“Шашы ұзынның ақылы қысқа” ма?

Malim Админ

  • 27.03.2021

Америкалық апалы-сіңілі шашы ұзын жеті қыздың тағдыры осындай сұраққа жетелейді. Әуелі ұзын шаштары бақытқа орағандай болып көрінген қыздардың  ғұмыры тым аянышты аяқталған еді.

Оқиғаны басынан бастайық.

Адамдар сонау ғаламтор тұрмақ тамашалайтын кино жоқ кезде көңіл көтеру үшін циркке баратын. Әртүрлі дене кемістігімен туылған, мәселен, бойы тым ұзын немесе ергежейлі адамдарды, сиам егіздерін, төртем, бесемдерді көруге халық құжынай жиналатын. Цирк осылайша ешкімге ұқсамайтын тағдырлы адамдарды сахнаға шығарып, қыруар ақша тапты. Апалы-сіңілі Сазерлэндтер қарапайым америкалық отбасында туған он екі мүшесі сау қыздар еді. Олардың ерекшеліктері - шаштарының қалың әрі тым ұзындығы. Бір үйдің жеті қызына  бірдей ұштары жер сызған ұзын шаштың бұйыруы расында  көпшілікті таң қалдыратын. Сіңірі шыққан кедей фермердің жеті қызының есімдері  1882-1920 жылдары аралығында Америкада аңыз болды. Циркке жұрт Сара, Виктория, Изабелла, Грейс, Наоми, Мэри, Дора есімді жеті қыздың шашын тамашалауға жиналатын. Толқындана бұйраланған  шаштары қыздардың иықтарын көмкере  арқасын түгел жауып,  көрген жанды еріксіз еліктіретін. ⠀

 

Сазерлэндтер отбасында жеті қыз және бір ұл болды. Кедейліктен құтылу үшін әкесі қыздарын өнерге баулыды. Ән айтып, би билеп ақша табуды көкседі. Арман жетегімен жеті қызын Америкадағы атақты Барнум & Бэйли цирк компаниясына әкелген әке үміті ә дегеннен ақталады. Шашы ұзын жеті қызды көруге адамдар елдің түкпір-түкпірінен ағылып жатты. Шіркеу әндері мен ескі балладаларды сызылта орындаған қыздардың атағы алысқа тарады. Бірақ көпшілікті әндерінен гөрі олардың ерекше шаштары қызықтырды. Бұл кезде қыздардың үлкені Сара 36 жаста болса, ең кішісі Мэри 18 жаста еді.

Қыздардың анасы жетінші қызы екі жасқа толғанда 1867 жылы дүние салады. Ел арасында қыздардың шашының ұзын болу құпиясы - анасы қолданған ерекше бальзамда екен деген сыбыс тарайды. Бұл сыбыс қыздардың әкесі  Флетчэр Сазерлэнд мырзаға ой салады. Дереу іске кіріскен ол “Апалы-сіңілі жеті қыз” деп аталатын сиқырлы тоник жасап, сатылымға шығара қояды.

“The Pharmaceutical Era” фармацевтикалық журналы тониктің құрамына талдау жүргізіп, нәтижесін жариялайды. Өнімнің этикеткасында

 “Бұл рецепт бізбен келісіле жасалды. Әлемдегі ең үздік тоник ретінде ұсынамыз” деген жазу жазылды. Оның бір бөтелкесінің құны 1,5 долларға бағаланды. Бұл XIX ғасырдағы орта шаруаның бір апталық еңбекақысына пара пар ақша еді. Жарнамасы жер жарған өнімнің аз уақытта 2,5 миллион құтысы сатылып, Сазерлэндтер 3 миллион доллар ақша тапты.

Қыздардың суреттері  сол кезеңдегі ең атақты Cosmopolitan, Time, The New Yorker, The New York Times басылымдарына жарияланып, атақ-даңқтары аспандай берді. 1888 жылы Сазерлэнд мырза көз жұмып, қыздар туған ауылдарына оралып, 1893 жылы  14 бөлмеден тұратын зәулім сарай салады. Сол кездегі екінің бірінің қолы жете қоя қоймайтын қымбат шамдармен, паркеттермен жабдықтап, үйлеріне тіпті ыстық, суық суы бар құбырларға дейін жүргізеді. Солай аз уақытта кедей фермердің шашы ұзын жеті қызы жеті ханшайымға айналып шыға келген-ді.

⠀Сиқырлы тониктеріне сұраныс артып, ақшаның астында қалған қыздар оңай келген олжаны оңды-солды шашумен болды. Ақшаны суша сапырып, уақыттарын сауық-сайранмен өткізді.

Бірақ көп ұзамай жеті қыздың салтанатты өмірлерінің сыны кете бастайды. Жеті қыздың бесіншісі Наоми 40 жасында сарай салынып біткен жылы көз жұмады. Виктория 50 жасында 19 жасар жігітке тұрмысқа шығып, әпке-сіңілілері бұл ісін құптамай оны сарайдан қуып шығады. Ол үш жылдан соң 1902 жылы өз төсегінен өлі күйінде табылады.

Ал Изабелла болса күйеуі із-түзсіз кетіп, өмірінің ақырында кедейшіліктің азабын тартып жүріп, 1914 жылы қайтыс болады. Бес жылдан кейін 1919 жылы Сара көз жұмады. Жеті қыздан Грэйс, Дора және Мэри қалады. 1920 жылы Америкада қысқа шаш  сәнге айналып, әпсәтте Сазерлэнд отбасы да, шаш өсіруге арналған эликсир де ұмыт болды. 1926 жылы тақыр кедейге айналған Грейс, Дора және Мэри өздерінің өмірлері туралы хикаясын сатпақ болып, Голливудқа жол тартады. Бірақ сапарлары сәтсіз болып, жолда Дора жол апатынан қаза болады. Ол кезде Грейс пен Мэриде Дораны жерлейтін де ақша қалмаған еді...

Жығылған үстіне жұдырық болып, Сазерлэндтердің 1938 жылы зәулім сарайлары өртеніп кетеді.

Жүйке ауруы мазалайтын Мэри жиі-жиі есінен адасып, ақыры жындыханаға түсіп, 1939 жылы ауруханада қайтыс болады. Жалғыз қалған Грейс болса жеті жыл өткен соң жоқшылық азабынан қиналып, көз жұмады. Мэри мен Грейс белгісіз адамдар бейітіне жерленеді. Аспаннан түсе қалғандай мол табысты ұқсата алмаған жеті қыздың тағдыры осылай аяқталды.

Маңдай терлемей тапқан табыс тұрлаулы болуы мүмкін бе? 

“Байлық - бір жұттық. Бақыт баянсыз. Бақыт та, байлық та ақыл бар жерде тұрақтайды” деген сөз бар. Бірақ...

Көбіміз лоторея ұтып, мол табысқа күмп ете қалғымыз кеп тұрады.  “Оп-оңай табыс табуды үйретем” деген жарнаманың жетегімен желігіп, саусақ қимылдатпай баю жолдарын іздеп жатамыз. Ерсі ісімен хайп жасап, есімі брэндке айналғандар да аз емес арамызда. Интернет алаяқтары да осы заманның бір сұрқылтайлары...

... Қарша жауған ақшаның қардай еріп кететінің мысалы көп болса да, көңіл бөле қоймаймыз...

Әрине  “әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа” деген мақал бұл жерде мысал бола алмайды. Негізі сәтсіздіктің түбі берекесіздікте-ау...

Дайындаған Айнұр Саламат

Байланысты жаналықтар

Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

03.05.2021

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

23.03.2021

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

09.03.2021

Ай мен Айша. Жүрекке құйылған ай сәулесі

13.02.2021

Айнұр Саламат: Сынық коньки

05.02.2021
MalimBlocks
Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

83 жасында жамбасын сындырып алғанына қарамай, би билеуді үйреніп алған Тао Порчон-Линчнің хиқаясы

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

Ай мен Айша. Жүрекке құйылған ай сәулесі

Айнұр Саламат: Сынық коньки