freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Трамп: Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімге 14 маусымда қол қойылады

Әлем
Трамп: Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімге 14 маусымда қол қойылады
Фото: REUTERS / Kevin Lamarque

Бұл туралы Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Трамптың айтуынша, Иран енді ядролық қару жасауға ұмтылмайды және Ормуз бұғазы барлық ел үшін ашық болады.

«Шын мәнінде, олар (Иран – ред.) енді ядролық қаруға ие болғысы келмейді және оған ешқашан қол жеткізбейді – сатып алу, әзірлеу немесе басқа да жолдар арқылы. Келісімге ертең қол қою жоспарланып отыр. Қол қойылғаннан кейін бірден Ормуз бұғазы БАРЛЫҚ ЕЛ ҮШІН АШЫҚ БОЛАДЫ», – деп жазды АҚШ президенті.

Трамп Иран келісімге келуден бас тартқан жағдайда елді «өте қатаң балама шаралар» күтіп тұрғанын ескертті.

Сонымен қатар АҚШ-тың Иранмен және Таяу Шығыстағы басқа мемлекеттермен серіктестік орнатуға мүдделі екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Reuters агенттігі Иран мен АҚШ арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған алдын ала келісімге қол жеткізуге жақын қалғанын хабарлаған еді. Алайда Тегеран құжаттың алдағы 24 сағат ішінде рәсімделетіні туралы делдалдардың мәлімдемесін жоққа шығарды.

13 маусым күні Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф Исламабадтың меморандумға электронды түрде қол қоюға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл алдағы 24 сағат ішінде жүзеге асуы мүмкін, ал келесі аптада техникалық деңгейдегі келіссөздер басталады.

«Біз бейбіт келісімге бұрын-соңды болмағандай жақын тұрмыз», – деді ол.

Дегенмен Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи құжатқа жақын тәулікте қол қойылатынын теріске шығарды. Оның сөзінше, мұндай мүмкіндікті алдағы күндері жоққа шығаруға болмайды, алайда қарсы тараптың ұстанымы жиі өзгеріп отырғандықтан, бұл мәселеге қатысты пікір білдіргенде сақ болған жөн.

Бұған қоса, Трамп бұған дейін Иранмен бітім туралы келісімге осы демалыс күндері-ақ қол қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Оның сөзінше, Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи құжатты мақұлдаған. Трамп бұл құжатты «өте маңызды өзара түсіністік туралы меморандум» деп атап, оның аясында Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасы қайта жанданатынын және Тегеранның ядролық қару жасамау жөніндегі міндеттемелері бекітілетінін жеткізді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу