Ақын Амангелді Бердіғалиевтің өлеңдері

Ақын Амангелді Бердіғалиев 1942 жылы Атырау облысының, Жылой ауданында дүниеге келген. Әкесі Бердіғали Ұлы Отан соғысында опат болса, анасы да ертеректе қайтыс болып кеткен. Осылайша Амангелді жалғыз, жетім боп өседі.

Malim Админ

  • 06.10.2024

Табиғатынан ашық-жарқын, адал да ақкөңіл ақын қиындыққа мойымай  ержетеді. Алғаш шопан, кейін өмірінің соңына дейін автоклуб меңгеруші боп еңбек етті. Әттең, ақын өмірі небәрі отыздан асқан шағында үзілді. 1974 жылы Амангелді автоклубпен малшылар жайлауына барады. Кенет жаңбыр жауып кетеді де барлығы киіз үйдің ішіне кіреді. Ақын тура шаңырақтың астына отырып, қолына транзисторды алып, бұрай бастайды. Кенет шаңырақтан алапат найзағай түседі. Ақын сол жерде жай оғынан тіл тартпай кеткен.

Ол өзі де жасындай жарқылдаған жырлар жазған талантты ақын еді. 60-70-ші жылдары басқа ақындар «коммунизм» мен  «компартияны» талмай жырлап жатқан кезде оның бұл тақырыптарға мүлдем жоламағанын көріп таңғаласыз. Керісінше ол сұлу да сырлы жырлар жазды. Ақ өлең үлгісімен жазылған «Сен кімсің, күнім» деген ұзақ монологы да бар. Небәрі отыздан асқан шағында өмірден өткен ақынның артында қалған аз ғана мұрасы, өзі жетім, іздеушісі жоқ болғандықтанба, әр жерде қалып, жоғалып кеткен. Кейін бар өлеңдері тірнектеп жиналып, «Сен кімсің, күнім?» деген атпен кітап боп шықты. Ақынның жырларымен таныс болыңыздар.

                              

 ***

Ат басын бұрып, ауылымызға барса кім,

Бағланын жайратып тастап сары шалым.

Отырар еді әңгіме соғып қонақпен,

Уа, дариға, сол бір шақты аңсадым.

 

Жолаушыны ұзын қара жол ап кеп,

Қараша үйдің қақ төрінде қонақ көп.

Кеткенде де риза болып шешеме,

Мақтайтын еді «қолы ашық, жомарт» деп.

 

Олар- ойда, үйіме бара қалсаңдар,

Алдарыңнан өзім шығам арсаңдап.

Қара шаңырақ, қараша үйдің тағдыры,

Менде қалды барлық міндет, бар салмақ.

 

ҚЫЗДАР-АЙ!

Көңіл деген күйгелек тәңір атқыр,

Жасауы жоқ бөлмедей қаңырап тұр.

Қызы түскір өзгеге қайғы салып,

Жайраңдап жүр төсіне тағып ап гүл.

 

Өзі де – гүл, көздердің жауын алып,

Қамсыз, мұңсыз әлемді тауып анық.

Еріндерің сендердің – ең асыл ем,

Сүйгізіңдер, сырқаттан сауығалық.

 

Көңіліндегі жігіттің күдікті ұғып,

Жалт еткен жанарында қылық тұнып.

Сыр бермейді-ау құрғырлар, өз ұлы ертең,

Телмірерін бір қызға біліп тұрып.

 

ОРАЛДА

Көңілдің аз да болса сезгені бар,

Сырыңды әр көшеңді кезген ұғар.

Кәрі тарлан тарих - әр тасыңда,

Сұмдық пен ізгіліктің безбені бар.

 

Көшеңнің бірі - ақын, бірі - батыр,

Онда да он сан ойдың сыры жатыр.

От боп туып, өртеніп өлгендердің,

Жүздері бір жапырақ шыныда тұр.

 

Ей, халық, нөпір толқын іздеріңнен,

Ақ қыздар, арман толы жүздеріңнен.

Жаутаңдап әр жанарға, сабыр қалмай,

Қасымның бір белгісін іздедім мен.

 

МАЛДЫ АУЫЛДЫҢ ТҮТІНІ

Аспанның ақ қаймағын қалқып ішіп,

Көк түтін көлбеңдеген жатыр ұшып.

Боялды батар күннің алауымен,

Қойшы үйі қыр басында, шатыры-шық.

 

Өрістен беттегенде мал ауылға,

Жеткізіп жүрек сырын қалаулыға.

Қолынан жас қойшының жәй әндеткен,

Тізгінін жұлқа тартты жарау құла.

 

Аралап ирек ізді қой, сиырын,

Ағытып түйдек-түйдек ой түйінін.

Аяңдап келе жатсам қыр астынан,

Түтіні қол бұлғайды қойшы үйінің.

 

ЖЫЛҚЫШЫ ҚЫЗ

Арғымақтың үстінде күліп тұрып,

Шабады ол қарына құрықты іліп.

Ой өрісі жоғары бәрімізден,

Өзіне тән биязы біліктілік.

 

Асау шабыт кеудемде тынышымды ап,

Ақын көңіл сол қызға жыр ұсынбақ.

Адасамыз өзіміз тал түсіңде,

Ауылды ол табады түн ішінде-ақ.

 

Жалынынан жастықтың сыр алып қап,

Асау таймен жарысқан бұлалық шақ.

Құй , сеніңіз, сенбеңіз, осынау қыз,

Жігітті де ұстайды бұғалықтап.

 

АҢШЫ

Аңға шықса танымай да қаласың,

Жайшылықта бып- биязы жолдасты.

Ажал менен тіршіліктің арасы,

Соның атқан бір оғымен жалғасты.

 

Әншейінде күлімқара көздері,

Селт етпейді көл бетіне түйіліп.

Нысанаға дәл тимеген кездегі,

Тым күлкілі тұрғандығы күйініп.

 

Сен несіне күйіп-пістің,ей, достым,

Маған десең он оғыңды далаға атІ

Табиғат та тастай сараң кейде осы,

Әркімге де керек шығар қанағат.

 

Ойында жоқ ешбір қауіп, бейкүнә,

Сан бояулы әсем үйрек көк мойын.

Аңшы достым, кетті өзгеріп кейпің, ә,

Саспай көздеп, атып қалар жоқпа ойың?

 

Осы көлді сұлулықтың басы де,

Көрсетпеші мылтығыңды. Кетші барІ

Қазан-ошақ, үйішілік несібе,

Бір үйрекке қарап қалған жоқ шығар?

 

Аялаймыз табиғатты-досымыз,

Ізімізде гүлдер өсті, бақ тұнып.

Қоямыз-ау кейде осылай біз осы,

Сұлулықты біреулерге аттырып.

                      

АДАМ

Бір сәтке болса жайдары,

Бір сәтте адам мұңаймақ.

Жеңіл ойлы жандарды,

Тағдырдың желі жүр айдап.

 

Ұшып қонып жүретін,

Қаңбақ болсақ қайтер –ек?

Тайсалмай өмір сүретін,

Адам – алып бәйтерек.

Байланысты жаналықтар

Ақын Динара Мәлік өлеңдері

13.10.2024

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

19.09.2024

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

16.03.2021

Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!

27.01.2021

Жәнібек ӘЛИМАН. Қарағанды ұнай ма осы сізге, аға?

26.10.2020

Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

02.10.2020
MalimBlocks
Ақын Динара Мәлік өлеңдері

Динара Мәлікова Ерболқызы 1988 жылы 16-қазанда дүниеге келген. Қызылорда облысының тумасы. «Шабыт» Халықаралық фетивалінің лауреаты. Республикалық әдеби конкурстың «Алтын қалам» иегері. Халықаралық «Махаббат жырлары» мүшәйрасының І орын иегері. 2011 жылы «Үркер» журналының жыл бойы жүргізген «Үркер Үміт» бәйгесіне ие болды.

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы 27 қазанда Түрікменстанның Красноводск ауданы, Сүлмен ауылында (қазіргі Балқан уәлаяты, Түрікменстан республикасы) туған. 2010 жылы Алматыда қайтыс болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1965). Өлеңдері орыс, түрікмен, әзербайжан, башқұрт, украин тілдеріне аударылған. Мақтымқұлыны, Франческо Петрарканы, Саят-Нованы, Лермонтовты тәржімалады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

Ержан Алаштуған. Сен ғана, сәуле төгіп, хал сұрадың!

Жәнібек ӘЛИМАН. Қарағанды ұнай ма осы сізге, аға?

Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"