Думан Мұхамедкәрім 12 наурыздан бастап аштық жариялады. Бұл хабарды оған сол күні тамақ апарған жақындары түрме басшылығынан естіген. Бұл туралы Qaz365.kz белсенді Абзал Достиярдың желідегі жазбасына сілтеме жасап хабарлады.
«Қызылорда түрмесіндегі Думан Мұхамедкәрім кешеден бастап мерзімсіз аштық жариялапты. Бұны сол жақтан хабарласқан кісілер айтты. Олар Думанның аштықта жатқанын кеше ас-аухат апарғанда түрме басшылығынан естіген. Думанның талабы мынадай екен, ол буынсыз жерге пышақ ұрып жатқан жоқ. «Түрме есігін ашып мені шығарып жіберіңдер» деп жатқан жоқ. Ол бар болғаны өзін Алматы төңірегіндегі Заречное елді мекеніндегі абақтыға ауыстыруын сұрап отыр. Думанның талабы - заңды талап», — деп жазды Абзал Достияр.
Еске сала кетсек, журналист Думан Мұхаммедкәрім 405-баптың 2-бөлігі «экстремизмді қаржыландырды» және 258-баптың 1-бөлігі «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты» деген айып бойынша 7 жылға сотталған еді. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Мұхаммедкәрімді босатуды талап еткен үндеуінде оған тағылған айыптарға Қазақстанда экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозиция қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болғаны айтылады.