freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"1,5 жастағы баланы 500 теңгеге сатып алдым": Ақтөбелік ананың 39 баласы бар

Қоғам
"1,5 жастағы баланы 500 теңгеге сатып алдым": Ақтөбелік ананың 39 баласы бар
stan.kz

Ақтөбе қаласының 63 жастағы тұрғыны Светлана Мусина өмірін жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арнаған. Ол осы уақытқа дейін 39 баланы тәрбиелеп өсірген. Оның бесеуі – өз перзенті, ал қалғандары – асырап алған балалар. Қазір көпбалалы ана 40 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр, деп Malim.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өзі де бала кезінде балалар үйінде тәрбиеленген Светлана Мусина жетімдіктің ауыр тағдырын жақсы біледі. Сондықтан ол үшін ана болу жай ғана өмір жолы емес, тағдырдың таңдауы болған.

Көпбалалы ананың айтуынша, бір кездері ол 1,5 жастағы қыз баланы небәрі 500 теңгеге сатып алған. Бұл жағдай тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде болған.

"Баламды сатып алшы" деген сөзді естігенде қатты таңғалдым. Бірақ қорғансыз баланы сол жерде қалдырып кетуге дәтім бармады. Ол кезде анасы ішімдікке салынған еді. Теміржол вокзалының маңында қызын ақшаға алып кетуді өтінді. Сол кезде салмағы небәрі 5,5 келі болған Танюша қазір 30 жастан асқан. Өз отбасы бар, бөлек тұрады", – дейді Светлана Мусина.

Оның айтуынша, әр бала – өз алдына бір әлем. Сондықтан ол барлық баласына тең қарап, ешқайсысы өзін артық немесе кем сезінбеуі үшін бар күшін салған.

Фото: Stan.kz.

Бүгінде оның үйінде әртүрлі тағдырлы балалар өсіп келеді. Кейбірінің ата-анасы тірі болғанымен, түрлі себептермен олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Мысалы, бір баланы учаскелік инспектор далада жатқан жерінен тауып, Светлананың үйіне әкеліп тапсырған. Ол бала да қазір есейіп, жұмыс істеп жүр.

Тағы бір қыз – Әсел Светлананың үйіне 16 жасында тергеу изоляторынан шыққан соң келген. Баратын жері болмағандықтан, көпбалалы ана оны да өз қамқорлығына алған. Қазір Әселдің өз отбасы бар, бес баланың анасы.

Светлана Мусина балаларды ешқашан таңдап асырап алмағанын айтады. Оның сөзінше, тағдыр жолықтырған әр баланы өз перзентіндей қабылдаған.

"Кейбір балалар алғаш келгенде ешкімге сенбей, қорқып жүреді. "Мама" деп айтқанымен, үйренісу үшін уақыт керек. Уақыт өте келе күліп, еркелеп бастайды. Сол кезде еңбегімнің зая кетпегенін түсінемін. Ал ең қиыны – әр баланың жүрегіндегі жараны емдеу", – дейді ол.

Үлкен отбасының өз тәртібі бар. Балалардың әрқайсысы үй шаруасына көмектеседі: бірі ыдыс жуады, бірі үй жинайды. Олар кезекпен жұмыс істеп, бір-біріне сабақ қарауға да көмектеседі.

"Таңертең бәріміз ерте тұрамыз. Бірі мектепке, бірі жұмысқа дайындалады. Күнделікті қарбалас өмір. Кешке бәріміз бірге шай ішіп, әңгімелесеміз. Кейде фильм көреміз. Үйіміз у-шуға толы, бірақ өте жылы", – дейді көпбалалы ана.

Қазіргі таңда оның қолында 14 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатыр. Светлана олардың бәріне білім беріп, жақсы өмірге жол ашуды армандайды.

Фото: Stan.kz.

Көпбалалы ананың айтуынша, соңғы балалар олардың шаңырағына өткен жылдың желтоқсанында келген. Ол алғашында тек бір баланы алмақ болғанымен, кейін тағы бір баланы бірге алып кеткен.

Светлана Мусина айналасында көмектесетін мейірімді адамдардың көп екенін айтады. Мектеп ұжымы да, дәрігерлер де әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

"Бала – ең үлкен бақыт. Әрқайсысы өз жолын тауып, бақытты өмір сүрсе – мен үшін одан асқан қуаныш жоқ", – дейді ол.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу