freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге тек Үндістанның кемелеріне рұқсат берді

Әлем
Иран Ормуз бұғазы арқылы өтуге тек Үндістанның кемелеріне рұқсат берді
Фото: depositphotos.com

Иран Үндістан кемелерінің Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Бұл туралы Иранның Үндістандағы елшісі Мохаммад Фатхали RT India телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Иә, мұны жақын арада көресіздер деп ойлаймын, бәлкім екі-үш сағат ішінде. Өйткені біз Иран мен Үндістан достас елдер екеніне нық сенеміз», – деді елші үнді кемелерінің өтуі туралы сұраққа жауап бере отырып.

Бұл мәлімдеме Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Иран президенті Масуд Пезешкиан арасындағы телефон арқылы сөйлесуден бір күн өткен соң айтылды. Әңгіме барысында Моди энергия ресурстарының үздіксіз жеткізілуінің маңызын атап өткен.

Бұған дейін NDTV телеарнасы кемінде екі үнді танкері – «Пушпак» пен «Паримал» Ормуз бұғазы арқылы еш кедергісіз өткенін хабарлаған. Ал АҚШ, Еуропа және Израиль кемелері әлі де шектеулерге тап болып отыр.

Financial Times басылымының жазуынша, Еуроодақтың кейбір елдері де Ормуз бұғазы мәселесі бойынша Иранмен келіссөз жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Франция Тегеранмен өз кемелерінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін келісім жасауға тырысуда.

Сондай-ақ Италия да бұл мәселені талқылауға әрекет еткен. Басылымның мәліметінше, Еуропа елдері жағдайдың ушығып кетуінен қауіптеніп, Ормуз бұғазында кемелерді әскери күшпен сүйемелдеуге дайын емес.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген. Ал Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Алиреза Тангсири Тегеран америкалық флоттың кемелерді алып жүруіне жол бермейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи Ормуз бұғазы жабық күйде қалуы тиіс екенін айтқан. Оның сөзінше, Иран бұл бұғазды АҚШ пен Израильмен қақтығыста қысым тетігі ретінде пайдаланбақ.

28 ақпанда таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағындағы нысандарға жаппай соққы беріп, соғыс басталған. Соның салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер қаза тапқан. Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасауда. Иранның шабуылдары аймақтағы араб елдеріне де әсер еткен.

Қақтығыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы айтарлықтай баяулаған. Бұл – Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа энергия ресурстары жеткізілетін негізгі бағыт. Бұрын осы жол арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен үштен бірі тасымалданатын, оның едәуір бөлігі Азия-Тынық мұхиты аймағына жөнелтілетін.

Дүйсенбі күні Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 119 доллардан асып, 2022 жылдың маусымынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Баға 29–31 пайызға өскен. Сонымен қатар газ бағасы да, әсіресе Еуропада, айтарлықтай қымбаттады – ақпан айының соңынан бері биржалық бағалар 100 пайыздан астамға көтерілген.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу