Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Malim Админ

  • 26.03.2021

Басы. Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

Осы оқиғадан кейін жастардың өзіне қол жұмсау себептері мені қатты толғандыра бастады. Сондықтан, мінезінде сәл ауытқушылық пайда болған балалар болса, себебін анықтап, бір шара қолданбайынша тыным таппайтын болдым. Тіпті әр сынып жетекшісі әр баланың ата-анасының үйіне барып, жеке жұмыс істеуі керек дегенді мектеп жиналыстарында жиі айтатын болдым. Бұл, әрине, мұғалімдерге жаға қоймады. Кім артық жұмыс істегісі келер дейсіз? Осы шектен тыс «іскерлігімнің» арқасында ұжымға жексұрын бола бастадым. Ақыры мұнда ештеңе тындыра алмайтыныма көзім жеткен соң, апамның таныстарының жеке клиникасына жұмысқа ауыстым.

Мұнда, әрине, мектептегідей жұмыс істесең де, істемесең де, жалақы алатын «жалпақшешейлік» жоқ. Тек алдыңа келген науқастың емделу ақысының белгілі бір пайызын ғана қанағат тұтасың. Сондықтан, қаласаң да, қаламасаң да, өзіңе-өзің менеджер болуға тура келеді.

Мен де амалсыз көшеге хабарландыру іліп, басылымдарға жарнама беріп, «кәсіби психоаналитиктің көмегін қажет ететіндерді», бір сөзбен, жүйкесі тозғандарды өзіме шақыра бастадым. Алғашында біраз уақытқа дейін жұмысқа бос сандалып барып-келіп жүрдім. Расында, басы ауырып, балтыры сыздағанда алдымен тәуіпке түшкіртіп, сосын әбден өлер болғанда ғана дәрігерге баратын біздің қазекеңнің менің қызметімді қажетсініп келуі де неғайбыл дүние еді. Олай дейтінім, таныстарымның арасында «Осы сен кімді емдемекшісің? «Мен жынды едім» деп кім сенің алдыңа бара қояр дейсің?» деп кекеткендері де аз болған жоқ. Бірақ, психолог маманның тек жындыларды ғана емдемейтінін кімге айтып түсіндірерсің?

Осылай бәрінен түңіліп, «мамандығымды ауыстырмасам болмас» деп жүргенімде жасы қырықтарға жақындаған, бірақ әлі реңін бере қоймаған әдемі бір келіншек есігімді қағып кірді. Ішкі қобалжуымды әзер басып, алғашқы «клиентіме» қарсы алдымдағы орындыққа отыруын ұсындым да, келуінің себебін сұрадым. Өзін Жанар деп таныстырған әлгі келіншек те осыны күтіп отыр екен:

- Менің өмір сүргім келмейді, - деп жылап жіберді.

- Қойыңыз, оныңыз не? Неге олай дейсіз? – деп жұбатқансып жатырмын.

- Білесіз бе, менің өмірде ешқашан жолым болған емес. Енді мен өзімнің өзгелерге де тек қана жамандық әкелетінімді түсіндім. Мен өзімді жек көремін. Өмірмен күресуге әл-дәрменім қалмады. Егер маған біреу көмектеспесе, өзіме қол жұмсап қоямын ба деп қорқамын...

Мен үндемей, графиннен стақанға салқын су құйып беріп, біраз тынышталуын күттім. Сосын сәл өзіне келді-ау дегенде сөзге тарттым.

- Сабыр етіңіз, мен сізге көмектесемін. Өмір сүруге әрдайым себеп табылады. Тек менің сізге көмегім тиюі үшін бәрін басынан бастап айтып беріңізші.

- Не айтайын, мына өмірімде қанша адамның түбіне жеткенімді ме?

- Иә, соны айтыңыз.

Жанар аздап өзіне келіп, тіктеліп отырды да, көзін бір нүктеге қадаған күйі сөзін бастады.

- Мен жас кезімде көрікті болатынмын (қазір де жаман емес, мына сымдай тартылған сымбатымен, аясы кең, үлкен қой көздерімен әлі де талайдың жүрегіне от салары анық). Студент кезімде маған бір жігіт ес-түссіз ғашық болды. Қайда барсам да қыр соңымнан қалмайтын. Бірақ, мен оған жыли қоймадым. Кейін басқа бір жігітке тұрмысқа шығып кеттім. Біздің үйлену тойымызға келген құрбым әлгі маған ғашық жігіттің сыйлығын беріп тұрып, оның қатты жылағанын айтып еді. Сол жігіттің көз жасы жібермеді-ау деймін. Одан кейінгі өмірімнің тас-талқаны шықты...

Күйеуім Айдардың жеке фирмасы болатын. Иә, сол аумалы-төкпелі заманда коммерциямен айналысқан алғашқылардың бірі еді. Бойдақ кезінде маған үнемі өзінің шетелдік көлігімен келіп, серуендеуге ақшасын судай шашатын. Бірақ, біз үйленген соң бұл дәурен артта қалды. Бәрі өзінің ақымақтығының кесірі...

Айдар бір күні кешке жұмыстан түнеріп келді де, түпкі бөлмеге кіріп жатып алды. Не тамақ ішпейді, не ешкіммен сөйлеспейді. Сонымен кеш батып, бәріміз жатуға ыңғайлана бастағанда сыртқы қақпаны біреулердің жау шапқандай қатты соққылаған даусы естілді. Бәрі өре түрегеліп, далаға шықты. Қайынатам барып қақпаны ашып еді, жұлқына кірген еңгезердей біреу жасы кеп қалған атамның жағасынан ала түсті.

Мен келіндік ізетімді сақтап, бәрімен қабаттасып шықпайын деп, үстіңгі қабаттағы жатын бөлмеміздің терезесінен қарап тұрғанмын, олардың не жайында сөйлескенін ести алмадым. Әйтеуір, әлгілердің атамды итеріп жіберіп, үйге қарай беттегенінен жақсылық емес екенін түсіндім. Айдарға айтайын деп артқа бұрылсам, оның түрі бозарып кетіпті. Дереу қабырғадағы киім сөресін сырып жіберіп, артындағы жасырын қуысқа тығылды. Сөйтті де:

- Мына сөрені қайтып орнына сырып қой. Мені сұраса, бүгін келген жоқ деп айтыңдар, - деді. Мен ештеңе түсінбесем де, айтқанын орындадым. Сөрені сырып, атқақтап кеткен жүрегімді басайын деп төсегіме отырғаным сол, бір топ жігіт баса-көктеп бөлмемізге кіріп келді. Біреуінің қолындағы тапаншаны көріп, мүлдем есім кетті. Кіре салып, қабырғадағы жиһаздың ішін ақтарып, төсектің астын қарап, бар қуыс-қуысты тінткілеп жатыр. Ішіндегі жауырыны қақпақтай біреуі маған қарап:

- Қайда ол? – деп гүж ете қалды. Менде тіл жоқ.

- Байың қайда деймін?

- О-ол бүгін келген жоқ...

- Қашып үлгерген екен ғой... – деп түксиіп тұрып қалған анау енді есіктің көзінде аңтарылған ата-енеме шүйлікті: - Ұлдарыңның қайда екенін білетіндеріңе күмәнім жоқ. Оған айтыңдар, үш күннің ішінде келіп, есеп айырыспаса, мына келіндеріңді кепілдікке алып кетеміз!

Осыдан кейін топан су қаптағандай қалай құйындатып келсе, солай бәрі құйындатып қайта шығып кетті. Абырой болғанда, ешкімге зиян келтірмеді. Біз өз-өзімізге келе алмаған күйі отырып қалдық. Ал Айдар таңға дейін өзі жасырынған қуыстан шыққан жоқ...

Ертеңіне бәріміз оны ортаға алып, мына жағдайды түсіндіруін талап еттік. Сөйтсек, ол маған үйленбес бұрын өзінің фирмасында есепші болып істейтін қызбен көңілдес болыпты. Оған, әрине, жар етемін деп уәде берген. Бірақ, уәдесінде тұрмай, маған үйленіп кеткен соң, әлгі қыз Айдардан кек алмақ болады. Сөйтіп, фирманың бір маңызды құжаттарын өзіне таныс «рэкетирлерге» беріп жібереді. Ал олар Айдарға келіп, «құжаттарыңды қайтарып алғың келсе, бізге мынанша ақша бересің!» дейді. Айдар көлігін сатып, есепшотындағы қаржысының бәрін сыпырып-сиырып, рэкетирлердің қолына бір сөмке ақша ұстатады. Бірақ, олар бұл ақшаны жаратып үлгермейді. Дәл осы кезде жаңа валюта – теңге айналымға енеді де, бұрынғы «сабан ақшалар» күйіп кетеді...

Қойшы, сонымен, ата-енем ары ойлап, бері ойлап, жаңағыларға беретін ақшаның ретін таппады. Бірақ, қайынатам – бұрын органда қызмет істеген адам. Ескі таныстарын жағалап, бұл істі біржақты етудің жолдарын қарастыратын болды. Оған дейін Айдарды біраз уақытқа құмды ауылдағы қойшы ағайындарына жіберетін болып шешті. Мен де бірге кетпек болып едім, айы-күнім жетіп отырған соң, ол жақта жағдайың болмай қалар деп жібермеді. Әлі ыстық-суығы басылмаған жарыңды қалай қиясың? Әрі енді қашан келері белгісіз... Бірақ, ата-енеге қарсы тұрар шама қайда? Үнсіз егіліп қала бердім.

Күндіз сыр бермей, үй тірлігін жасап жүргеніммен, түн баласы жастығымды сулап, еңіреп шығамын. Оның үстіне ертеңіміз бұлыңғыр, мына құрсағымдағы баланың күні не болар екен деген уайым да жаныма жай таптырар емес. Аналардың «келініңді кепілдікке аламыз» дегені тағы бар... Осындай ауыр ойларға бой алдырмайын деп, бар өшімді үйдің шаруаларынан аламын. Аяғым ауыр екеніне қарамай, мықшыңдап екіқабатты үйдің жиһаздарын астындағысын үстіне, үстіндегісін астына көшіріп әлекпін. Апамның «қой» дегеніне қарамаймын. Соншама күштің өзіме қайдан келгенін білмеймін...

Бір күні түн ортасында белім сыздатып алып бара жатқан соң, ойбайлап ояндым. Әлі таң сыз бере қоймаған екен, ешкімді оятып алмайын деп, тістеніп далада біраз жүрдім. Шыдатар емес. Болмаған соң су ішейін деп асүйге кіріп едім, аяқ-табақтың сылдырынан оянып кетті ме, енем жүгіріп келді.

- Айналайын, бір жерің ауырып жүр ме? – деп асты-үстіме түсіп жатыр. Осы сәт бар төзімім таусылды да, еңіреп жылап жібердім. Енем байғұс абдырап, біресе далаға, біресе атама жүгіріп әлек болды да қалды. Ақыры бойдақ қайнымды оятып, көлікті оталдырды да, перзентханаға тарттық.

- Е, Алла, немеремді аман-есен қолыма ұстата гөр! Бұл күнге де жеттік-ау, - деп енем өзінше күбірлеп, бетін сипап келе жатыр...

Бірақ, апамның дұғасы қабыл болмады. Ұлымнан айырылып қалдым. Өмірге дені-басы сау келгенімен, үш күн ғана өмір сүріп, жалған дүниемен қош айтысып кете барды. Себебін ешкім ашып айтпады. «Өзің дұрыс күтінбегенсің» деді. Болды...

Айдар ұлымды жер қойнына бергенде ғана үйге келіп, бір күн қонды. Сүт толып ісінген көкірегім сыздап, өзімді қоярға жер таппай егілген менің жанымнан бір елі ұзамай, жұбатумен болды.

Жылап жатып ұйықтап кетіппін. Түн ортасында оянсам, жанымда Айдар жоқ. Қараңғыда түртінектеп, сыртқа шықтым. Дала сүттей жарық. Анадай жерде отырған Айдардың сұлбасын анық таныдым. Жанына барып, иығына қолымды салып едім, мені құшақтай алды да, еңкілдеп жылап жіберді:

- Кешірші, бәрі менің кесірім. Менің күнәм үшін сендер жапа шегіп жатырсыңдар. Одан да Құдай мені жазалауы керек еді, мені!...

***

Ертеңіне таңертең Айдардың киімдері жиналған сөренің бос тұрғанын көрдім. Тіпті бір тілім қағазға екі ауыз сөз де жазып кетпепті. Ата-енемнің оны іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Қойшы ауылдағы ағайындарына да қайтып бармапты. Басқа барады-ау деген жердің ешқайсысынан ізі табылмады. Сөйтіп, ұлымнан өлідей, жарымнан тірідей айырылдым...

- Сөзіңізге қарағанда, сіз күйеуіңіздің емес, қайта ол сіздің өміріңізді ойрандаған сияқты. Неге өзіңізді кінәлайсыз?

- Сіз қоя тұрыңыз. Әңгімемді әрі қарай тыңдаңыз. Сосын тұжырым жасарсыз.

Арада жеті айдай өткенде Алматыдағы қайыпәпкем қоңырау шалды. Айдар әпкесінің үйіне барыпты. Ештеңені ашып айтпаса да, оның сол маңда тұрып жатқанын шамалапты әпкеміз.

Мұны естіген ата-енем біраз уақыт ештеңе айтпай, тұнжырап жүріп алды. Мен ол кісілер қандай шешім қабылдар екен, барып алып келсе жақсы болар еді деп іштей тілеп жүрмін. Ойымды ашып айтуға тіл қысқа.

Кешкі астан соң, енем бөлмеме келіп, ананы-мынаны айтып біраз отырды да:

- Қызым, сенің қиналып жүргеніңді білемін. Құдай маңдайыңның сорын бес елі етіп қойған екен, қайтейін..., - деді. Өзі жүзінің сұсымен атпалдай ер-азаматтың өзін ықтырып тастайтын айбарлы кісі еді, соңғы кездері шөкімдей болып кішірейіп кеткендей көрінді маған. – Байғұс балам жастықпен жасаған қателігінің зардабын тартып жүр ғой. Жанына араша тілеп, басы ауған жаққа қаңғып кеткен екен де. Әкесі де мілисаның ана басбұзарларды таппай жатқанын айтып еді. Олар да сол күйі қайтып қара көрсетпеді. Мүмкін, тынышталған шығар. Сонда да біраз уақыт сонда бола тұрғаны дұрыс. Екеуіңе әпкеңнің жанынан пәтер жалдап беріп, жайғастырып келейін. Кейінірек бәрі дұрысталған соң қайтып келерсіңдер, - деді.

Мен қуандым дейін бе? Жоқ, бұл аз болады. Мен тіпті қандай сезімді бастан өткізгенімді білмеймін. Бар есі-дертім Айдарымды бір көру ғана болып, оған жеткенше тағатым қалмады. Айлар бойы оны аңсап күткен жүрегім аузыма тығыла ештеңе ойлауға мұрша бермеді...

Атам сол күні-ақ вокзалға барып, ертеңгі пойызға билет алып келді. Сөйтіп, енем екеуміз артынып-тартынып, жолға шықтық.

Айдар біз келгеннен кейін тек төртінші күні ғана бой көрсетті. Үй-күйі болмаған соң, сақал-шашы өсіп, қатты әбіржіп кеткен шығар деп ойлап едім. Жоқ, қайта толысып, сықиып киініп алыпты. «Жақсы жұмыс тапқан болар» деп ойладым іштей.

Ол мені көзіне де ілмеді. Орнынан тұра ұмтылған апасымен құшақтасып амандасты да, үн-түнсіз, тұнжырап отыра берді. Апасының сұрақтарына да енжар жауап береді. Бір кезде мен жаққа қарады да:

- Мынаны неге алып келдіңіз? – деп тарс еткізді. Менің жүрегім зырқ ете қалды. Зарығып жетіп, бір сәтке оңаша қалуды аңсап отырған жан жарымның суық көзқарасы онсыз да жанымды ауыртып отыр еді, енді мына сөзі...

- Әй, балам, неге әкелдіңің не? Ол сенің әйелің емес пе? Екеуің екі жақта қашанғы бөлек жүре бересіңдер? Бұл байғұс та жылай-жылай екі көзі ағып түсуге айналды. Мұның жазығы не? Осы уақытқа дейін жолыңа қарап, бізді де тастап кетпей жүргені ме? Оның не? – деп апам байғұс маған бір, ұлына бір жалтақ-жалтақ қарай берді. Мен тамағыма өксік тығылып, шығып кеттім.

Жуынатын бөлмеде суды барынша ағызып қойып, өкіріп жылап отырғанымда, сыртқы есіктің тарс жабылғанын естідім...

Кешкісін апам:

- Бұл балаға не болғанын білмеймін. Сөзімді жүре тыңдайтын болыпты. Бұл неме ата-әжесінің қолында болып, әке-шешесін адам құрлы көрмей өсті ғой. Есі кірген соң басылар деп ем. Әлі сол... Қарағым, сен ренжіме. Мына басындағы жағдай қатты күйзелтіп жіберген сияқты. Азырақ сабыр етсең, өзі-ақ қайтып келер. Сенен артық адамды қайдан табар дейсің? Сен осында қала тұр. Әпкең амалдап тағы шақырып, екеуіңді сөйлестірер. Әлі-ақ қайта табысып кетесіңдер. Сөйт, қарағым, - деп маңдайымнан сүйді.

Ертеңіне апам таңғы пойызбен үйге қайтып кетті. Мен қайынәпкемнің үйінде қалдым.

Ол кісі базарда сауда жасайтын. Бұл сонау 90-шы жылдардың ортасындағы қиын кезеңдер ғой. Жұмыс жоқ.  Мен де алдымен өз мамандығым бойынша мектептен не балабақшадан орын табуға тырысып көрдім, бірақ болмады. Сосын қайынпәкеме еріп, базарға шыға бастадым.

Ол кезде наубайханалардың көбі жабылып қалған, нан тапшы. Таңғы 10-ға дейін кезекке тұрып, нан алып үлгерсең үлгердің, болмаса жоқ. Сондықтан, түске жақын нанның саудасы қызады. Менің енемнен үйренген бір өнерім – осы нан жабу болатын. Бірақ, қалада таба мен тезек қайдан болсын? Газ пешке-ақ табаны төңкеріп, нан жабуды да енем үйреткен. Сол өнерімнің пайдасы тиді. Бір күнде 50-60 таба нан жауып, әжептәуір ақша табамын. Сөйтіп жүріп ақшаға құныққаным сонша, түнде де үйдің маңындағы үлкен жолдың бойына шығып, оны-мұны ұсақ-түйек заттарды сататын болдым. Ол кезде қазіргідей қаптаған дүңгіршектер мен дүкендер жоқ. Түнгі 10-нан кейін санаулы дүкеннің бәрі жабық. Сондықтан, сауданың көкесі түнде болады. Тіпті затыңа бағаны екі есе үстемелеп қойсаң да, ешкім жоқ демейді, сатып алады. Әсіресе нан мен темекі жақсы өтеді.

