14 наурыз – Көрісу күні. Соңғы кездері бұл мереке халық өмірімен біте қайнаса бастағандай. Мейрамды еліміздің батыс өңірлерінің халқы бұрыннан атап өтіп келе жатса, енді осы іске барлық өңірлер қосыла бастады. Өйткені, еліміздің қай өңірінде болса да, мал баққан қазақ халқы үшін көктем әсері өте күшті болған.
Қысты күндері таудың қолат қуыстарына тығылып, жан баққан халқымыз көктем келіп, қар көбесі сөгілісімен қайта еңсе тіктеп, ауыздары аққа тиіп, бірін-бірі іздеуге көшкен. Алыстан қонақ келе ме, қалың елден хабар айта ма, ел ішінде не жаңалық бар екен деп елеңдесіп отырған. Сондықтан да халқымыз көктем мерекесін ұзақ тойлаған. Оның бүкіл дәстүр салты (тойшылдығы, қонақшылдығы мен қонақжайлығы, жазда жайлауға шығуы, көкпар, ат бәйгесі, тағы басқалар) осы көктем мерекесімен ерекше үйлесім тапқан. Наурызды ұлы дүбір мереке маусымы ретінде қабылдаған. Сол наурыздың беташары секілді болып келетін көрісу, амал мерекелерінің де халық тұрмысы мен мәдениетінде толағайдай орны болғанын байқаймыз.
Дегенмен соңғы жүз жылдың ішінде бізге қарағанда үстемдік жағдайындағы басқа халықтармен қоян-қолтық араласу, ата-баба дәстүр салтының өзгеріс ықпалына түсуі салдарынан кейбір мерекелерді бүкіл халық болып тойлаудан жаңылып та қалған секілдіміз. Соның бірі – көрісу мерекесі.
Амал күні неге 14 наурызда тойланады?
Маңғыстаулық өлкетанушы Алқажан Еділхан бұл туралы мынадай дәйек ұсынады.
«Жалпы Амал мерекесін кезіндегі ел көсемдері қазақ жазирасында бытырай қоныстанған халықтың ынтымағын сетінетпей, бірлігін мызғытпай ұстап түру үшін айналымға енгізсе керек. Алыс-жақын ағайын бір-бірінің амандығын біліп, бір-біріне қарайласып тұру үшін көрісу ғұрпы пайда болған. Осы істің басындағы тұлғалар көрісетін күн қай мезгіл болу керек деген мәселеге келгенде көктемнің басы, жер-әлем қайта түлеген шақ болу керек деп шешкенге ұқсайды. Ескіше жыл санауда көктемнің басы ай жаңарған кезге сәйкес келеді. Кейін Ресей патшалығының қарамағында болған кезде Грегориан күнтізбесін қабылдадық. Ол күнтізбе бойынша көктем туып, ай жаңаратын күн 14 наурызға дөп келді. Амал мерекесінің қазір 14 наурызда тойланатыны содан», - дейді этнограф.
Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, көрісу мерекесі еліміздің батыс өлкелерінде жақсы сақталған. Себебі – батыста қазақтардың үлес салмағы басқа ұлттарға қарағанда көбірек болды. Кеңес заманында да, патшалық заманда да. Әсіресе мынау шөлейт жерлерге орыс отарлаушылары бара қойған жоқ. Сондықтан батыс өлкеде, қазақтың байырғы дәстүрлердің бірсыпырасы сақталған. Әйтпесе, көрісу – исі қазаққа ортақ мейрам.
Жалпы ата-бабаларымыздың мейрамдау мәнеріне көңіл қоя қарасақ, ол кезде қазіргі күндегідей бір күннің ішінде апыр-топырын шығарып, тойлай салатын мереке болмаған. Себебі адамдар үлкен жиындарға алыстан ат арытып, үздік-создық келіп жатады, қабылдаушы жақ келгендерді күтіп алып, жақсылап жайғастырып, бабын табуға тырысады. Наурыздың өзі міне осылай ақырындап басталып, бірте-бірте тойланған. Жеке адамға берілетін үлкен астардың өзі бірнеше күнге созылған.
Амал күнінде кім кіммен көріседі?
«Жасы кіші жасы үлкенге барып көріседі. Келін өзінен үлкен абысынға, енесіне барып көріседі. Жиен нағашысына барып көріседі. Қыз алған құда өзінен жасы кіші болса да көбінесе қыз берген құдасына барып көріскен. Ұзатылған қыздың жат жұрттағы бірінші наурызына төркін жағы барып көріседі. Көршімен көрісу міндетті. Күні кеше ғана бірге мал қораласаң да, жыл жаңарған күні көрісуің міндет. Себебі жаңа күн туды, наурыз туды.
Амал мерекесін айналымға енгізген көсемдер күніне бір рет амандасуды, жылына бір рет көрісуді аманаттап кеткен. Міндетті түрде қол алысу керек. Қос қолдап амандасқанның жөні тіптен ерек. Аналарымыз алмакезек қол айқастырып, төс қағысып жататыныны әлі күнге дейін көз алдымызда. Ол көрініс айдындағы аққулардың қауышқанындай әсерлі», - дейді этнограф Алқажан Еділхан.
Қазақстанда 14–23 наурыз аралығында жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі өтеді. Аталған формат қысқа уақыт ішінде Наурыз мейрамын атап өтудің маңызды бөлігіне айналды. Ол тарихи дәстүрлерді, мәдени бастамалар мен қоғамдық жобаларды біріктіріп, тұрғындармен заманауи формат қарым-қатынас орнатады.
Дәстүр бойынша Наурызнама мерекелік онкүндігінің әр күні ұлттық құндылықтар мен белгілі бір тақырыпқа арналады.
14 наурыз - Көрісу күні.
15 наурыз – Қайырымдылық күні.
16 наурыз - Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні.
17 наурыз – Шаңырақ күні.
18 наурыз – Ұлттық киім күні.
19 наурыз – Жаңару күні.
20 наурыз - Ұлттық спорт күні.
21 наурыз – Ынтымақ күні.
22 наурыз – Жаңа жылдың басталуы.