Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпиондық белбеуден айыру туралы шешіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz cайтына сілтеп Malim.kz.
Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы рингке қашан оралатынын жариялады.
"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын!", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ ол қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, "таза спортқа" адалдығын тағы да жеткізді.
"Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз! Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар! Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз!", - деді боксшы.
Әлімханұлы қазақстандықтарға үндеу жасап, тағы да рингке шығатынын айтты.
"Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі әлем чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет", - деп қорытындылады ол.