аяздан ала қатпар,
Аңшы жанын Аллаға аманаттар...

Мұңлы таудың мұнары мұз құрсанған,
арқасы~алағат қар!

Амал басы... мал азып, адам арып,
Ақ қар, көк мұз қабаққа қада қағып,
Ат үстінде барады санасында
аязды санама ғып...

 

Құбылғанда құдайдың күні құтты,
Үскірік жел, боз боран шынығып тұр.
Аяз жалғар аязды, араға сап
бірер күн жылымықты...

 

Шымшымадан шыңылтыр шығар өктем,
Шалқияның аз үйін дұғалы еткен,
Қамшы қаққан құлағы қолында қап,

"Қырбастың шұнағы" өткен...

 

Күн таласса, "Бет жабар" қаңтар басын,
Адуын шақ танытпай мал таңбасын.

"Сарышұнақ" ~сары аяз соң тиылған,
ат басын қаңтарғасын...

 

Жүрекке арман жасырып түнек қардан,
Жасып ауыл, төрт түлік жүдеп қалған.
Үркер туған шағында үркіткенмен,

"Үтаяз" үдеп-талған...

Теріскейді теңселтер теріс ырғақ ~
Бұл амалдың бірі емес,Бөрісырғақ!
Әлімсақтан әлегі әдемі әлем~
әуектің өрісін бақ!

Балтыр сыздап, келеді бас құрысып,
Ашулы~аңшы, аулаққа қашты күшік.
Ит терісін аяққа итен еткен,
кигені~қасқыр ішік!

Қасқыр демек, қырдағы жал біткенді,
Үйірімен, қалдырмай қалдық белгі,
Қырып салды ол, тимеді құртқасына,
қалғаны... қаңғып та өлді...

 

"Оттан аман болса", -деп, -" оқтан аман",

Ойлауы мұң... көзіне шоқ қараған
Шалынды оның жоғындай, болды бәйек
жалқы аңшы жоқ қараған...

 

Қырсық шалса,құттыдан құт талғай ма?
Құпиясын қыр кезіп ұққандай ма?

"Малдың құтын қоритын бөрікөз төбет,
Құдай-ау, Құтпан қайда?! "

р. S. Мұңлы-тау аты;
Әуек-қасқыр үйірі;

ЖІГІТТІҢ ҚАЗАҒЫ

(Ерден Оралбайға хат)

Текті ерін елім

Толағай тұтады дәйім,
Бектердің Бегін

Тәңірқұт таныған Ғұнша!
Мыңқолдан да өктем

Шынды алған Мұқалыдайын
Мың тордан да өткем.

Шыңдалғам...

Жабығам мұнша

Неліктен ғана?!

Шемен шер мыңның мұңына
Ұласқан шақта

елді аңсап ел ішінде мен,
Ерлердің ері

айналса ындын құлына,
Өтүкен~Жүрек қайғы алса...

 

Сен үшін келем
Көкжиектерге,

көз көрмес,

естімес құлақ,
Жәңгірдің ұлы жеткерген

Жарғыда жатқан
Есіл Ер құнын,

Есімше ескі көш құрап,
Қас~Сақтың тегін

іздейміз

Қарғыба жақтан!

Мұзтаудан мұнда көшіріп

Бұдынды Байтақ,
Талдаймыз тағы талғанша,

таңды таңға ұрып,

Құлагер шығар

құсалы құлынды байқап,
Шығамыз тысқа,

жағулы шамды қалдырып...

 

Ақшамға дейін күн салып,

тосамыз қырда,

Қуанып,

келсе Бақыт пен Қанағат қайтып.
Елеке сазын

Ерден боп қосамыз жырға,
Ғажам не?!

Ғалам көрмеген ғаламатты айтып!

Талқыға салып төртеулеп,

өткенді зерлеп,
Құрамын қанның сөз етіп,

жіліктің майын,
Тәңірі сүйген толғаймыз тектерді тергеп,
Жадысын Рухтың жаңғыртып,

жігіттік жайын.

Сұлтаны дедік,

жігіттің сырттаны көріп,
Жұрттағы теріп жасықты,

телідік төрге.
Ұжданы биік ұландар ұлттағы кеміп,
Қалмаса дейміз көзінен

көрініп пенде!

Рухында - Рауан,

жаны ізгі дархандар арман,
Миықтан күлсін мезгілдің мазағы мейлі...

Қаңлымен қандас

Қайылар Балқанға барған
Ерлердің Сойын

Жігіттің Қазағы дейді!

Бозғұрттар

біліп айтады

бүтін бір сырын,
Тұраннан табар тамырын

Түріктің де ұлы!
Жігерге жанып

Жүректің Лүпіл, Дүрсілін,
Жалғасын табар қазақы жігіттің жыры...

 

Асанның зары,

Қорқыттың азабы қонса,
Үн қосар қобыз,

Ер Елдің үміті толса!
Байласын жанын

Жігіттің Қазағы болса,
Сайласын Арын

Қазақтың Жігіті болса!

2020 ж.

ЖОРЫҚ ЖЫРЛАРЫ.
БҰЙЫРМЫС

"...Бетегелі Сарыарқаның белінде
Соғысып өлген өкінбес!"
Доспамбет.

Түгелдей жер-жаһанды түрме қылған,
Қаралы хабар беріп күнде Қырдан,
Іргені ірітер ме індеттері,
Назарын назары өшкір кімге бұрған?!

Қалың Ел, дұға қылмас түнде құлдан
күдер үз... мейірімсіз мүлде "Нұрдан"...
Тұл жүрек, тасбауырлар, қайдасыңдар,
Туғанын топалаңмен бірге қырған?!

Қарсы алып, Елдің адал ас-тұзымен,
Жар салып, кімге Ордамды ашқызып ем?!
Көсемдер, қайдасыңдар, көлгірсіген -
боққарын байбатшалар бас мүжіген?!

Көтті ашты сорақы амал, сорлы ойындар
От басты. Арсыз бетке қол қойыңдар!
Бетті бұр, белсіз кеткір безбүйректер,
Тәуба қыл, елсіз өткір тоңмойындар!

Жасытып,жалындырып зауал мына,
Жалымды жығып бердің жау алдына,
Алашты алаң күнде аңыратып,
Ей, Зұлмат, зәузатыңа ауар күнәң!

Жоңғардың жусағандай жорығынан,
Қырылды Ел, өлігі көп қорымынан.
Жырынды ең, жымысқы ісі... көбі күмән,
Түңілгем, ішімді іреп, бөрі ұлыған!

Талай жыл танытумен сабыр, ұстам,
Жалғанның жарығынан жаңылысқам!
Ботадай боздаймын ба, кәрі мыстан,
Болғанша Қазақстан... Қабірстан?!

Әдіптеп әрекетін әңгі есердің,
Дәріптеп дәрежесі бар көсемді,
алдандық... Енді алдырман жанға есемді,
Жеңерміз, жүгендесек НӘН кеселді!

Шығарып Аманатым - Арды аспанға,
Үміт боп қандастарға... жалғасқанда,
Алаштан туғандығым рас болса,
Айналам қолындағы алдаспанға!

Қазақты енді саған қор санатпан,
Үзермін жұлыныңды,қонсам атқа!
Үрейлен,үйіре бер... болса иманың,
Оқ сайлап, ұмтылуда қол садаққа!

Мына күй не күйзеліс?! Қай түңіліс?!
Салайын Қараөткелден қайтып ұрыс...
Қандыауыз, Қазақ тұрсын көз алдыңда,
Қиярда қыл мойныңды қайқы қылыш!

Шөгелше тартып кетер,шулап бөтен,
Туған Ел тоғышарға тулақ па екен?!
Шайқалған шаңырағымды тіктеу үшін,
Туа жат туырлығыңды турап кетем!

 

Қу басың, кәрі құзғын, озбасы шын,
Турасы, Толағайдай тозбас ісім,
Қасықтап қаныңды ішсем... Әр қазақтың
бір тамшы нақақ тамған көз жасы үшін!

Өз Елі өгей болса, өртенбес кім?!
Болады бүгінгі сел ертең көшкін...
Өміршең тамыр алмай өртеңде өскін,
Өзімдей сүйе алмайды-ау Өлкемді ешкім!

Болса да күндері кем шерленбеген,
Қазақтың Әзиз басын төрден көрем!
Мехнатты сергелдеңде меңгерген ем,
Ғұмырда бейнет бар ма мен көрмеген?!

 

Дүниенің көргем көтін... бетін бес күн
бұрғанда, сауға сұрап, өтінбеспін!
Тозақтың өзім үшін отын кештім,
Жан қисам енді Ел үшін... Өкінбеспін!

Қазақты қылсам азат қары, ұрыдан,
Тәңірдің үмітті етсем танымынан,
Аймадет Доспамбетше шаһит кешсем,
"Несібем кем болар ма хан ұлынан?!"

Тұқымын тұздай құртпай НӘН кеселдің,
Тарихтың тақтасынан мәңгі өшермін.
Өренім өрелі өспей, өрлік сүйіп,
Қара тер қарша көміп,қан кешермін!

Ұланым ұжданды ұғып, ұмтылғанша,
Ұлықтан қысас көрер ұлтым қанша?
Ұрыста тұрыс бар ма?! Ұлыс оңбас,
Жағамыз, жауды еңсеріп, жыртылғанша!

Түліктен түмен жылқы түзге айдалмай,
Намысты Ер шарық-шерге жүз қайралмай,
Алаштың асығы да алшы түспес,
МЕНІМІЗ БАСЫ БҮТІН БІЗГЕ АЙНАЛМАЙ!

Қас-Сақ Ел!Табиғатың қалсын арда,
Рухың бар тамырдағы тамшы қанда!
Атыңды қосып бірге Кәлимаға,
Айтармыз,ажал жетіп,жан шығарда!

Байтағым, білікті ұлын Білге қылған,
Бар ма опа бой тасалап жүрген ұлдан?!
Бәйгіге бас тігеміз сенің үшін,
Болармыз сенен басқа кімге құрбан?!

Байланысты жаналықтар

Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

13.12.2024

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Ақын Динара Мәлік өлеңдері

13.10.2024

Ақын Амангелді Бердіғалиевтің өлеңдері

06.10.2024

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

19.09.2024
MalimBlocks
Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

Одақтың мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша көзі қарақты қауым үшін тарихи мәні зор оқиға

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Ақын Динара Мәлік өлеңдері

Динара Мәлікова Ерболқызы 1988 жылы 16-қазанда дүниеге келген. Қызылорда облысының тумасы. «Шабыт» Халықаралық фетивалінің лауреаты. Республикалық әдеби конкурстың «Алтын қалам» иегері. Халықаралық «Махаббат жырлары» мүшәйрасының І орын иегері. 2011 жылы «Үркер» журналының жыл бойы жүргізген «Үркер Үміт» бәйгесіне ие болды.

Ақын Амангелді Бердіғалиевтің өлеңдері

Ақын Амангелді Бердіғалиев 1942 жылы Атырау облысының, Жылой ауданында дүниеге келген. Әкесі Бердіғали Ұлы Отан соғысында опат болса, анасы да ертеректе қайтыс болып кеткен. Осылайша Амангелді жалғыз, жетім боп өседі.

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы 27 қазанда Түрікменстанның Красноводск ауданы, Сүлмен ауылында (қазіргі Балқан уәлаяты, Түрікменстан республикасы) туған. 2010 жылы Алматыда қайтыс болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1965). Өлеңдері орыс, түрікмен, әзербайжан, башқұрт, украин тілдеріне аударылған. Мақтымқұлыны, Франческо Петрарканы, Саят-Нованы, Лермонтовты тәржімалады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.