Ақша түсіп жатқан соң, қыстың қақаған аязында да түнгі базардан қалмайтын болдым. Түнгі екі-үшке дейін аузы-мұрныңды үсіткен аязда бір орында қақиып отыру қайбір жақсылық дейсің, орнымнан тұрғанда аяғымның жансызданып қалатыны сонша, мақта сияқты болп-болп етіп, үйге әзер жетемін. Келе ваннаға қол ұстатпайтындай ыстық су құйып, аяғымды салып отырамын. Сонда аяқтың үсіп қалғаны сонша, тіпті сол ыстықты сезбейді ғой. Сөйтіп жүріп аяғымнан айырылып қалмағаныма таңмын...

Бір күні Айдар келді. Қайынәпкем: «Бала сияқты қаша бермей, дұрыстап отырып сөйлесіңдер!» деп, екеуімізді оңаша қалдырып кетті. Ол басында ештеңе айтқысы келмей, қашқақтап бақты. Қашанғы сыпайылық сақтайын? Ақыры шыдай алмай, мен де тарс кеттім.

- Егер менімен тұрғың келмесе, оныңды айт. Қазір жиналамын да кетемін. Бірақ, осы уақытқа дейін сені зарыға күткенімнің, күні-түні сен үшін төккен көз жасымның өтеуіне маған мына қылығыңның себебін ашып айт, өтінем. Саған енді қарайламайтындай болып кетейін, - дедім.

Ол басын төмен салбыратып:

- Кешір..., - деді. Сосын орнынан тұрып, терезенің желдеткішін ашты. Асықпай темекісін тұтатып, ойланып біраз тұрды. Терезеден сыртқа қараған күйі маған бұрылмастан сөзін бастады.

- Ұлымыз шетінеген соң мен көп ойландым. Осының бәріне мен кінәлі екенімді, мұны тек өзім ғана түзете алатынымды түсіндім. Өзімнің ақымақтығымның кесірінен сенің, апамдардың өміріне қауіп төндіргенімді ойлағанда, кірерге тесік таппадым. Мен қанша ойлансам да мұның шешімін таппадым. Ақыры... сол жұмысымдағы есепші қызға үйленуім керек деп шештім... Оның маған ашуланатынындай да бар. Мен оны тастап кеткенде аяғы ауыр болатын. Ол сен босанардан сәл ғана бұрын дүниеге ұл бала әкелген. Перзентханада жатқанында маған хабар берді, бірақ мен баланы мойындамайтынымды айтып, бармай қойғанмын... Үйден кеткен соң оған барып, үйленетінімді айттым. Ана «рэкетирлердің» басшысы оның туған ағасы екен. Ол мені біраз сілкілеп алды да, ақыры келісімін беріп, тойымызды өзі жасап берді. Сосын осы жақтан пәтер алып беріп, көшіріп жіберді. Жұмысқа да орналастырды. Бірақ, егер сендерге қайтып барсам, мені ғана емес, бүкіл жақындарымды да жер жастандыратынын айтты. Менің басқа амалым қалмады. Сендермен біржола ат құйрығын кесісуім керек болды. Жоғалып кетуімнің сыры осы... Бірақ, мен шыдай алмай, сендердің халдеріңді білу үшін әпкеме кіріп шыққанмын. Ол кісі сендерге хабарлап қойыпты... Сені көргенде қалай сағынғанымды түсіндім. Ішім алай-дүлей болып кетті. Бірақ, егер сезіміме ерік берсем, бәріңнің өміріңді тағы да қауіпке тігер едім. Онсыз да қайынағам менің басқан ізімді аңдып жүр. Сондықтан, саған қаттырақ сөйлесем, менен біржола көңілі қалар деп ойладым... Сен қайт, ата-анаңның жанына бар. Саған сол жақ қауіпсіз. Менен енді үміт жоқ. Мен өзімнің қай күні, қай жерде өлетінімді де білмеймін. Әрі енді ұлымды да тастап кете алмаймын. Егер екеуміздің ұлымыз тірі болғанда... бәлкім, сол кезде бүкіл әлемге қарсы шығып, қолымнан келгенше күресер ме едім. Қазір мүлде әлім қалған жоқ... Кет... Енді мен келмеймін... Қош бол...

Тағы да сыртқы есіктің тарс жабылғаны естілді...

Мен құлағым шыңылдап кеткендей, есеңгіреп отырып қалыппын. «...үйлендім... ұлым бар... келмеймін...». Не боп кетті өзі?

Жаныма қайынәпкем келіп отырғанда ғана селк ете қалдым. Бағанадан бері есіктің сыртынан бәрін тыңдап тұрған сияқты.

- Бұл жағдайда не айтарымды да білмеймін. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Ол менің бауырым ғой. Бірақ, ол сені әлі де жақсы көреді. Үмітіңді үзбеші, жаным... Мен де бос жүрген жоқпын. Өткенде келгенінде соңынан аңдып барып, қайда тұратынын көріп келдім. Көршілерінен сұрастырып көріп едім, анау бәлесі жүргіш неме екен. Ұлын күні бойы шыңғыртып тастап, өзі көше кезіп кететін көрінеді. Талай мас болып келгенін көргендер де бар. Осыны Айдарға айтып едім, «сотқа беріп, оны аналық құқығынан айырамын, сосын ұлымды өзіме қалдырып, онымен ажырасамын» дейді. Егер солай ететін болса, сен баласын бауырыңа бас. Ұлынан безіп қайда барар дейсің? Ана бұзақыларға да бір зауал келер. Қорықпа. Екеуің бұл қиындықтың бәрін жеңесіңдер, - деді.

Жылы сөзге еріп кеттім бе, әлде енді оны қайтара алмайтынымды түсіндім бе, осы сәт еңіреп жылап жібердім. Қайынәпкем шашымнан сипап:

- Мен сені туған сіңлімдей жақсы көремін. Апам да сені маған аманаттап кетті. Әзірге менің жанымда қолғанатым болып жүре бер. Алдағыны Алла көрсетер, - деді. Мен үнсіз басымды изедім...

***

Мен Жанардың тағдырына қатты жаным ауырса да, неге оның болған жайға өзін кінәлайтынының себебін әлі де түсіне алмадым.

- Иә, сонымен бұл жерде кім құрбандық? Кімнің түбіне жеттім деп ойлайсыз?

- Міне, қарамайсыз ба, егер мен араларына түспегенде, Айдар сол маған дейін жүрген қызына үйленіп, ортақ ұлдарын өсіріп, тып-тыныш өмір сүре берер еді. Осыған дейін көрген қорлықтарының бірін де көрмес еді. Ата-анасынан жырақтап, үйінен безіп кетпес еді...

- Солай ойлайсыз ба? Жоқ, қателесіз. Сіздің мұнда ешқандай кінәңіз жоқ. Күйеуіңіздің ол қызға үйлену әу бастан ойында болмаған. Әйтпесе ол сізге мүлде жоламас та еді. Басындағы бір қиындықты шешіп алмай жатып өмірінің жаңа парағын бастап кеткен оның өзі кінәлі. «Судың да сұрауы бар». Ол өз жасағаны үшін ерте ме, кеш пе, жауап беруі тиіс еді. Тек оның кесірі сізге тигені обал. Бірақ, «әр нәрсенің қайыры бар» деген емес пе? Бұдан кейін өміріңіз реттелген болар?

- Қайдағы... Айдар өзінің үйленгенін айтқаннан кейін де мен ол әлі де қайтып келер деген үмітімді жоғалта қойған жоқпын. Әрі қайынәпкем «баласын саған алып береміз» деген соң, соны көңілге медет тұтып жүре бердім. Өз баламнан айырылғаннан кейін ешкімге бере алмай қалған аналық махаббатым кемерінен асып-төгіліп жатқандай сезінуші едім. Көшеде ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндерді көрсем, жүгіріп барып құшақтап, құмарым қанғанша шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алғым келетін. Бірақ, ол баланың менікі еместігін ойласам, кеудем сыздап, кіндік тұсым түйіліп, аласұра қатты қиналушы едім...

