Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

Malim Админ

  • 27.03.2021

Басы. Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

Жалғасы. Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Жақында базарда отырғанымда бір орыс әжей келіп, пәтерші іздеп жүргенін айтып, телефон нөмірін қалдырып кеткен болатын. Керек болар деп сақтап қойып едім. Сол кісіге бардым. Қуана-қуана қабылдап, үйінің бір бөлмесін босатып берді. Үш айдың ақысын бірден төледім де, жұмыс іздеуге кірістім. Бұрынғы орнымда сауда жасауға шыққым келмеді. Ол жерде әпкеммен кездесерім анық еді. Оған неге кеткенімді түсіндіріп тұруға құлқым болмады. Әрі сырқатымнан да толық айыға қойғам жоқ. Енді тәуірлеу, жылы жерде істейтін жұмыс болғанын қаладым.

Көшеде ілінген хабарландыруларды оқып тұр едім, жаныма бір жігіт ағасы келіп:

- Жұмыс іздеп жүрсіз бе? – деді.

- Иә.

- Сіз жазу мәшіңкесін басуды білесіз бе?

- Аздап. Мектепте еңбек сабағынан үйреткені бар еді...

- Тамаша! Мен жақында шағын фирма құрып едім. Хатшы іздеп жүрмін. Жаңа аяқтан тұрып жатқандықтан, көп төлей алмаймын. Бірақ, болашақта бәрі жақсы болады деп сендіргім келеді.

Маған мына кісінің өз-өзіне деген сенімділігі ұнады. Сондықтан, не де болса көрейін деп келісе кеттім. Бәрібір басқа жұмыстың орайы жоқ еді.

Фирма дегені көпқабатты үйдің екі бөлмелі пәтеріне орналасқан шағын кеңсе екен. Бірақ, іші жып-жылы, ұядай. Бастығым Санжар Сәбитұлы ә дегеннен маған істің қыр-сырын үйретіп, жұмысқа елітіп әкетті. Біртіндеп қаптаған қағаздарды мәшіңкеге басып қана қоймай, есеп-қисабын да ептеп түсіне бастадым. Менің ебімді байқаған соң, бастығым ақысын өзі төлеп, бухгалтерлік курсты да бітіртіп алды. Енді жұмысымыз расында да қызып сала берді. Бұрынғы өмірімді ойламау үшін бар ынты-шынтыммен кіріскендіктен бе, бастығымның көңілінен шығып, оң қолына айналдым. Ол да мені ренжіткен жоқ, еңбегіме қарай табысымды өсіріп, мақтауын да аямады.

Бірақ, үнемі жұмыс істей беру де жалықтырады екен. Көктем келгенге ме, біртүрлі көңілім алабұртып, жүрегім әлденені не әлдекімді іздейтіндей ме...

Сондай алабұртқан көңілмен жұмыстан кейін кештетіп шығып, көшемен жаяу келе жатқанмын. Қарсы алдымнан жүгіріп шыққан біреу мені иығымен қағып-соғып өте берді. Қолымды қатты ауырсынып тұрып қалдым. Осы сәт менің артымда келе жатқан бір жігіт әлгі немені тоқтатты да, қолын артқа қайырып әкеліп, менен кешірім сұратты. Мен:

- Қойыңыз, оныңыз не? – деп жатырмын. Бірақ, өзімді біреудің қорғағаны жаныма жағып бара жатыр.

- Бұларды осылай сабасына түсіріп қоймасаң, адам ғұрлы көрмейді. Бар, кет! – деп қарулы қолдарын босата салған қорғаушым ол кеткен соң: - Сізді үйіңізге дейін шығарып салайын. Жаман ойлап қалмаңыз, қауіпсіздік үшін, - деп жымиды. Мен де қарсылық білдіре алмадым.

Сол күннен басталған Еркінмен таныстығымыз жақын қарым-қатынасқа ұласты. Көңіліңдегіні айтпай-ақ танып қоятын оған бар жан-тәніммен сенетін жағдайға жеттім. Ол менің барлық өткенім туралы білсе де, жазғырмады. Бәрібір мені сүйетінін айтып, тіпті үйленгісі келетінін де білдірді. Сондықтан, мен туралы, ата-анам, туыстарым, тіпті қазіргі тұрып жатқан пәтерімнің иесі туралы да тәптіштеп сұраса да, одан еш күдіктенбей, егжей-тегжейін айтып беретінмін. Мұның соңы не боларын білсем, әттең...

Мен тұратын үйдің иесі – жасы 70-терге келген Зинаида есімді қарт әжей болатын. Ешкімі жоқ. Жалғыз ұлы көлік апатынан қайтыс болған. Туыстарынан біреудің келіп-кеткенін көрген емеспін. Әйтеуір, мені қара тұтып, кейде ішкі шерін ақтарып алатын. Бар тәтті-дәмдісін менің аузыма тосып, туған қызынан кем көрмей айналып-толғанып отыратын сондай бір жақсы кісі еді...

Бір күні үйге келсем, есіктің аузында Еркін тұр.

- Заттарыңды жина да, қараңды батыр, - дейді. Төбемнен біреу балғамен қойып қалғандай.

- Қалжыңың ба? Мені өз үйімнен қуып тұрсың ба? – дедім не күлерімді, не жыларымды білмей. Еркін бір мырс етті де, қалтасынан бір қағазды шығарып, мұрнымның ұшына тақады.

- Бұл үй енді менікі. Ана орыс апаң үйді маған сатып кетті. Міне, қолы!

- Мүмкін емес...

Расында, шарт жасалған, астында Зина әжейдің аты-жөні мен қолы тұр.

- Жарайды, солай болсын дейік. Ал сен мені неге қуып тұрсың? Тым болмаса басқа пәтер тауып алғанша шыдамадың ба? – Ішімді осып өткен бір суық леп тұла бойымды шарпып, жүрегіме мұз қатырып жатқандай. Бірақ,сыр алдырмауға тырысып, әрең тұрмын.

- Сен маған осы үйді алу үшін керек болдың. Енді жолың ашық!

Бірнеше айдан бері ең жақыныма айналып, құдайдай сеніп жүрген адамымнан мынадай сөзді есту маған ауыр болды. Не болғанын түсінбесем де, одан жауап талап етпедім. Әрі-сәрі күйде, тістене жүріп заттарымды жинадым да, шығып кеттім.

Құдайға шүкір, әйтеуір далада қалмадым. Санжар Сәбитұлына қоңырау шалып едім, ол дереу таныстарынан сұрастырып, бір пәтер тауып берді. Сонда көшіп алдым.

Арада бір аптадай уақыт өткенде, мені жұмысқа бір орыс әйел іздеп келді.

- Мен Зина әженің туысымын. Ол кісінің үйіне барсам, есігі жабық. Сыртына «Үй сатылады» деп жазып қойыпты. Зина әжені таба алмай жүрмін. Көршілері соңғы уақытта онымен сіздің тұрғаныңызды айтып, жұмысыңыздың мекенжайын берді. Оның қайда екенін білмейсіз бе? – деді. Мен таң қалып, бар білгенімді айттым. Жаңағы әйел маған сенбегендей біртүрлі күмәнмен қарап, шығып кетті.

Тағы бірнеше күннен кейін мені милиция бөлімшесіне шақыртты. Ондағылар да менен Зина әжей туралы сұрап, ұзақ жауап алды. Оларға да білгенімді айттым. Сосын не болғанын сұрадым. Сөйтсем, осыдан бірер күн бұрын қала сыртындағы қоқыстың арасынан Зина әжейдің өлі денесін тауып алыпты. Шамасы, әлгі Еркін деген неме осындай жалғызілікті қарттарды қорқытып, үйін тартып алатын қарақшылардың бірі болса керек. Бірақ, онсыз да өлмелі кемпірдің жанын алудың қажеті не еді...

Қойшы, сонымен, мен де күдікті ретінде біраз тергеуге алынып, ақыры Санжар Сәбитұлының көмегімен ақталып шықтым...

 

***

Жанардың соңғы әңгімесінен кейін көп ойландым. Бір сәтсіздіктен кейін тағы бір сәтсіздік оған ауыр тигені анық. Бірақ, осы екі жағдайдың арасында бір байланыс бар сияқты. Осыны түсіндіру үшін Жанардың тағы да алдыма келуін асыға күттім. Ол да көп күттірмеді.

- Осы соңғы жағдайдан не түйдіңіз? – дедім ол әңгімесін әрі қарай жалғастырмас бұрын.

- Мен бұрын да айтқанмын. Мен айналама тек жамандық әкелетін адаммын. Бұл жолы жазықсыз кейуананың өмірімен қоштасуына себеп болдым. Мені бәрінен қатты қинайтыны осы...

- Дұрыс емес! – Жанар маған жалт қарады. Көзіндегі жан-жүрегін тілгілеген ауыр мұңды көріп, өзім қорқып кеттім. – Жанар, тағы да айтамын, өзіңізді кінәлауды қойыңыз. Бұл өмір, өкінішке орай, қараниетті адамдардан кенде емес. Сіз солардың бірінің құрығына түсіп қалдыңыз. Бар болғаны осы. Бірақ, сіздің кінәңіз барын да жоққа шығармаймын...

Жанардың тағы да жанын ауыртып алмас па екенмін деп, көзімнің астымен қарап қойдым. Ол енді басын төмен түсіріп, үнсіз ғана тыңдап отыр екен. Байқауымша, оған өзін ақтағаннан гөрі кінәлап сөйлеген көбірек «ұнайтын» сияқты. Өйткені, өзін «бар бақытсыздықтың бастауы – менмін»  дегенге әбден сендіріп тастағаны көрініп тұр.

- Айтайын дегенім, өміріңіздегі алғашқы сәтсіздік, яғни күйеуіңіздің сізді тастап кетуі сіздің түпкі санаңызда «еркектердің бәрі – сатқын, өтірікші» деген ой қалыптастырған сияқты. Әрине, сіз мұны өзіңіз мойындамауыңыз мүмкін. Себебі, сіз күйеуіңізді ақтап алу үшін өзіңізді жендет етіп көрсетуден тайынбайсыз. Бірақ, шын мәнінде, сіздің еркектерден қатты көңіліңіз қалған. Өміріңізде тағы бір «сатқынның» пайда болуы – сол түпкі ойыңызды дәлелдеу үшін өзіңіздің бейсаналы түрде шақырып алған нәрсеңіз. Бұл сізге түсініксіз көрінуі мүмкін. Дегенмен, ақиқаты сол, адамдар барлығын өз өміріне өздері шақырып алады. Қуанышты да, бақытты да. Ол туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Бірақ, әзірге айтарым, сіздің алғашқы жарыңызбен қарым-қатынасыңыз толық аяқталмай қалды. Араңызда шешілмеген мәселелер көп. Яғни, өткеніңіздің парағы толық жабылған жоқ. Сіз өткенмен қоштаспай, жаңа өмір бастауға тырыстыңыз. Бірақ, аяқталмаған нәрсенің әрдайым жалғасы болады. Мына екінші жағдай – сол алғашқы сәтсіздіктің жалғасы. Сіздің кінәңіз – сол алғашқы сәтсіздікті қабылдап, күйеуіңізді іштей босатпағаныңызда. Сіз оны кешіре алмадыңыз. Оны кешірмейінше сәтсіздіктер жалғаса беретін болады...

- Дұрыс айтасыз, - деді осы кезде Жанар. Енді бойын тіктеп алған оның көзінде бір нұр пайда болған сияқты. – Иә, солай болуы да мүмкін. Мен жанымды жаралаған адамдардың бәрін ақтап алуға тырысқаныммен, мына кеудемде ауыр бірдеңе қалып кете береді. Талай түндер бойы сол өмірімде болған адамдарды бірде ақтап, бірде аяусыз айыптап, арпалысумен өтемін. Шамасы, ешқайсысын кешіре алмаған болармын. Өмір бойы жолымның болмай келе жатқаны да содан болар...

 

***

- Сонымен, әрі қарай не болды?

- Құдайға шүкір, мен Алланың сүйген құлы шығармын. Басым қанша тасқа тисе де, әрдайым жанымда демеу болып, көмектесіп жүретін адамдар болды. Сондай «құтқарушы періштемнің» бірі – Санжар. Ол қандай жағдай болмасын менің жанымнан табылып, үнемі жылы сөзімен де, ісімен де маған қолдау көрсетіп отырды. Мені сәл болмағанда темір тордың ар жағына кетіп қалудан аман алып қалған соң, оған деген құрметім арта түсті. Ендігі жерде ол менің бастығым ғана емес, ең жақын досыма айналды. Басымнан өткен жағдайдан кейін қатты күйзеліп, өмірден безіп кеткім келгенде жанымнан кетпей, өз-өзіме келгенше бар көмегін аямады.

«Уақыт – емші» деген рас екен. Көп өтпей жұмысқа алданып, тағы да бәрін ұмыттым. Санжардың іскерлігінің арқасында фирмамыздың жұмысы алға басып, жағдайымыз да дұрыстала бастады. Екі жылдан кейін азырақ қаражат жинап, бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Пәтерден пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрудің қиындығын бастан өткергендер білер. Осы қиындықтан құтылғандағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сондықтан, жаңа қонысымды «жуып», таңға дейін тойлатқаным есімде.

Сол күні... шамасы көбірек сілтеп қойған болуым керек, мастықтың буымен бе, әлде, өзім соны қаладым ба, білмеймін..., бір сөзбен, таңертең Санжардың құшағында ояндым. Бірақ, шынымды айтайын, бұған түк те өкінген жоқпын. Бұл кезде маған одан жақын адам жоқ еді. Оған деген алып-ұшқан сезімім болмаса да, оны ер-азамат ретінде, дос ретінде қатты сыйлайтынмын, әрі өзімнен артық сенетінмін. Оның жанында өзімді алынбас қамалым бардай сезінетінмін. Онымен бар өмірімді бірге өткізуге дайын едім. Бірақ..., бірақ оның отбасы бар еді. Әйелі, үш баласы... Сол себепті ғана мен өзімді қатты жазғырумен, өз-өзімді іштей жазалаумен болдым. Бірақ, Санжардан бас тарта алмадым...

Осылай бір жарым жылдай бірге жүрдік. Оның отбасын тастамасы анық еді, әрі мен де оған жол бермес едім. Үш баласын жылатып, бақытты бола алмасымды жақсы түсіндім. Сондықтан, одан кетпек те болып көрдім. Бірақ, ол жібермеді. Әлде өзімнің кеткім келмеді ме... Әйтеуір, ақыр соңында әзірге осылай жүре бергенді дұрыс көрдім. Өйткені, менің мына өмірден күтер басқа ештеңем қалмаған еді...

Соңғы кездері Санжардың көңіл-күйі болмай жүргенін байқай бастадым. Себебін сұрап едім, ол: «Жай, бір жаңа жоба бастайын деп едім, соның есебін таба алмай, қиналып жүрмін», - деді де қойды. Ол қандай іс бастаса да, менімен ақылдаспай ештеңе істемейтін. Оның үстіне фирманың есепшісі болғандықтан, барлық жобаның қаржылық жағы маған байланысты. Сондықтан, бұл жолы маған ештеңе айтпай, бірдеңе ойластырып жүргеніне бір жағы ренжіп те қалдым, бір жағынан түсініксіздеу де болды. Соны дер кезінде анықтамағаныма әлі күнге өкінемін...

Бір күні жұмыста отыр едім, Санжардың үлкен ұлы қоңырау шалып, әкесінің қайтыс болғанын айтты да, тұтқаны тастай салды. Мен қазір не естігенімді ойыммен қорыта алмай, мәңгіріп отырып қалдым. «Қайтыс болғаны несі? Ол кеше іссапарға кеткен жоқ па еді? Жоқ, бұл мүмкін емес. Ол қазір қалада жоқ. Екі күннен кейін келемін деп кеткен. Жоқ, бұл жерде бір түсінбестік бар...». Деуін десем де, жүрегім өрекпіп, Санжардың үйіне жеткенше тынысым тарыла берді. Қала шетіндегі зәулім үйдің тұсына жақындай бергенімде, іштен шыққан зарлы дауысты естіп, төбе құйқам шымырлап кетті. «Жан жарым-ау, бізді тастап қайда кеттің, арысееем!!!»... Мына таныс дауысты естігенде, қорқынышымның шынға айналғанын түсініп, жерге отыра кеттім. Одан кейінгісі бұлыңғыр.

Бетіме су бүркіп, ішке кіргізген әйелдердің түр-түсін ажырата алмадым, әйтеуір, сол күні қаралы үйде қараңғы түскенше көзімнен бір тамшы жас та шықпай, мең-зең болып отырғанымды білемін. Тек адам аяғы басылып, үйде ең ет жақындары қалғанда ғана есімді жиып, есікке қарай бет алдым.

Сыртқы қақпаның алдында мені Санжардың әйелі тоқтатты.

– Мен сендер туралы бәрін білемін, – деді ол бірден. Менің жүрегім зырқ ете қалды. «Мынадай уақытта не қопсытқалы тұр мынау?». Бірақ, оның жайбарақат қалпы жүрегімді орнына түсіргендей. – Иә, білемін. Санжар маған өзі айтып берген. Басында жыладым, ажыраспақ та болдым. Бірақ, менің одан айырылғым келмеді. Ондай азамат екінің біріне бұйыра бермейді. Сенің де оған деген сезіміңді түсінуге болады. Сондықтан, бәріне көз жұмып қарауды ұйғардым. Кейін келе екеуіңнің араңдағы қарым-қатынастың көңілдестіктен гөрі жақсы достыққа көбірек ұқсайтынын түсіндім. Сенің күйеуімнің бизнесіне де, біздің отбасымызға да көп еңбегің сіңгенін білемін. Санжар да сені қатты сыйлады. Сондықтан, қаза үстінде бәрін кешірейік. Санжарым үшін менің саған өкпем жоғын айтқым келеді. Сен де разы бол! Аллам саған бақытты күндерін нәсіп етсін!

Осылай деп, ішке кіріп кеткен «күндесімнің» соңынан қарап тұрып қалыппын. Сене алар емеспін, ол маған қазір бақыт тіледі ме? Ал мен оны қанша уақыттан бері жек көріп келдім ғой! Оны біздің, Санжар екеуміздің арамыздағы ең үлкен кедергідей көруші едім. Ал ол... Осындай ауыр кезде де осылай кең пейіл таныта алатын періште ме еді...

 

***

Ертеңіне түні бойы жылағаннан көзім ісініп, бар денем езіліп тұрса да, қауырт жұмыс болған соң, амалсыз кеңсеге келдім. Мені мұнда екі адам күтіп отыр екен. «Милицияданбыз» деді. Санжардың соңғы рет кімдермен кездесіп, немен айналысқанын сұрады. Мен оның неден қайтыс болғанын сұрамағаным осы кезде ғана есіме түсті. Сөйтсем, оның жансыз денесі алдыңғы, іссапарға кеткен күні кешкісін қала сыртындағы тасжолдың бойынан табылыпты. Көлігі жанында, ақшасы, бағалы заттары ұрланбаған. Бірақ, өзін өлімші етіп соққыға жығып кеткен. Тергеушілер енді сол жұмбақ өлімге себеп болған жайды анықтап жүрген көрінеді...

Мен бар білгенімді айтып, тергеушілердің өтінішімен кабинетіндегі сейфін ашып көрсеттім. Сейфтегі құжаттардың бетінде, көрінетін жерде бір парақ қағаз жатыр екен. Онда мынадай сөздер жазылыпты: «Егер бұл хатты оқып отырсаңдар, демек, менің шаруамның біткені. Біраз уақыттан бері М....Қ.... деген біреу мені «отбасыңды құртамын» деп қорқытып, бизнесімді өз атына аударып беруімді талап етіп жүр. Бірақ, бұл фирмадан жалғыз мен емес, қаншама адам өз несібесін тауып отыр. Олардың бәріне обал жасай алмаймын. Бүгін басқаша келісім жасап көруге бел будым. Егер жолым болса жақсы, болмаса... Егер мен қайтып оралмасам, Жанар, фирманы сатуға қой. Отбасыма зияны тимесін. Түскен қаражаттың жартысы сенікі, оған сенің еңбегің әбден сіңді. Және... сен ешқашан мұңайма... Қош болыңдар!»...

 

***

Тағы бір түсініксіз өлім... Адамдардың ашкөздігінің тағы бір құрбаны... Қаншама күндер, қаншама түндер жанымды азапқа салып, әлі күнге ұмытылмай келе жатқан, Жарасымның қолымда жатып жантәсілім еткен соңғы сәттері көз алдымнан тағы бір көлбеңдеп өтті.

- Қылмыскерлер табылды ма?

Даусым жарықшақтанып шықты. Тамағыма келіп тіреліп қалған өксікті жұтқаныммен, даусымдағы дірілді баса алмадым. Соны сезді ме, Жанар ойымды оқығысы келгендей көзіме біраз қарап отырып қалды. Сосын мені өзінің әңгімесіне көңілі босап отыр деп түсінген болуы керек, бір жөткірініп алып, сөзін әрі қарай жалғастырды.

- Табылды. Өзім таптым...

- Сонда қалай?

- Санжардың соңғы өсиетімен фирманы сатуға шығару үшін құжаттарын дайындап жатқам. Сол күндердің бірінде кеңсеге Санжардың қайнысы Арсен келді. Әй-шәй жоқ, фирманы не істейтінімді сұрады. Мен сатуға қойғалы жатқанымды айттым.

- Ал сенің оны сатуға құқың бар ма? – деді ол. Санжар қайтыс болған соң, оның құқықтық мұрагері ретінде әйелі маған осы іске қатысты жұмыстардың бәрін реттеу үшін сенімхат берген болатын. Соны айттым. Арсен бір мырс етті де:

- Әпкем қайғыдан қан жұтып, не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Әйтпесе жездемнен қалған мұраны оның нақсүйеріне басқартып қоймас еді. Сен көп сөзді қой да, барлық құжатты менің атыма әзірле. Әпкем мен оның отбасына өзім қамқор боламын... А, иә, жездемнің жазып қалдырған бір хаты бар дей ме? Ол саған «фирманы сатқаннан түскен ақшаның жартысын өзің ал» депті ғой?! Оған иегің қышымай-ақ қойсын. Сен онсыз да жездемнің тапқанын сүлікше сорып, жағдайыңды жасап алдың. Енді менің айтқанымды істе де, мына жерден табаныңды жалтырат! – деді.

Осыны бұрыннан суқаным сүймейтін. Өзі еш жерде жұмыс істемейді. Санжардың үйінде жатып алып, соның тапқанын ішіп-жеп, талтаңдап жүрген біреу. Енді жездесі өмірден өткен соң, соның дүниесіне ие бола қалыпты.

- Қой, қарағым, бұл ойнайтын тірлік емес. Егер сенің бұл жұмысты игеріп кететініңе сенімді болсам, дәл қазір-ақ айтқаныңды істеп, бәрін қалдырып кетер едім. Бірақ, сен жатыпішер жалқау емессің бе? Бәрін бір-ақ сәтте құрдымға кетіріп, әпкеңді қара суға зар қылып қоярсың. Оның үстіне бұл жердің қазіргі заңды иесі әпкең емес пе? Мұны неге сол кісіге айтпайсың? Айтқан да шығарсың. Бірақ, оның сені бұл фирманың маңына да жолатпайтынына сенімдімін. Демек, әпкеңнің саған қарағанда ақылы бар екен. Енді кеңседен шық, менің жұмыс істеуім керек! – деп шорт кестім. Анау ызадан жарылардай болып түтігіп кетті. Сәл болмаса мені жұдырығымен салып жібергісі келіп тұрғандай. Осы сәт өз өмірім үшін алаңдай бастадым ба екен, мынаның сөздерін жазып алайын деген ой басыма сап ете қалды. Мен әртүрлі жиналыстардың хаттамасын жазу үшін жанымнан диктофонымды тастамайтынмын. Дереу байқатпай үстелдің астындағы сөреде тұрған диктофонның тетігін баса қойдым.

Арсен өзін әрең тежеп, жұдырығын түйіп алды да:

- Ертең барлық құжат менің атымда болуы керек. Әйтпесе..., - деп тістеніп тұрып қалды.

- Әйтпесе не, мені де Санжар сияқты жер жастандырасың ба?

Арсеннің жүзі бозарып кетті. Жұдырығы өз-өзінен жазылып, қолдары дірілдегендей болды ма, білмеймін.

- Сен... сен оны қайдан білесің?

- Білемін, өйткені, Санжар маған өлерінің алдында сенен күдіктеніп жүргенін айтқан. Мен бұл туралы әлі тергеушілерге айтқан жоқпын. Егер олар білсе не болатынын білесің ғой?! – Бұл сөздерді қайдан тауып алғанымды білмеймін, әйтеуір бір бастаған соң, соңына дейін жеткізейін деп ойладым.

Арсен орнынан атып тұрып, бөлме ішінде әрі-бері жүре бастады. Сосын менің үстеліме екі жұдырығын тіреп тұра қалды да:

- Бәрібір ештеңені дәлелдей алмайсың. Мен оны өз қолыммен өлтірген жоқпын. Әрі оған қоқан-лоққы көрсеткендер де басқа адамдар. Бірақ, оларды менің жібергенім рас. Неге бұлай істегенімді білесің бе? Өйткені, әпкем сенің жездеммен әмпей-жәмпей болып жүргеніңді білгеннен кейін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Қашан көрсең еңіреп жылайды да жүреді. Одан қалса бар ашуын менен алады. «Басыма масыл болдың» деп тиісетін болды. Бұрын ондайы жоқ еді. Маған «жұмыс тап, жездең бізді тастап кетсе, мен сені асырай алмаймын» дейтінді шығарды. Иә, жездем бізді сен үшін тастап кетуі мүмкін еді. Мейлі, кетсе кете берсін, қайта одан құтылғаным өзіме жақсы, өйткені ол да маған «жұмыс істе, әрекет қыл» деп күнде құлақ етімді жейтін. Бірақ, ол кетсе, дүниесінің бәрін сен иемденер едің. Ал мен бұған жол бере алмадым. Сондықтан, алдын алып, қорқытып болса да, бәрін өзіме аударып алайын деп ойладым. Ал ол көнгісі келмеді. Мені соңғы кездесуге өзі шақырды. Телефон соғып, хат жазып, қорқытып жүрген мен екенімді біліп қойыпты. Жалғыз барған жоқпын. Маған көмектесіп жүрген үш-төрт жігітті де ерте бардым. Оларға жездемнің фирмасына ие болған соң, көп ақша төлеуге уәде бергем. Бәрі жұмыссыз тентіреп жүрген жігіттер, бірден келісті. Жездем: «Саған басқа фирма ашып берейін, тірлігіңді жүргізуге өзім көмектесемін», - деді. Бірақ, ондай жұмыс менің қолымнан келмейтінін өзі де жақсы біледі ғой. Екі сағат отырып ақыл айтып, миымды шірітіп жіберді. Сосын ашуланып жағынан қойып қалдым. Ол да жұдырығымен періп жіберді. Мұны көріп, жанымдағы жігіттер жабылып кетті. Бір есімізді жиғанда оның қимылсыз жатқанын бір-ақ көрдік. Сосын... қашып кеттік. Бізді ол жерде ешкім көрген жоқ. Онда менің болғанымды ешкім де дәлелдей алмайды. Сен де... Осының бәрін полицияға айтамын деп әуре болмай-ақ қой. Сен бүгіннен қалмайсың. Енді сен бәрін білесің. Сені тірі қалдыра алмаймын. Кешке дейін иманыңды оқи бер!

Ішіндегі қорқыныштан ба, ызадан ба, басы қалтылдап кеткен Арсен өзін зорлағандай етіп ыржиды да, үстелімді алақанымен бір сарт еткізіп, бөлмеден шығып кетті. Ол кеткен соң мен дереу тергеушінің телефон нөмірін тердім. Жарты сағаттан кейін жеткен оған диктофондағы жазбаны тыңдаттым. Арсен сол күні тұтқындалды...

- Иә, расында, өміріңіз шым-шытырық детектив романдарынан бір де кем емес екен. Бірақ, Санжардың өліміне де өзіңізді кінәламайтын шығарсыз? Бұған сіздің қатысыңыз жоқ қой?

- Қалай қатысым жоқ? Сіз мені естімей отырсыз ба? Егер мен Санжармен көңіл қоспағанда, оның әйелі азап тартпас еді. Ал Арсен жездесіне кек сақтамас еді. Мен бір отбасының тыныштығын бұзып, екі бірдей азаматынан айырдым. Бұл аз ба?

- Жоқ, мен олай ойламас едім. Сіз бар болғаны ол отбасында бұрыннан қордаланып қалған тоғышарлық, ашкөздік пен зұлымдықтың сыртқа шығуына түрткі болдыңыз. Бұл сіздің қатысуыңызсыз да болуы мүмкін нәрсе еді... Айтпақшы, егер Санжар сізбен қарым-қатынасы туралы отбасына ашық айтса, демек, сізге деген көңілі шынайы болғаны ғой? Дін жолымен болса да некелесу ойларыңызда болмады ма?

- Иә, Санжар солай еткісі келген. Әйеліне де сол себепті айтқан болуы керек. Шариғатта екінші рет некеге тұру үшін бірінші әйелінің келісімі болуы шарт екен. Бірақ, үлгермеді...

- Білесіз бе, некесіз қарым-қатынастың өзі – күнә, тіпті ар алдында да, қоғам алдында да үлкен қылмыс. Ал кез-келген қылмыстың жазасы болатыны белгілі. Сіз сол жазаны іштей күтіп жүрген сияқтысыз. Сол себепті  Санжардың өліміне өзіңізді кінәлайсыз.

Шын мәнінде, Құдай жақсылық пен зұлымдықты қатар жаратқан. Сіздің әңгімеңізге қарағанда, Санжар еңбекқор, адал, әділ, қамқор азамат болған сияқты. Ол әйеліне ештеңе айтпай, сізбен жасырын кездесіп жүре берсе, бәрі жабулы күйінде қалар еді. Сіз де ештеңе талап еткен жоқсыз, солай ғой? Бірақ, ол бәрін өзіне қарсы қоярын білсе де, сізге әділетсіздік жасамау үшін Құдайдың алдында жүзін жарық еткісі келді. Бірақ, оның осы ақ ниетін қарау ниетті адамдар өз пайдасына жаратпақ болды.

Әрине, сіздің де кінәңіз жоқ дей алмаймын. Сіз үлкен күнә жасадыңыз. Бірақ, оның жалғыз себебі бар. Сіз ертеңге деген сеніміңізді жоғалттыңыз. Сондықтан, өзіңіздің құныңызды тым төмендетіп жібердіңіз. Сіз «енді маған не болса да бәрібір, Құдай салды, мен көндім» деп, бәрін өмір ағысына салып, жібере салдыңыз. Сіздің қателігіңіз, міне, осында. Егер өзіңізді титтей де болса бағалағаныңызда, ертеңгі бақытыңызға сенгенде, некесіз қатынасқа барып, күнә жасап, өзіңізді осыншалық қорлатпас едіңіз. Қаншама адамның алдында ақталып, жер болмас едіңіз. Осыншалық көз жасыңызды төгіп, өзіңізді жазғырмас едіңіз. Өзгелерден, айталық, Санжардың әйелінен кешірім күтіп, бір ауыз жылы сөзіне мәз болмас едіңіз. Турасын айтайын, Сізді Құдай емес, өзіңіз жазалап жатырсыз. Өйткені, «үмітсіз – шайтан» деген бар. Сіз ертеңге деген үмітіңізді жоғалтып, шайтанның арбауына ердіңіз. Нәтижесін көрдіңіз. Сондықтан, мұндай жағдай қайталанбауы үшін сізге ең алдымен еңсеңізді көтеріп, кеудеңіздегі үміт пен сенімді қайта ояту керек. Өйткені, Құдай да қайсар адамдарды жақсы көреді...

Камила Тілепова.

Жалғасы бар...

Байланысты жаналықтар

Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

31.03.2021

Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

29.03.2021

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

26.03.2021

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

25.03.2021
MalimBlocks
Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі