Танымал әнші Қарақат Әбілдина желідегі парақшасында өзіне таныс емес жандардың түрлі бағыттағы видеоларды жасап, халықты адастырып жатқанына наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қыдырәлі Болмановқа қатысты видео кеңінен тараған еді. Бұл видеода белгісіз бір ару мен Қыдырәлі Болмановқа ұқсас адамның құшақтасып тұрғанын, әбес әрекеттерге жол бергенін көруге болады. Осыдан кейін әншінің өзі "бұл не масқара?" деп жазба жариялаған. Мұнан кейін әншінің жұбайы Қарақат Әбілдина да осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
"Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы", – дейді Әл-Фараби. Бүгінде адамзат ақылды технологияның, соның ішінде жасанды интеллекттің жаңа дәуірінде өмір сүріп жатыр. Иә, заман талабы. Дамыған елдердің бәрі ІТ саласын өркендетіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатыр. Бірақ... Тәрбиесіз қолданылған білімнің салдары қандай екенін өз көзімізбен көріп отырмыз. Соңғы күндері біздің атымызға қатысты жасанды интеллектпен жасалған жалған видеолар жарық көрді. Көрген жанның төбе шашы тік тұрады. Адамды "өлтіріп", "түрмеге отырғызып", "арам қатынастарға түсті" деген бейнежазбалар санаулы сағаттың ішінде мыңдаған адамға тарап кетті. Бұл не? Хайп па, зұлымдық па, әлде технологияны дұрыс қолданбаудың салдары ма?
Білім бар, құрал бар. Бірақ тәрбие жоқ. Жасанды интеллекттің мүмкіндігін адамды қаралау, жала жабу, ар-намысына тию, өз мүддесі үшін қолдану тек қана бір адамға емес, тұтас қоғамға қауіп. Тәрбиесіз берілген білім қаруға айналады. Және ол қару кез келгенімізге бағытталуы мүмкін. Мұндай жалған контенттерге мемлекет тарапынан құқықтық тосқауыл қойылуы керек! Бұл постым жай ғана эмоция емес, адамдық құқықты, отбасылық абыройды қорғау. Сол үшін, технологиямен бірге тәрбие де қатар жүруі керек екенін естен шығармайық. Ал сіз осындай видеоларды көрсеңіз, қайсы жасанды, қайсы шынайы екенін ажырата аласыз ба?" – деп жазды Қарақат Әбілдина.