Қойшы, сонымен, қайынәпкеммен бірге сауданы да меңгеріп, аздап ақша жинай бастадым. «Осыдан Айдар қайтып келсе, екеуміз пәтер жалдап, бөлек шығамыз» деп қиялдап қоямын. Әзірге оны, оның басқа әйелдің құшағында жатқанын ойламау үшін күндіз де, түнде де саудамды жасай бердім. Тіпті түнгі аяздан суықтап, денем от болып жанып тұрса да үйде жатқым келмей, шығып кете беретінмін.

Ақыры аңдыған дерт алмай қоймады. Бір күні денем дел-сал болып, төсектен тұра алмай қалдым. Қайынәпкем білген ем-домын жасап, жанымда біраз айналшықтады да, ол да бала-шағасын асырауы керек емес пе, тауарларын алып, базарға шығып кетті. Оныкі де дұрыс, бір күн шықпай қалса, базардағы орнынан айырылып қалады. Сосын әр бұрышта көрінгенге жәутеңдеп тұрғаны сол...

Әпкем кеткен соң, бойым жібіп, ұйықтап кетіппін. Түсімде Айдар екеуміз қол ұстасып жүр екенбіз деймін. Ол маған өз сезімін білдіріп, қолындағы әдемі көзді жүзігін ұсына берді. Осы кезде әлдеқайдан дауыл жел тұрды да, әлгі жүзік сусып жерге түсіп кетті. Екеуміз отыра қалып, жүзікті құмның арасынан әрі де іздедік, бері де іздедік. Таба алмадық...

Ботадай боздап жылап жатып оянып кеттім. Қара терге малшынып жатыр екенмін. Қараңғы түсіп қалыпты. Бөлме іші алакөлеңке.

Қатты шөлдеген соң, су алып ішейін деп сүйретіле тұрып, асүйге беттедім. Есігі жартылай ашық тұр екен. Іштен күңгірлеген дауыстар естіледі. Біреуі қайынпәкемнің даусы, екіншісі көрші Ажар әпкенікі болуы керек.

- Бұл баланы не істерімді білмеймін. Апам қатты уайымдап, қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Ана бәлесінен қалай ажыратып аларымды білмей, басым қатты. Мына келінге де обал...

Қайынәпкемнің пырс-пырс етіп мұрнын тартқылағаны естілді.

- Осы сені түсінбеймін, - деді Ажар әпке сәл үнсіздіктен соң. – Ақыры інің қайта келместей үйленіп кетіпті, келініңді неге үйіңде ұстап отырсың? Естіген жұрттан ұят емес пе? Жібер бағын байламай. Бұл да біреудің баласы. Бетінің әрі кетпей тұрғанда ертерек қамданып, басқа біреудің етегінен ұстасын. Әрі... айтпайын деп едім..., құрбымсың ғой, бұған көз жұмып отыра алмаймын. Күні бойы саудадасың. Бүгін ғой, міне, келінің үйде жалғыз қалды. Сен жоқта күйеуің екеуі оңаша... Түсініп отырсың ба? Құдай сақтасын, мен көрмей-білмей ешкімге қара күйе жаққалы отырған жоқпын. Бірақ, кім біледі, еркектің аты еркек, бір күні қызылдағысы келіп жүрсе... Сондықтан, ойлан...

Одан кейінгісін тыңдауға шамам жетпеді. Аяқ-қолым дірілдеп, төсегіме қалай жеткенімді білмеймін. Бар дүние шыр-көбелек айналып, құлап бара жаттым...

Ертеңіне үйдегілер түгел жұмыстарымен кеткен соң, жайлап жиналдым да, тілдей қағазға әпкеме осы уақытқа дейін паналатқаны үшін алғысымды жазып, шығып кете бардым.

Камила Тілепова

Жалғасы бар

Байланысты жаналықтар

Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

31.03.2021

Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

29.03.2021

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

27.03.2021

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

25.03.2021
MalimBlocks
Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі