Жұлдыз Молдағалиева. "Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?"

Malim Админ

  • 02.10.2020

Сол жағыңды келе ме дір еткізгің?!

“Сүй ғұмырды”. Бұл – жақсы тілек күзгі.

Күлсалғышта қаншама ой қоғам жайлы...

Мұңсалғышқа ұқсайды жүрек біздің...

***

Әзер атқан, өкпешіл таңды-ай мына...

(Қарай салшы! Жапырақ сарғайды ма?)

Мен, мысалы, дұғамнан жаңылыстым...

Сен, мысалы, жасадың қандай күнә?!

***

Көңіл – жетім, жұбатар жоқ тірегі...

(Жазбаған жыр түсіме көп кіреді.)

Анау жүрген үй-күйсіз қаңғыбас шал...

...Өмір жайлы ол бізден көп біледі...

***

Мәртебеңді ұнайды, ә, биіктеткен?!

Қылмыс-нала көкірекке үйіп-төккен...

Сен несіне тағдырға налисың көп?!

Мен өмірді мұңымен сүйіп кеткем.

***

Сағыныштар жаныңды өртесін кеп,

Жылдар салған жара да, дерт есіңде...

Тірлігің де үміт сыйлап... көп алдайды,

“Шала” ақынның ең сәтті тіркесіндей...

***

Отыратын шығар-ау жиі егіле...

Тамшы жасы түсті ыршып иегінен...

Қаңғыбас шал күте ме күзді мендей,

Және мендей өмірді сүйеді ме...

 

***

Сабылысыңды жасырып қалған сәт қанша?!
Не болар екен көңіл-сандықты ақтарса?!

Мен жүрген мынау тағдырдың жолы тайғанақ,

Басыма сосын қона бермейді бақ та онша...

 

Ғаламның мынау мейіріміне көп шөлдеп,

Армандайсың кеп «адал» боп қана өтсем деп,

Жауапсыз қалған дұғаң жайлы да ойлайсың,

(Қос алақанын құдайға жайған тек сен бе?!)

 

Жүрегім менің мұңның өзімен егіз бе?

«Тірлік кешуді» аласыңдағы негізге,

Құдай барына күмәнмен сосын қарайсың,

Сүңгігің келмей «ой» дейтін терең теңізге.

 

Кешесің тірлік аяқталмаған жыр құсап,

Түн құсап, сосын ашылмай қалған сыр құсап...

Қабырғалар да еңсеңді әбден басады,

Қашады бәрі, ашады саған кім құшақ?!

 

Досымдай менің келген Көктем де, Ай, Теңіз,

Теңселген терек, біздің бастағы жайт егіз...

Көңілімізді кірлетіп алсақ қайтеміз?!

Жүрегімізді ауыртып алсақ қайтеміз?..

 

Өлеңді ойлап, өзімді ойлап...былайғы...

Ғұмырды ойлап...тұғырды ойлап...(ұнайды...)

Ойлап жатам да, қалғып кетемін төсекте,

Жүрегімдегі (көкте ме еді?) құдайды...

 

***

Қажытты ма мендік сезім тәніңді бар,

Жарың да бар... (жан емес жаныңды ұғар...)

Мен өзімді кінәлап... бөлек кеттік,

Сен өзіңді жатқызып сабырлыға...

***

Бола бермес әр сәттің тәтті аяғы,

Қайда сезім, қайда сәт, бақ баяғы?!

...Сағындым деп хат жазып жіберіпсің...

(Құшаққа алған жарыңды қатты аядым...)

***

Аяпты ма адамды тағдыр бірақ,

Саған жазған өлеңді жаңбыр құрап...

Жанарына жарыңның қарап тұрып,

Тек мен жайлы ойлайсың...(сәл мұңдырақ)

***

Адам деген сын келсе төзбейді ме?

Жүрегің жүрегімді іздейді де...

Жұбатқың кеп жарыңа гүл сыйлайсың,

Мұң сыйлап тұрғаныңды ол сезбейді де...

***

Көкірегіңде тұрады толып қайғы,

Бақ құсы қайта айналып жолықпайды...

Жұбанғың кеп тағы оны құшақтайсың,

Мені сағынғаныңды ол ұқпайды...

***

Сүйген жан сүйіктісін көреді ерек,

Өлеңім түнді нұрға бөлеп әлек...

Хатыңа жауап жазғым келгені рас,

Бірақ ол кімге және неге керек...

***

Тартпасын жарың жанның көп азабын!

(Мен сені сағынғам жоқ, жоға, жаным.)

Хал сұрап жазғаныңа не деп айтам,

Сағыныш хаттарыңа не жазамын...

***

Ол өмір сүргісі кеп...
Қала жақта қиялы мың құбылып,
Қарсы алғысы келеді күнді күліп.
Түнерердей мойынында жүгі ауыр ма,
Жіберердей қайғысы жынды қылып...

***
Көңілі алаң анаған, мынаған да.
(Ал бізге ше? осы өмір ұнаған ба?)
Іште қалып айтарың... «жақсы» дейсің,
Танысың мен досың хал сұрағанда...
***
Адам жаны қысылса, өлең іздер...
Тағдыр басқа салғанға көнеміз де.
Неге біздер адамды тыңдамаймыз,
Түсінуге тырыспаймыз неге біздер?
***
(Ұсынған кім жұмақтан төрді бізге?)
Тіршіліктің заңына көндіңіз де...
Көрдіңіз бе біреуді тыңдай алып,
Сіз біреуді түсініп көрдіңіз бе?!
***
Жанымды ақтай... алмаймын ғаламды ақтай...
Келер күнге көңілді алаңдатпай,
Түсінуге тырыспақ былай тұрсын,
Тіпті тыңдай алатын адам таппай...

ол келе жатады....

***

Сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.

(Ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)

Келер күнім жайлы ұзааааақ ойлаймын,

Жалға алған пәтерімде жатам да.

***

Ескермей-ақ бунақты да, көлемді,

Жазғым келген іштегі өлең. Ол өлді.

Жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,

Жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

***

Аралап-ақ көшені де қаланы,

Ауылды һәм шексіз-шетсіз даланы,

Өнеге алар кісі іздеп келесің,

Ал өнеге беретінің шамалы...

***

Өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,

Жүрген ақын... сосын бізде азғын көп...

Мен өзімді таппадым деп налисың,

Ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

***

Қалғың келсе келер күнге мұра боп,

(Әттең, бізде жасап қойған күнә көп...)

Өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

Құдайына қалай барад(ы) мына бет...

***

Жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!

Кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға...

Тастай жүрек болатынын адамда...

Жүрегі бар болатынын тастың да...

***

Сен бәріне, бәрі үшін күйесің.

Сен әлемді жүрегіңмен сүйесің...

Құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,

Жалға алған пәтеріңнің иесін...

***

Жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,

Жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк...

Жым ойламай ұйықтап кеткің келеді...

(ЖАН СЫЙЛАҒАН ҚҰДАЙЫҢДЫ ҰМЫТЫП...)

 

Байланысты жаналықтар

Жамбыл Жабаев өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

23.07.2024

Ақын Кеңшілік Мырзабековтың өлеңдері

23.07.2024

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

20.07.2024

Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері

19.07.2024
MalimBlocks
Жамбыл Жабаев өлеңдері

Жамбыл Жабайұлы 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауы маңында дүниеге келген. -22 маусым 1945 жылы 22 маусымда Алматы қаласында өмірден озған. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау.

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылында туған. 1983 жылы 22 қарашада дүниеден озған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

Жұматай Жақыпбаев (1945-1990) - Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Журналист. Ақын. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Ақын Кеңшілік Мырзабековтың өлеңдері

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков 1946 жылы 6 маусымда Қостанай облысы, Жангелді ауданында дүниеге келген. 1989 жылы 30 қаңтарда Алматыда қайтыс болған. Журналист. Ақын. ҚазМУ-дың журналистика факултетін бітірген. Қостанай облысы “Коммунизм таңы” (қазіргі “Қостанай таңы”), “Лениншіл Жас” (қазіргі “Жас Алаш”), Алматы облысы “Жетісу”, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеттерінде, “Жазушы” баспасында, “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”) журналында қызмет атқарды. Ақынның алғашқы жинағы “Іңкәр дүние” 1972 жылы баспадан шықты.

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

«Қазақтың келістірер қай баласы» деуі — Абайдың астамшылығы немесе нигилистігі емес, ащы шындықты мойындауы әрі суреткер ретінде өзіне тарих жүктеген міндетті терең сезінуі

Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері

Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы Сейфуллин (1894 жылы 15 қазанда Ақмола уезі, Ақмола облысында туған. 1938 жылы Алматы қаласында қаза тапқан. Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушысы.